Фильмнің түсірілу барысы
Елзат Ескендір, режиссер: Оралхан Бөкейдің «Өліара» шығармасын мектепте жүрген кезімде оқып, содан әсер қалып қойды. Шығарма өз алдына бөлек көркем дүние. Менде «Оралханды түсіремін» - деген ой болған жоқ. Осы тақырыпта фильм түсіруіме түрткі болды десем болады. Өз ойымды жеткізуде шығармаға арқа сүйедім. Менің мақсатым адамдарды ойландыру, кішкентай болса да ар – ұятын түрту, ояту болды. Негізі, бұл фильм осыдан екі жыл бұрын түсіріліп, дайын болған болатын. Алайда, көрермендерге және кинофестивальдерге осы жылы ғана жол тартып отыр. Өйткені, біз фильмнің фестивальге қатысу жолын ұзақ күттік. Мен автор ретінде жұмысымның бірден жоғарғы кластағы фестивальдерге қатысқанын қаладым. Сол себепті, бірнеше фестивальдерден келген шақыртулардан бас тартуыма тура келді. Еш жерде көрсетілмеген фильмім Бусан кинофестивалінің талабына сай келіп, қатысуға мүмкіндік алды. Өзіміз күткендей нәтижесінде жүлделі оралдық.
Сценарий жазуға жеті ай уақыт кетті. Өйткені, мен әрбір мизансценаны, тіпті операторлық жұмыстың өзін сценарийде жіті жазылуын қадағаладым. Өміржан екеуміздің бірлесуімізбен сценарий жазылып біткен соң, он күн ішінде түсіру жұмыстарын бітірдік. Екі айда техникалық өңдеуді аяқтадық. Дыбысқа мазмұндық жағынан қатты басымдық берген жоқпыз. Шуылдардың (шум) өмірдегідей шынайы шыққанын қаладық.
Өміржан Әбдіхалықұлы, сценарий авторы: «Өліара» кинодағы жазған алғашқы еңбегім. Осыған дейін де Елзат екеуміз кино, әдебиет туралы ойларымызды ортаға салып жүретінбіз. Фильмнің қалай болу керектігі жайында оның айтқан ойы мен менің пікірім бір жерден шыққан соң, осындай туынды дүниеге келді. Бұл кинодағы алғашқы қадамым болғанмен де, мені үнемі кино және әдебиеттің мәселелері толғандырады. Менің ойымша, қазақстандық киноны сыртқы және ішкі мазмұнға құрылған кино деп екіге бөліп қарастырсақ болады. Сыртқы мазмұнға құрылған киноға прокатқа шығару жолдарын алдыңғы орынға қоятын, бір реттік эмоцияны оятып, одан кейін ұмытылып кететін фильмдер қатарын жатқызсақ болады. Ал, ішкі мазмұнға құрылған фильмдер сіздің жаныңызға тасталған дән сияқты. Дәннің өніп, өскені секілді адамға ой тастап, ұғынған нәрсесімен көзқарасын деңгейлейді. Сіз қай жағынан қарайсыз, қай қырынан бағамдайсыз - өзіңіз білесіз. Осы тұрғыдан, көрермендерде де мәселе бар. Фильмді көре алу дегеннің өзі үлкен мәдениет. Көрермен ойлануға ерінеді. Еуропалық елдерде Гарсия айтқан «идеяны бүркеу» деген ұғым бар. Посткеңестік елдерде керісінше бәрін ашық түрде айтқанды қалайды. Біздің көрермендер осыған үйренген. Қарапайым тілмен айтқанда, халықты «шайнап бергенді жұта салуға» дағдыландырған. Бұл біздің әдебиетте те үлкен мәселе болып тұр.
Актерлік құрам
Елзат Ескендір, режиссер: Актерларды іріктеу кезінде ересек кейіпкерлерді таңдау қиындық тудырған жоқ. Баян Қажынәбиеваны театрда қызмет етіп жүрген актриса ретінде бұрыннан танитынмын. Бірінші болып рөлге сол бекітілді. Бірнеше актердың ішінен Дулыға Ақмолдаға тоқталдым. Ең қиыны бала рөліне адам табу болды. Түсірілімге қолайлы жер аралап, натура іздеп жүрген кезімізде Райымбек ауданында 8-сыныпта оқитын Мақсат Әбдірахманды таңдадық.
Дәурен Дариябек, продюсер: «Адамның көзінен жүрек іздеймін, жүрегінен көз іздеймін» - деп режиссер Сатыбалды Нарымбетов ағамыз айтпақшы, Мақсаттың көзі ұнаған болу керек. Оның көзінің тұңғиықтығы, жалпы фактурасы осы рөлге келіп тұрған соң, таңдау осы балаға түсті.
Мақсат Әбдірахман, актер: Киноға түсу мен ойлағандай оңай шаруа емес екен. Киноға түспес бұрын «Актер болу оңай ғой, ойнай саласың» - деп ойлаушы едім. Бойыңнан өнер шығару қиын нәрсе екен. Маған рөлді алып шығу өте қиын болды.
