Сұхбаттасқан: Гүлмира Асылбекқызы
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының PR-менеджері
Кеш шымылдығын Жасұлан Нұрбекұлының «Алатау» театрындағы әріптестері сахналық көрініспен ашты. Одан әрі кеш иесінің бірінен бірін асырып салған әндері, сол әндерді айтқан кезде қазақы қалпын, қарапайым шынайылығын сақтай білуі, жалпы кешке мұқият дайындалып, репертуарын талғампаздықпен іріктеп құруы көрермендердің оған деген құрметін арттыра түсті. Әнші репертуарындағы сезім қылын шертетін лирикалық әндер тыңдарманды бірде ойға батырса, бірде көңіл-күйін көтеріп, серпіліс берді. Дәстүрлі өнер өкілдерінің ізін басып келе жатқан, Арқаның әншілік дәстүрін ту еткен Жасұланның орындаушылық мәнері, әдемі де сазды дауысы жиналған қауымды бірден өзіне тартты.
Кеш Жасұланның өнердегі ұстаздары Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, домбырашы Мұрат Әбуғазы және «Steppe sons» модерн этно-джаз ансамблінің өнер көрсетуімен қорытындыланды.
Концерттен соң әлі де болса толқыныс әсерінде жүрген Жасұланды сөзге тарттық.
Жасұлан, қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келген, алғашқы есеп беру концертіңіз құтты болсын! Маған концертке келген көпшіліктің өнеріңізге мейірі қанбай қалғандай көрінді...
Иә, сөзіңіздің жаны бар. Негізінде бұл концертке жылға жуық уақыт дайындалдым. Түрлі идеялар туып, әрқалай пікірлер айтылды. Өнер саласындағы мамандармен ақылдасып, ұстаздарымның кеңесін тыңдап, әр қадамымды ой елегінен өткізіп отыруға тырыстым. Кәсіби режиссер, сценарист ағаларымыздың көмегіне жүгіндім. Неге десеңіз, халықты ұлттық киім киіп, домбырамен ән шырқап қана қызықтыра алмайсың. Тыңдарман талғамы әртараптанып, дәстүрлі өнерге деген қызығушылық азая бастаған заманда осы саладағы өнерпазға көп еңбектеніп, іздену керектігін түсіндім. Қала берді, біреулердің «дәстүрлі өнерге қазір ешкімді жинай алмайсың» деген әңгімесі де болды. Құдайға шүкір, бәрі жақсы өтті. Сахналық киімімнен бастап LED-экран, жарық беру, жалпы концерттік бағдарламаның өзара үйлесім табуы – өз ісінің маманы болып табылатын шеберлердің арқасы. Өз басым ол кісілерге бек ризамын. Сонымен қатар, концертті әзірлеу барысында театр таңдауы көп адам біле бермейтін, бұрын-соңды айтылмай келген әндерге түсті. Соларды барынша іріктеп, халық ықыласына бөленеді-ау дегендерін қамтыдым. Өнердегі үлкен ағаларым да өздерінің ыстық лебіздері мен алғыстарын білдіріп жатты. Әрине, бұл мен үшін үлкен қуаныш, алайда мұнымен тоқтап қалмаймын, одан әрі еңбектене беремін.
Жалпы концерт барысы көңіліңізден шықты ма?
Осыған дейін ұйымдастыру жұмыстарымен жүріп, әндерімді пысықтауға уақыт жетіңкіремей, әуелгі дайындықпен шыққаннан болар, біржарым сағатқа созылған концертте аз-кем кемшілік болды. Бірақ оны өзім ғана білемін (Күлді). Жалпы Театр басшылығы да, көрермен де риза болған сияқты. Ақсарайлы «Алатау» сахнасында өнер сүйер қауым алдында алғаш рет есеп бердім. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуы біз секілді өнерпаздар үшін үлкен бақыт, зор мүмкіндік. Мәселен, біздің алдымыздағы әншілердің кезінде мұндай жағдай, өнер ордасы болмады ғой. Сондықтан осындай керемет ән отауының бой көтеруіне үлес қосқан ел азаматтарына, сонымен бірге есеп беру концертімді өткізуге мұрындық болған театр ұжымына, оның директоры Берік Мырзалыұлына алғыс айтамын.
Өнерге қай жасыңыздан бастап келдіңіз? Жалпы кәсіби біліміңіз, жеткен жетістігіңіз жөнінде айта отырсаңыз.
