Мақала
Кинокейіпкер бейнесін ашудағы ым-ишараттың маңыздылығы
Мақала авторы ым-ишараттың кино өнерінің маңызды органикалық бөлігі болып табылатынын нақты мысалдар негізінде талдаулар жасап, дәйектеулер арқылы зердеге алған
Бөлім: Кино
Датасы: 04.12.2016
Авторы: Ержан Жұмабеков
Мақала
Кинокейіпкер бейнесін ашудағы ым-ишараттың маңыздылығы
Мақала авторы ым-ишараттың кино өнерінің маңызды органикалық бөлігі болып табылатынын нақты мысалдар негізінде талдаулар жасап, дәйектеулер арқылы зердеге алған
Бөлім: Кино
Датасы: 04.12.2016
Авторы: Ержан Жұмабеков
Кинокейіпкер бейнесін ашудағы ым-ишараттың маңыздылығы

Адам эмоциясының, демек, тұлғаның ішкі сезімінің сыртқы пішінделуінің түрлері көп. Мәселен, бейнелеу өнерінде сурет, портрет, мүсін арқылы, ал театр мен кинода ым мен ишарат, пантомима немесе маска арқылы іске асады. Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы – ым-ишарат. Себебі,  ым-ишарат адамның вербалды емес байланыс әрекеті, яғни, дененің, дене бөліктерінің немесе дененің мағыналы тұрақты қалпы арқылы адамның ішкі жан дүниесінің, оның ойы (тілектері) мен эмоцияларының нақты көрсеткіші болып табылады.

Актер ойынындағы ым-ишарат жайында айтар болсақ, пластика жүйесіне жататын ым мен ишара экран кейіпкерінің көркем бейнесі арқылы көрерменге әсер ететін бірден-бір элемент болып табылады. Сахнадағы актер мен көрермендерден бөліп тұратын қашықтық актерге ым-ишаратты күшейтуге мәжбүрлейді, яғни, ым-ишарат көрерменге көрініп тұруы тиіс. Сондай-ақ, мұндай күшейтулер кезінде актерлердің ым-ишараты шынайылықтан мүлде алшақтап кетпеуі тиіс. Бұл жердегі ым-ишарат сахнадағы әңгімелесуші мен көрермендерге дейінгі екі бағытта іске асады.

Десек те, сахнадағы және өмірдегі ым-ишаратты бағдарлау түрлі себептер мен жағдайлардың салдарынан жүргізіледі. Бұл жайлы К.С.Станиславский [1, 38 б.] артист техникасы жайлы жазбасында былай жазады: «Әртістің техникасы – саналы. Техника ішкі және сыртқы, яғни, рухани және физикалық болады. Ішкі техника әсерленудің шығармашылық үдерісінің өршуіне бағытталса, сыртқы техника дауыспен, дыбыс ырғағымен, ыммен және артисттің бүкіл дене мүшелерінің көмегі арқылы әсерленуді шынайы, әрі әдемі көрсете білуіне бағытталған. Әдемі пластика үйлесімді және байсалды әсерленудің нәтижесі болуы керек».

Кино актерге, режиссерге, суретшіге, композиторға, т.б. киноны жасайтын мамандардың бәріне өзіндік талаптарын енгізді. Кино үшін театр өзіндік мүмкіндіктерге жетудің, өз тілін өңдеудің, дербес өнерге айналу жолындағы ұлы мектеп болды. Кинематографияның алғаш пайда болған дыбыссыз кезеңінде экран өнері де асыра сілтеп кең шалқыған, сілкінген ишаратты талап етеді деп саналған. Кейін экрандағы актерлік ишарат кейіпкердің жүріс-тұрысы, оның мінезі мен әлеуметтік түр ерекшелігіне сәйкес келуі қажет екендігі анықталды.

