Мақала
Дәрежан Өмірбаев - 60 жас. ретроспектива - Қайрат / видео
"Қайрат" /1991/
Бөлім: Көзімнің қарасы
Датасы: 01.02.2018
Авторы: Гүлім Көпбайқызы
Мақала
Дәрежан Өмірбаев - 60 жас. ретроспектива - Қайрат / видео
"Қайрат" /1991/
Бөлім: Көзімнің қарасы
Датасы: 01.02.2018
Авторы: Гүлім Көпбайқызы
Дәрежан Өмірбаев - 60 жас. ретроспектива - Қайрат / видео

Гүлім Көпбайқызы

кинотанушы, Т.Жүргенов атындағы

ҚазҰӨА, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының оқытушысы


Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасы және «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубының ұйымдастыруымен белгілі кинорежиссер, педагог Дәрежан Өмірбаевтың 60 жас мерейтойына арналған фильмдерінің ретроспективасы өз жалғасын табуда. Ағымдағы жылдың қаңтар айының 24 күні академия оқытушылары мен студенттері назарына «Шілде» фильмі ұсынылған тұғын. Наурыз айының 3 жұлдызына дейін аптаның әр сәрсенбісі қазақ кино өнерін сүйетін жандардың басын біріктіріп, Дәрежан Өмірбаевтың шығармашылық әлеміне бірге сапар шеккізіп қана қоймай, көрсетілімінің соңы әсерлі әңгімеге ұласып, режиссер жадындағы есті естеліктерді жаңғыртуда.

Әр сәрсенбіні асыға күтетін кино сүйер жандардың, студенттер мен оқытушылардың, қадірлі қонақтардың назарына бұл жолы «Қайрат» фильмі ұсынылды. Режиссердің әр фильмінде көрініс табатын өмір суреттері қоғамның күнделікті үйреншікті тіршілігінен алынған. Шындық әсіреленбейді, кейіпкер ойдан шығарылмайды. Аға буын режиссерларының туындыларындағыдай емес, тәуелсіздік жылдарынан кейінгі кезең сипаты реалистік тұрғыдан бейнеленіп, халықтың тұрмыс-тіршілігі, дүние танымы, кейіпкер психологиясы басқаша суреттеледі. Осыдан ширек ғасыр бұрын түсірілген «Қайрат» фильмі режиссерге оның алғашқы жүлдесі – Локарнода өткен кинофестивальдің «Күміс қабылан» марапатын әкелді. Сонымен қатар, картина Францияда өткен фестивальдің Бас жүлдесін және Түрікменстанда өткен Халықаралық кинофестивальде «Үздік бейнелік шешім» жүлдесін жеңіп алған болатын.

Егемендіктің табалдырығында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және «Әлем» шығармашылық бірлестігі бірігіп шығарған аталмыш фильм үлкен қалаға келіп, өз орнын табуға ұмтылған жас жігіттің өмірі туралы баяндайды. Фильмнің басты тақырыбы – иррационалдық болмыс, болжап болмайтын өмір. Үлкен қалаға келген жас жігіт жалғыздықтан айырылу үшін айналасындағылармен тіл табысып, ортаға бейімделуді ойлайды. Фильмде автобиографиялық көріністер бар. Бұл туынды өтіп бара жатқан жастық шақ пен жалғыздықты баяндайды.

Өнер иесінің шығармашылығы турасында кинотанушы, профессор, педагог Г.Наурызбекованың «Қазақ киносының тарихы» оқулық кітабындағы: «Дәрежан Өмірбаевтың әр фильмінің жеке өзіне ғана тән ерекшеліктері бар. Кейіпкерлері тым баяу, болып жатқан «оқиға» ортасына емін-еркін араласып кете алмайды... Шын мәніне келгенде, өз кейіпкерлері арқылы режиссер тарапынан екі кезең (ескі және жаңа өмір көріністері) арасына «болымсыз көпір жайғандай» талпыныс бар. Жаңа жағдайға қалыптасу процесінде кейіпкерлер мінезіндегі ерекшеліктер даралана түседі және сол арқылы жаңа қоғамдық қатынастарға да сипат беріледі. Дәрежан Өмірбаевтың фильмдеріндегі сюжеттік ритмнің баяу болғанына қарамастан көрермен қабылдауы шектелмейді» – деген сараптамалық пікірі режиссердің әр фильмінен кейінгі туған әсерді айшықтай түсуде.

Ретроспективаның бұл күнгі шарасына академия оқытушылары мен студенттерінен тыс Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері, Qazaqstan ұлттық телеарнасының тілшілері арнайы келіп, режиссердің шығармашылығына байланысты көкейкесті сауалдарын жолдап, өзіндік пікірлерін білдірді. Көрсетілімнен кейін кеш модераторы Алма Айдар сөз тізгінін режиссерге беріп, аталмыш фильм жайында қосымша ақпараттар айтылып, студенттер мен оқытушылар тарапынан өзекті ойлар білдіріліп, сауатты сұрақтар жолданды.

Д.Өмірбаев

Режиссер: «90-шы жылдардың басында өте қиын болды. Кинотеатрлар бірінен соң бірі жабылып жатты. Өнер саласы жайына қалды. Дегенмен, мемлекет сол кезде кинематографияны жақсы қолдады. Тіпті, «Қайрат» фильмін түсіру үшін бізге пойыз беріп, соның арқасында көптеген қалаларда түсірілім жүргізуге мүмкіндік алдық. Фильмнің негізгі түсірілімдері Қызылорда, Балқаш өңірлерінде өтті. «Қайрат» фильмін түсіру жұмыстарына сол кездегі отандық кинематографияның үздік мамандары – оператор Әубәкір Сүлеев пен қоюшы суретші Марат Имамбергенов тартылған еді. Басты рөлге актерді ұзақ іздедік. Бір күні автобуста келе жатып, аялдамада түсіп бара жатқан жігітті байқадым. Соңынан ассистентімді жібердім. Кейін оны сынақтан өтуге шақырып, басты рөлге бекіттік», – деп фильмді түсіру барысындағы естеліктерімен бөлісті.

Айта кетерлік жайт, бүгінгі таңда Дәрежан Өмірбаев режиссерлік жұмысынан тыс көркем фильмдерге сценарий жазып, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында болашақ кинотанушылар мен драматургтерге дәріс беруде. Одан бөлек, режиссер Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ киностудиясында «Дебют» шығармашылық бірлестігінде көркемдік жетекші болып қызмет атқарып, жастарды кино өнеріне баулып жүр. Д.Өмірбаевтың 60 жас мерейтойына арналған фильмдерінің ретроспективасы наурыз айының 6 жұлдызына дейін жалғасады, 14 наурыз режиссер шығармашылығын қорытындылау мақсатында дөңгелек үстел өтетін хабарлаймыз.