Өнерге бала күнімнен жақын болдым. Әкемнің үлкен ағасы шаңғы спортынан қазақтан шыққан ең алғашқы спорт шебері болса, екінші ағасы қазақша күрестен Азияның сегіз дүркін чемпионы атанған. Осындай спортшылар әулетінде дәстүрлі өнерге арнайы бет бұрған мен ғана. Негізінде, өз атам да, нағашы атам да қолдарынан домбырасы түспеген өнерлі жандар болған екен. Бұған қоса мен қазір елімізге белгілі дәстүрлі әнші және халық әндерінің насихатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали ағамызбен бір ауылда көрші тұрдым. Ол кісі Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқып жүріп, жазғы демалысқа келген кезде айтқан әндерін тыңдап, қасына еріп жүріп өнерін үйрендім. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін ата-анамның ақылымен Қазақ қатынас жолдары университетін бітірдім. Бітірген бойда құжаттарымды жинап, үйге айтпастан Жүсіпбек Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжіне дәстүрлі ән мамандығына оқуға түстім. Әрине, кейінірек ата-анамның ризашылығын алдым. Колледжді бітіргеннен кейін Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында дәстүрлі ән мамандығы бойынша білімімді толықтырдым. Академияда оқып жүріп өнерге араласып, түрлі шараларға, байқауларға қатыса бастадым. 2014 жылы Өскемен қаласында өткен Әсет Найманбаев атындағы байқауда бірінші орын алып, сол жылы Жезқазғанда өткен Тайжан Қалмағанбетов атындағы Республикалық байқаудың дипломанты атандым. 2017 жылы Тұрсынғазы Рахимов атындағы «Сәби болғым келеді» халықаралық дәстүрлі әншілер байқауында екінші орын иеленіп, биыл Мұқағали Мақатаев атындағы «Жырлайды жүрек» әншілер байқауының бас жүлдесін өңгердім. Өнер академиясын бітірген соң «Алатау» дәстүрлі өнер театрына келіп, еңбек жолымды бастадым.
Сөз арасында репертуарыңыз жөнінде мәлімет бере кетсеңіз? Қандай шығармалар жаныңызға жақын?
Репертуарымда жалпы саны жүзге жуық ән бар. Оның ішінде отыз шақтысының сөзін ұмытпай айта аламын десем болады. Жақсы көріп орындайтын әндер көп қой. Дегенмен, бұрын ешкім орындамаған, көп айтыла бермейтін әндерді айтқанды ұнатамын.
Өнердегі ұстаздарыңыз кімдер? Жамбыл ақын айтқандай «піріңіз» бар ма?
Өнердегі тікелей ұстаздарым Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев. Сондай-ақ алдынан ән үйренген белгілі дәстүрлі әншілер Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали, Нұржан Жанпейісов, Талғат Әбуғазыларды да өзіме ұстаз тұтамын. Жалпы алдыма қойған мақсатым – тұлға ретінде өзіңді өзің тәрбиелеп, қалыптастыру. Ешкімге еліктемей, даралығыңды сақтау. Жалпы біреудің көшірмесі болған жақсы емес қой.
Дәстүрлі әнші, соның ішінде Арқа мектебінің өкілі ретінде дәстүрлі әннің қазіргі жағдайы жөнінде не айтасыз? Заманауи эстрада дәстүрлі өнердің алдын ораған қазіргі заманда не істеуге болады?
Эстрада болсын, дәстүрлі ән болсын қай салада жүрсем де әннің қазақы нақышын сақтап еңбек етсем деймін. Бүгінгі заман талабы – өнердің озығын алып, тозығын тастау. Қазір кейбір дәстүрлі әншілер елді жалықтырып алған. Шығады да әнін айтып болып кете береді. Мәселен, менің есеп беру концертіме келгендер де әу баста солай ойлаған болу керек. Әлгінде өзіңіз атап өткендей, жиналғандар біржарым сағаттық концерттің қалай өте шыққанын білмей де қалды. Бәлкім олар менен іштей бір жаңалық күткен болар. Олай дейтінім, біржарым сағатты азырқанып, қайтқысы келмегендер де болды. Айтсаң өзіңді көтермелеген болып шығады-ау, осы жолы көрермен ықыласын оята алдым ғой деп ойлаймын. Өйткені, концерт барысында біз қазіргі сахна өнеріне тән ұрымтал әдістерді қолдануға тырыстық. Жақсы нәрсе қашанда аз сияқты болып тұрады. Менің шығармашылық бағытыма концерттік бағдарламаның микс түрі тән. Яғни концертті біріңғай ән айтумен шектеп қоймай, оны моноспектакль, қойылым-концерт, киноконцерт қалыбына ыңғайлап құрғым келіп тұрады.