Кинодағы ірі план бет-бейненің байқаусыз қимылдарының көрерменге көрнекті көрінуіне және киноактердің театр сахнасында қолданатын ым-ишараттарынан арылуына мүмкіндік берді. Себебі, кинокамера адамның бетіне жақындап, ұсақ мимикалық өңдерді анық көрсете алады. Көрермен актер-кейіпкердің кез келген жерінің үлкейтілген нұсқасын көреді. Француз сыншысы Вайсфельд И.В. айтпақшы: [2, 169 б.] «Актер – үлкен залдағы кішкентай бас, киноактер – кішкентай залдағы үлкен бас». Театр – тек үнсіздікпен бейнелейтін нәрсені, дыбыссыз экран – адам бейнесінің шексіз түрлілігімен толтырады. Дыбыссыз кинода ым-ишараның қолданылуы үнсіз сөздің орнын басты. Дыбысты кинода ым-ишара сөзді толықтырды, шырайын келтіріп, кейде орнын басты.

Жарық, ракурс, план ірілігі арқылы оператор бет-бейне қозғалысының көрініп тұруына ғана әсер етіп қоймай, рөлдің образдық мәнінің нақты берілуін қадағалайды. Заманауи және кең форматты фильмдерде актер тек ірі пландар арқылы ғана көрсетілмейді. Егер өмірде ым-ишара адамның шынайы ішкі сезімінің сыртқы көрінісі болса, экран мен сахнада саналы түрде және актердің талантына, өз кейіпкерін сезіне білуіне, оның кәсіби шеберлігіне байланысты орындалады.

Ым-ишарат адам танымының құралы ретінде өнердің кейбір түрлерінде кеңінен қолданылды. Мәселен, әдебиетте ым мен ишара оқиғаны пластикалық суреттеудің көркемдік құралы болса, театрда ым мен ишарат жоғарыда айтып өткенімдей екі бағытта дамиды: сахна үстіндегі әңгімелесуші мен көрермендер арасында. Актердің ым-ишарасы эстетикалық мәнге ие. Себебі, актердің ішкі техникасы шығармашылық толқуға бағытталса, сыртқы техникасы – дауыстың, екпіннің, мимиканың және ым, ишараттың көмегімен толқынысты шынайы, әдемі жеткізе білуі. Ым-ишарат ереже бойынша сөзді емес, сезімді жеткізеді. Ал, кинода актерлік ишара экран кейіпкерінің логикасы мен мінез ерекшеліктеріне сәйкес келуі керек.

Сондай-ақ, ым-ишарат өнер зерттеушілері мен қайраткерлерінің де қызығушылығын тудырды. Ю.Г. Цивьян [3, 34 б.] түрлі өнердегі ым мен ишарат теориясында жаңа «карпалистика» атты термин енгізіп, адамдың қатынас кезіндегі дене қимылдарының жиынтығына «кинесика» деген атау берді. Екеуі де ұқсас материалда жұмыс істейді, бірақ кинесика – шынайы өмірдегі ым-ишарат қимылдарына, ал карпалистика – өнерде ойналатын ым-ишараның рөліне аса назар аударады. Екеуін де паралингвистика ғылымынан бөлек қарастырылатын, өнерден өзге, психология, философия ғылымдарының бір бөлігі ретінде кеңінен зерттелуде.

Ал, кинематография ғылымында түрлі ым мен ишараның орны мен маңызын түсіну үшін типологиялық түрлерге бөлу ыңғайлы. Мысал ретінде айтатын болсақ, ым мен ишара таңбасыз (ырғақты, эмоциялық) және таңбалы (бейнелеу) болып бөлінеді. Ырғақты ишарат екпінмен, сөз қарқыны, артикуляция жылдамдығына қатысты. Ал, эмоциялық ишараттың көмегімен көлемді мәнерлілік, лексикалық ақпараттың бейнелілігі көрінеді. Ым мен қимыл сөйлеген сөздің эмоциясын көрсетіп, әсіресе өнер туындысын қабылдауға әсер етеді. Бейнелеу ишаратында шынайы прототип болады, ол ым-ишараның ерекшелігін жеткізуге тырысады.

Адамның эмоциялық жағдайын ым-ишарат арқылы беру кезінде адамның бет бөліктерін іске қосылады. Ол кейбір кездері қаспен көрінеді. Көбінесе қаспен бірге көңіл-күйді беру үшін беттің басқа да бөліктері қатысады. Қастың қозғалысы әртүрлі. Олар төмен түсіп, қозғалып, көтеріле алады. Қастар бірдей немесе бөлек, ойнақылана тез және ақырын түйіле алады. Осыған байланысты қастың бөлек қозғалысы затты немесе адамды ымдап көрсете алады. Ашудың, қауіптің, жиіркеніштің әсеріне қастар қозғалып, маңдайда көлденең әжім пайда болады.

