Психологизмге толы терең философиялық мағынаға ие бұл туындыда адам өмірінде орын алатын рухани жəне материалдық құндылықтардың өзара қақтығыстары түрлі символдар мен метафоралар арқылы бейнеленген. Фильмдегі негізгі кейіпкер – бақытсыздыққа толы өмірден жалығып, түсініспеушілік пен жалғыздықтан жабыққан Тимур есімді жас жігіт. Нәпсі құмарлыққа беріліп, тура жолдан тайған ол – жер мен көктің арасында қалықтап тұрып қалған бұлт тәрізді. Арымен арпалысқа түскен оның ендігі тағдыры қалай болатыны өз бойындағы жақсы және жаман қасиеттерінің қайсысы басым болып шығатынына байланысты...
Техникалық жағынан жоғары деңгейде орындалған фильм идеясымен де, мазмұнымен де көңіл қуантты. Өйткені заманауи компьютерлік әрлеулердің көмегіне сүйене отырып түсірілген туындыдағы тылсым күш иелерінің келбеттері жақсы деңгейде орындалған грим арқылы нанымды берілсе, суретшісінің қиялынан туындаған декорациялар мен ұтымды композициялық шешімдер көрермен тарапынан жақсы бағасын алды. Сондай-ақ, басымдылықты ірі және орта пландарға беріп, кейіпкер мінезін камера көзі арқылы зерттеуге тырысқан кинооператор Ескендір Нарымбетов те әрбір детальді қалт жібермей, өзіндік түсіру мәнерімен ерекшеленді. Осы ретте Urban fantasy жанрында түсірілген «Шатырдағы бұлт» фильмі соңғы жылдары қазақ көрерменін жалықтыра бастаған арзан әзілдерге толы отандық комедиялардың арасында ерекшеленіп, көптен күткен сапалы киноның алғашқы лебі болып келгендей әсерге бөледі.
Фильмнің сценарий авторы және режиссері Әли Шер Сүлейменнің өзінен бастап, туындының түсірілім тобының басым бөлігі дебютанттардан құралған. Осы ретте үлкен киноға алғаш қадам басқан актерлік құрам да алдарына қойылған міндеттерді кәсіби деңгейде атқарып шыққан. Бұл тұрғыда фильмдегі негізгі кейіпкерді сомдаған Диас Әзімжан да актерлік тәжірибесінің жоқтығына қарамастан, нанымды ойыны арқылы көрерменді сүйсіндіретін шынайы бейне жасады.
Кинодағы музыканың атқаратын рөлі өте маңызды. Себебі, музыка тілі арқылы кейіпкердің ішкі әлеміне еніп, тек өзіне ғана мәлім көңіл күйін сезінуге мүмкіндік аламыз. Осы ретте фильмде пайдаланылған әуендердің жәй фон ретінде қолданумен шектелмей, баяндалып отырған оқиға желісіне өзіндік атмосфера беріп отырғандығы сезіледі. Алайда, «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояпты» демекші, оның фильмнің басынан аяғына дейін дамылсыз ойнауы – көрермен қауымды кино емес, ұзақтығы бір жарым сағатқа созылған әлеуметтік ролик тамашалап отырғандай сезімде қалырды.
Сонымен қатар, кинотуындының драматургиялық ансамбльінде толық ашылмай қалған қосалқы кейіпкерлер (Joker, шар сатушы, т.б.) мен әр кадрда орын алатын белгілер мен метафоралардың шектен тыс пайдаланылуы оқиға желісін қабылдауды қиындатып, көрермен зейінінің шашыраңқылығына алып келді. Сондай-ақ, тақырыптың тереңдей түсуіне еш ықпалын тигізбейтін кейбір сахналардың (клуб ішіндегі, шатырдағы) негізсіз ұзақ көрсетілуі – қазақ киногерлерінің әлі күнге дейін монтаж режиссерлерімен жұмыс жасап үйренбегендіктерінің өкінішті көрінісі.
Фильмнің толыққанды дубляждануының пайдасына қарағанда кері әсері басымдау болып, көрермен қауым отандық төл туындымызды емес, аударылған шетел фильмін көріп отырғандай түсініксіз сезімге бөленді. Осы ретте 99% орысша түсірілген фильмге ұзақтығы ары кетсе 2 минут созылатын қазақша диалогтың қажеті де шамалы еді (Тимурдың әйелімен сөйлесіп отырған сәті). Өйткені актрисаның айтып отырған сөзі мен ернінің қозғалуының үйлеспеуі және кадр сыртындағы дауыстың қазақшасының тым жасанды болуы құлаққа тұрпайы естіліп, туған тілін жетік меңгерген көрерменнің оқиғаны қабылдауына кері әсерін тигізгені хақ.
Ойымыздың тоқетерін айтқанда, ақ пен қараның тайталасы мен жарық пен түнектің арпалысын фильмнің өзегіне ала отырып, жақсылық пен жамандықтың айқасы мен ізгілік пен зұлымдықтың майданын көрсетуді көздеген Әли Шер Сүлейменнің бағытталған аудиториясын нақтыламаған бұл туындысы көрермен қауымды екі ұдайлы ойға қалдырды. Біріншіден, ересек көрермен үшін бұндай жанрдағы фильмдер асқан қызығушылық тудырады дегенге күмәніміз бар. Екіншіден, оқиға желісі ArtCinema туындылары іспеттес философиялық ойларға толы, динамикасыз болып шыққан фильм жасөспірімдер үшін мазмұны тұрғысынан тым күрделі.