Алдағы жоспарларыңыз қандай? Жалпы театрдағы қызметіңізге көңіліңіз тола ма?
Әндерімнің аудиожинағын шығарсам деген ойым бар. Концертке дейін шығаруға болушы еді, бірақ оны бөлек шығарайын деп шештім. Өйткені, бұл концерттің көлеңкесінде қалып қояр еді. Театрдағы жұмысыма келсем, иә, жұмысым өзіме қатты ұнайды. Мысалы, консерваторияның, өнер академиясының түлектері оқу бітіргеннен кейін қайда барарын білмей дағдарып қалады. Біреуі мектепке, біреуі балабақшаға, ал кейбіреулері асабалықтың жолына түседі, көпшілігі ыңғайлы жұмыс таппай ауылдарына оралады. Ал менің жолым болды – театрға келдім. Ара-тұра құдалыққа, той-томалаққа барып қоямыз. Ұстаздарымыздың «тамадалықтан аулақ жүріңдер, дауыстарыңа нұқсан келеді, басты мақсат – асаба болып пайда табу емес, абыройлы, жақсы әнші атану» деген сөздерін миға тоқып алғанбыз.
Әншімен екі арада осындай жылы сұхбат өтті.
Тұтас алғанда, бұл есеп беру кеші әншінің жаңалыққа құштар ізденімпаздығын көрсетті. Оны Мәди Бәпиұлының «Қаракесек», Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың», Әсеттің «Мақпал», Иран Тасқараұлының «Бөркің-ай», Тайжан Қалмағамбетовтың «Сақ-сақ», Үкілі Ыбырайдың «Шалқыма», Шәкәрімнің «Ән туралы», Мұхиттың «Қилаш», Нүркейдің «Нүркей» және осынау халық композиторларының шығармаларынан басқа халық әндерінен түзілген репертуарының сан алуандығынан аңғарылды. Қасиетті Рамазан айына тұспа тұс келген дәстүрлі ән кешінде орындалған Тұрсынғазы Рахимовтың «Иә, жаратушы Аллам» сазы да кештің өн бойына жүзікке қас қондырғандай жараса кетті. Әншінің жеке концерті лирикалық поэзия нұсқаларымен, монологтармен, өмірбаяндық-поэтикалық үзінділермен көмкерілді. Соның ішінде Естайдың атақты «Құсни-Қорлан» әні театрландырылған көрініс түрінде орындалды. Кештің жанрлық ауқымының кеңдігін және бір ұрымтал әдіс – Тайжанның «Жігіттер» әнінен кейін қалың ойда тұрған сәтте сахнаға кенеттен шыға келген қыз-жігіттер тобының Жасұланмен өнер салыстыруы, атап айтқанда, оның бір топ әнші қыздармен айтысуы байыта түсті. Осылайша кеш иесі өзін концерттік дәстүрлі әнші ретінде ғана емес, әртіс-әнші ретінде де танытты. Абайдың романстық «Өзгеге көңілім...», Мәдидің «Қаракесек», Әсеттің «Мақпал» сияқты әндердің алдында ән тарихы жөнінде монолог түрінде мәлімет беру, «Жігіттерді» поэзиямен айшықтау драмалық театрдағы моноспектакль элементтерін еске салса, қыздар мен кеш иесінің әнмен айтысуы фольклорлық қайым айтысты және опера жанрының элементін ойға оралтты.
Бір сөзбен айтқанда, концерт жарқ етіп ашылып, жалп етіп сөнген жоқ, маздап басталып, жарқырай аяқталды. Көрерменді ынтықтырып, өнерпаздың бойына сенімділік ұялатып, өнер айдынында одан әрі құлаштап жүзуіне дем берді.
Өнер өрісіне жаңадан шыққан «Алатау» сынды дәстүрлі өнер театрының ұжымы үшін нағыз шығармашылық жұмыс енді басталды. Алда іргелі, әралуан мәдени өнім жасап, ұсынуға толы қауырт та қызықты жұмыс күтіп тұр. Ендеше «Алатауды» бетке алайық, ағайын!