Театрда және кинода актер немесе гримдеуші қастың формасын сызады. Ол кейіпкер мінезінің кейбір нақты келбетін көрсетеді. Мысалы, қалың, қара қас мінездің қаттылығын берсе, жіңішке, жоғары доғадағы қас ақкөңіл, таңданысты келбеттің бейнесі.

Кейіпкер бейнесін жасауда басты мән беруші – көз. Көз – адамның ішкі жағдайын көлемді және толықтай әсерлі күшпен бере алады. Кейіпкердің ойы мен сезімін бере отырып, көз әлеуметтік типті және мінезді жасауда маңызды элемент болып табылады.

Көз мәнерінің түрлері шексіз. Көз қысу – қабақ қозғалысымен белгі беру, яғни, «айтып қойма», «аузыңнан шығып кетпесін» дегенді білдіреді. Әдетте бұл белгіні сыбайластар, жақын адамдар, белгілі бір ортақ жағдайды түсінетіндер қолданады. Көз қысу түрлі ақпараттар беруі мүмкін. Ол қатынастың қатысушылары қандай мағына бекітетініне байланысты. Немесе «көзін адырайту» және «тесіліп қарау» секілді көзбен берілетін эмоциялар ашу, ызаны көрсетеді.

Шындықты еріксіз көрсету – таңдану болып табылады. Ол көзде тек көз емес, қас та, ауыз да қатысады. Таңдану кезінде көз дөңгеленіп және қозғалыссыз қалады, қас көтеріледі де жарты шеңбер формасына келеді, ауыз жартылай ашылады.

Актердің көзі – мимиканың бейнелеу құралдарының орталығы ғана. Көздің мәнерлілігін сөзсіз оған қоса салуға болмайды, ол қастың, қабақтың және мұрынның қозғалуымен байланысты. К.Станиславский актердің ымдап жеткізе білу қасиетін ерекше бағалаған. Мәселен, мұрын бұлшықеттері әдетте аз қозғалады, бірақ айналадағы кешенде қозғалысты бұлшықет, олар да жақтыртпау, жек көру, жиіркену секілді келбеттегі нақты бейнелерді береді.

Психологиялық тұжырымдарға сүйенсек, эмоцияны шынайы көрсететін ең басты адам мүшесі – ауыз. Егер ауыз таңдануды, жиіркенішті, қайғыруды немесе қуанышты көрсететін болса, адамның бет-бейнесі сәйкесінше пішінді қабылдайды. Психологтардың түсіндіруінше, ауыз бұлшықеттерінің жөнсіз реттелуі көз бұлшықеттерінің реттелуіне қарағанда маңызды және жетілген.

Сынға алынған белгілі бір адамның мінезіне сәйкес эмоциялық жағдайда ауыз әртүрлі болып ашылуы мүмкін және қорқыныш, шектен тыс таңдану, масаттану да әртүрлі берілуі мүмкін. Сол сияқты қатты қысылған еріндер – өркөкіректікті, тұйықтықты, бірбеткейлікті, қатігездікті көрсете алады.

Сезімді көрсетуде және оны сөзбен жетелеу кезінде болатын көптеген күлкінің, кекесін, күлімсіреудің көптеген түрлері бар. Мысалы, ерінді тыжырына қисайту – келіспеушілік мимикасын, біреуді немесе біреудің әрекетін кеміткен қатынасты білдіреді.

Шынында да, әрбір әрекет өзінше ерекше. Әрекеттің эмоционалды бояуы мимикада айқын ашылады: адамның бетінде қуаныш пен қайғының, абдырау мен таңданыстың, құмарлық немесе жиіркеніштің белгілері оңай көрінеді. Сонымен қатар, келбеттің сол көрінуі белгілі бір мәтіннің жалғасы бола алады. Бұл актердің экрандағы мәнерлілігінің ерекшелігін зерттеуден білеміз. Кеңінен танылған «Кулешов эффектісінде» XX ғасырдағы танымал актер И.Мозжухиннің бір ғана бейтарап планын түрлі мағыналы кадрлермен алмастыру арқылы бірде аштық, бірде жиіркеніш, бірде елжіреген бейнелерді көрсеткен Кулешов, монтаж арқылы көрермендерді актер «ойынына» тәнті етті.