Дулыға Ақмолда, актер: Өз басым фильмді бастан-аяқ бірінші рет көрдім. Көрермен ретінде пікірім «Өліара» деген атының өзі ойландырарлық екен. Төрт кейіпкердің де жан-дүниесі өліара кезеңінде жүр. Өзім ойнаған электрик жігіттің әйелі ауру, бала-шағасы қараусыз. Нәпсінің соңында кәрі бақташының жас әйелін айналшықтап жүрген ол - өліара шақта. Фильм түсірілу кезінде жүктелген міндеттерімді толық орындадым десем де, сценарий бойынша екіұшты қалдыруға тиісті болған тұстардың мәнін енді түсініп жатырмын. Режиссер айтып өткендей, қысқаметрлі фильмнің құдіреті де сол, көрерменге құпия тастап отыру керек. Әрі қарай, көрермен өз бағамымен түсініп алады. Менің кейіпкерім бүлдіріп те, бүлдірмей де кетуі мүмкін. Менің үйден ашулы шығуым, есікті қатты жабуым өз ойын іске асыра алмай кеткен адамның әрекетіне ұқсайды. Сондай ойда отырғанда, бала есікті ашып қалады. Алайда, әйел еденге төгілген сүтті тазалап отыр. Бұған қарасаң керісінше екеуінің арасында ойға алған нәрсе болған сияқты. Міне, режиссер мен сценарий авторының шеберлігі, көрерменді ойлануға итермейлейді.
Елзатпен жұмыс істеген он күн ішінде бұрыннан біліс адамдарша бір-бірімізді түсінісе алдық. Жетіспей жатқан тұстарымды ол, келіспей жатқан жерлерім болса мен ойымды айтып, топ болып барлығымыз жақсы қарым-қатынаста жұмыс істедік. Өзіңмен пікірлес, ойы шамалас адамдармен жұмыс істеудің өзі кәсіби өнер тудыруда үлкен маңызға ие.
Баян Қажынәбиева, актриса: «Әйелі күйеуіне опасыздық жасады ма, жоқ па?» - деген сұрақ көрермендер тарапынан көп қойылды деп жатыр ғой. Мен де түсірілім кезінде бұл сұрақты қойған болатынмын, бірақ режиссер оған жауап берген жоқ. Дегенмен, менің ойымша, мәселе ол ойды іске асыру, асырмауда емес. Әйел бәрібір ойында сатқындыққа барып отыр. Бұл жерде өзінің арының алдындағы, жарының алдындағы адалдығы маңызды.
Қоюшы-суретшінің фильмдегі еңбегі
Айдар Әлімбаев, қоюшы суретші: Бұл менің кинодағы дебюттік жұмысым болып табылады. Осы фильмде жұмыс істеу арқылы түсінгенім, ұлы орыс суретшісі айтқандай, «сен өнерде әрқашан шәкірт болып қала береді екенсін». Қанша жерден мықты сарапшы болғаныңмен, істеген еңбегіңнің тоқсан пайызы қате болып шығады. Бұл дегеніңіз, қателік жасаған сайын, шыңдала түсесің деген сөз. Әр картинада біліміңнен гөрі нюанстар көп болады. Жасаған нәрселерің жаңалық ашуы да мүмкін. Маған символдармен жұмыс істеген ұнайды. Мысалы, шал мен электриктің сөйлескен сәттегі, артқы планда тұрған қарақшыны (чучело) алып қарастырайық. Менің функциям қорқыту мақсатында немесе композиция заңдылығы ретінде бос жерді декороциямен толтыру емес, мен оны қара дақтың символы етіп алдым. Бұл символ диалог арасындағы жағымсыздықты тудырып тұрды. Тағы бір кадр, әйел бұлақтан су алып келе жатқанда бос тұрған электр бағандарының жанынан өтеді. Демек, жарықтың әзір келмейтінгінін белгісі.
Әйелдің айнадағы көрінісінде балта, жаңқа, самаурын – жылулығы жоқ, салқын өмірді білдірсе, бір жағы ескі тұрмысты сипаттайды: Сен өмір сүру үшін ағашты кесуің керек, самаурынды қайнатуың керек. Қалғандары оператор мен режисердің қойғаны болды. Кейбір нәрселер кенеттен туып қалуы мүмкін. Дегенмен, көп жағдайда кадрда детальдарды ойната алу оператордың жұмысы. Режиссер екеуі бәрін орын-орнына қойып шығады. Себебі, кинода суретші техникалық сәттерді шеше алмайды. Ол тек атмосфера тудыруға тырысады. Киноны визуал деп қабылдаймын. Көресің, барлық нәрсе түсінікті. Сөздің де қажеті жоқ. Мына картина да сол сөзді қажет етпейді. Бұл дегеніміз, кейіпкерлердің көзқарасын, бүкіл кадрды түгелімен және детальді түрде ұстай алу.
Фильмнің тағдыры продюсердің қолында немесе отандық қысқаметрлі фильмдерге қолдау көрсетудің маңызы
Дәурен Дариябек, продюсер: Продюсердің негізгі жұмысы фильм түсіріліп біткеннен кейін басталады. Оның міндеті тек ақша есептеу, айналдыру емес. Біздің ұстанымымыз өзімізді фестивальдерде дәлелдеп барып, көрерменге көрсету болды. Егер фильмді бірден жалпы аудиторияға көрсетіп тастаған болсақ, тағдыры кесілген болар еді. Ал, кинофестивальдерге қатысу үшін шет елдермен байланыс жақсы болу керек. Бұл тұрғыдан бізге Дәрия Азимова мен Германияда қазақстандық үлкен жобалармен жұмыс істеп жүрген Анна Вильгельми көмектесті. Фильмді КАНН кинофестивалінде конкурс кезінде әркімдерге тарату арқылы Бусанға жеткіздік. Көрдіңіздер ме? Бұл - Қазақстанда продюсерлік мектептің әлі толық қалыптаспағандығын көрсетеді. Мен жеке, жұмысын жаңа бастаған продюсер ретінде шет елдік фестивальдерге жіберуге жалғыз өзімнің шамам келмес еді. Байланыстарды неғұрлым көбейткен сайын, соғұрлым отандық өнімдердің фестивальдерге қатысу көрсеткіші артар еді.
Елзат Ескендір, режиссер: Мен көрермендерге фестиваль арқылы жол тапқым келеді. Егер, мен фильмімді интернет желісіне салып, басқалай жолдар арқылы таратып жіберер болсам, ол менің өзімнің еңбегімді, интелектуалдық қуатымды сыйламағандығым болар еді. Кез келген авторлық-интелектуалдық фильм жолын фестивальдерден бастау керек. Фильм қандай да бір фестивальден жүлде алып жатса, халық арасында қызығушылық пайда болады. Көруге талпынады. Сол үшін, фестивальге және көрерменге арналып түсірілген фильм деген ұғымнан арылуларыңызды сұраймын. «Фестиваль талап еткен дүниелерді түсіремін деп, қазақты жұпыны күйде көрсетесіңдер» деген адасқақ пікірмен, авторлық-интелектуалдық киноға теріс баға беріп жатады. Мәселе фильмнің көркемдік қуатында. Сол тұрғыдан ой салатын дүние ретінде қаралуы керек.
Жалпы, Қазақстанда қысқаметрлі фильмдердің тағдыры қиын. Отандық қысқаметрлі фильмдерді елемейді. Өздеріңіз білесіздер, қысқаметрлі фильмдер телеведениеге, прокатқа шығарылмайды. Тек, кинофестивальдерге қатысу арқылы жетістікке жете алады. Бірақ, Еуропада қысқаметрлі фильмдерді прокатқа шығару бар. Киноның форматына сай 1,5 сағатқа бірнеше фильмдерді жинақтап көрсетуге болады. Телеведениеде бұлай көрсетілмеу үлкен қателік. Бізде талантты жас режиссерлар, студенттер өте көп. Соларға қолдау көрсетілуі керек. Ол деген – мүмкіндік. Кино тарихында қысқаметрлі фильммен үлкен өнер жасай алған режиссерлар бар.
Дулыға Ақмолда актер: Жыл сайын студенттер маған өтініш айтып,
фильмдеріне түсіп беруімді сұрап жатады. Әрине, студентерге көмек ретінде түсіп беремін. Мерей Махан есімді жігіттің «Балықшы» деген фильміне түскен болатынмын. Фильм жақсы шықты. Бірақ, сол фильм ешқандай фестивальдерде немесе басқа да жерлерде көрсетілмеді. Одан кейін де бірнеше қысқаметражды фильмдерге түстім. Соған қарағанда бізде фильм көп. Солардың бәрін жинақтап, арнайы бағдарлама ашып, көзі қарақты, киноны түсіне алатын студенттермен талқыға салып, телеарналардан көрсетіп отырса, бір жақты қолдау болар еді.
Отандық кәсіпкерлердің отандық киноға қолдау көрсетуі мүмкін бе?
Дәурен Дариябек, продюсер: Мен Қазақстан телеарнасында атқарушы продюсер болып жұмыс атқарамын. «Шын жүректен» деген қайырымдылық телемарафонның аясында көмек ретінде мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жататындар болады. Олар ішкі сеніміндегі «Құдайдан қайтады» деген оймен қаржылай көмек көрсетеді. Ал, мың долларлар айналатын киноға ақшаны салдырту өте қиын нәрсе. Салған қаражаттың ақталмауында қайтарымсыз дүние жатқандығы белгілі.
Елзат Ескендіров, режиссер: Менің ұғымымда бұл процесс елімізге келіп жатыр. Авторлық-интелектуалдық фильмдердің өзіне, үлкен компаниялардың ақша салуы енді оянып келе жатқан сияқты. Жалпы, біздің киноларымыздың үлкен фестивальдерге ұсынылып жүргеніне төрт-бес жылдың көлемі болды (тоқсаныншы жылдарды қоспағанда). Осындай істермен айналысып жүрген адамдармен әңгімелесу барысында байқағаным, осы жолға бетбұрыс байқалады. Сондықтан үміт бар.