Экрандағы әрекетті дұрыс түсіну үшін көрермен қатынастық кодтардың жиынтығын меңгеруі керек. Кейде ол бейсаналы түрде іске асып жатады. Өмірлік тәжірибе жинау, елестету, адам сезімін қабылдай білу, ым-ишараттардың алмасуы экраннан келіп жатқан ақпараттарды түсінуді қамтамасыз етеді.

Көрермен өз тәжірибесінде тікелей анықтай алмайтын дене қимылы арқылы іске асатын немесе мәдени ым-ишараттар болады. Кинематографияның кеңінен таралған типологиясы да осының негізінде жасалған: актер болжаммен, күтілген ишарамен ойнаса – онда ол коммерциялық кинематограф (Голливуд, Болливуд т.б.), ал егер актер көрерменге белгісіз болжамсыз, кездейсоқ ишаратпен ойнаса – ол аваргардттық немесе авторлық кино (сюрреализм, тәуелсіз кино, неореализм, «жаңа толқын»).

Кракауэрдің «Фильм табиғаты» («Theory of Film. The Redemption of Physical Reality», 1960) [4, 45 б.] еңбегінде кадрдағы актерлер былай жіктеледі: Мүлде ойнамайтын – актер емес, бірақ кадрда шынайы ойнайтын актер – кәсіби актер емес. Актер еместерді әлеуметтік бағыттағы фильмдерде сол жағдайға төселген шынайылығы мен сыртқы түрінің типтілігі үшін таңдайды.

Голливудтық «жұлдыз» – бір амплуадан шыққан, соны шынайы бейнелейтін актер. Бұл амплуа актердің нағыз мінезіне сәйкес келуі мүмкін, бірақ, кәсіби емес актермен салыстырғанда голливудтық актер жеке сезімі мен мінез құлқын шынайы бейнелеп бере алады. Кәсіби актер – кез келген амплуаларда түрлі кейіпке ене алатын актер.

Фильмнің жанрлық табиғатына ерекше назар аудара отырып, драмаға ұстамды, мағыналы, бейнелі ым-ишарат, мимика тән екенін байқауға болады. Ал, комедия жанрына буффонада, клоунада, эксцентрика тән, көпқырлы, динамикалық, көлемді эмоциялар мен сезімдер шоғыры жиналған. Ары қарай ым-ишаратты басқа ракурста, мысалы кейіпкер бейнесінің құрылуы жағынан, жыныстық, жастық, әлеуметтік, психологиялық мінездемелеріне сай ажыратуға болады. Кейіпкерлерді әйелдер және ерлер деп бөліп қарастыра отырып әйелдерге сезімнің нәзіктігі, қозғалыстардың икемділігі басым екенін, ал ерлерде әрекет пен оның орындалуы нақты көрінетінін байқаймыз.

Аталмыш мақаламызды түйіндей келе, ым-ишара – кейіпкерді жасау кезінде маңызды рөл ойнайтын актердің санасы мен еркіне байланысты дене қимылдары деген тұжырымға келдік. Ым-ишарат қосымша вербалды ақпарат бере алатыны үшін маңызды. Сондай-ақ оның пайда болуына түрлі сыртқы және ішкі жағдайлар, яғни, сән үлгісі, эмоциялық ақпараттар және т.б. әсер етеді. Адам денесі өзіне бағынышты, ал дене мүшелері дербес (оны бөлек ірі планмен көрсетуге болады). Кино – дене қимылы арқылы көрінетін, саналы, бейсаналық жан қозғалыстарын бейнелейтін бірден бір құрал.

Қолданылған материалдар:

  1. Станиславский К.С. Собр.соч. Т.3. М. 1959.
  2. Вайсфелд И.В. Кино как вид искусства, М.: Знание, 1983.
  3. Цивьян Ю.Г. Над поступках к карпалистике. М.: 2010.
  4. Кракауэр З. Природа фильма. М. 1974.