Сұхбаттасқан: Гүлзия СӘДУАҚАСОВА
театртанушы
Театр «25 жылдыққа – 25 игі іс» атты акциямен Алматы
облысы бойынша ауылды елді-мекендерді аралап, қарттар мен балалар үйлерінде 25
қойылым қойды. М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы», М.Ахмановтың «Алдардың
айласы», К.Касеновтың «Арманшылдар» шығармаларын сахналаған ұжым, бұл
спектакльдерді сый ретінде тарту етті. Сондай-ақ театр кіші гастрольдік сапар ұйымдастырып, Шымкент пен Алматы қалаларында
«Жетісу театр керуені» өз спектакльдерін қала жұртшылығына ұсынды.
12-14 желтоқсан аралығында Алматы қаласының тұрғындары
«Керей-Жәнібек» (авт.Д.Рамазан, реж.Б.Тоқымтаев) тарихи драмасын, «Ғашықсыз
ғасыр» (авт.С.Балғабаев, реж.М.Ахманов), «Тендерге түскен әйел» (авт.М.Сәрсеке,
реж.С.Нұрхалық) драмаларын көрді.
Осы гастрольдік сапар негізіндегі Б.Римова
атындағы Талдықорған драма театрының директоры Темербаева Ғалия
Әмерхамзақызымен жүргізілген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Ғалия
Әмерхамзақызы, гастрольдік сапардың негізінде қойылатын спектакльдермен таныс
болдық. Бұл сапар Тәуелсіздіктің 25 жылдығы негізінде өткізіліп отырғандықтан
«Керей-Жәнібек» драмасы тарихи тақырып ретінде өзекті екені рас. Ал, «Ғашықсыз
ғасыр» «Тендерге түскен әйел» қойылымдары
тақырыпқа сай дей алмаймыз. Неліктен мұндай спектакльдерді
таңдадыңыздар?
- «Керей - Жәнібек»
біріншіден, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған спектакль, екіншіден, биыл
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы соған сәйкестендіріп тарихи тақырып ретінде
әкеліп отырмыз. Мұнда қырық актер ойнайды. Репертуарымыздағы «Томирис», «Ілияс»
сияқты спектакльдерді көрсетуге болар еді, бірақ, бұл қойылымдар труппаның
барлығын дерлік қамтиды. Олардың жатар орыны, ас – ауқаты қаражатқа келіп тіреледі.
Тағы бір себеп, шығармашылық топтың біршама өкілін облыста жүріп жатқан
шараларға театрландырылған қойылыммен өнер көрсету үшін қайтадан Талдықорғанға
жібердік.
Ал, «Ғашықсыз
ғасыр» қойылымы, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші ағамыздың әндерінен
құрылған. Бұл, Шәмші Қалдаяқовтың әндерін тыңдап өскен тыңдарман үшін жақсы
спектакль деп білемін. Өткен күндерге
деген сағыныш, «ностальгия» десе де болады.
Күнделікті өмірде түрлі жағдайларды көреміз. Жас қыздардың басынан түрлі
оқиғалар өтіп жатады. Шығармадағы Нәзікеш бейнесі сияқты. Сондықтан, тарихи
тақырыппен қатар, күнделікті өмірімізден алынған спектакльдерді көрсеткен жөн
деп санадық. Үшінші спектакль «Тендерге түскен әйел» жемқорлық туралы. Бұл да
өзекті мәселелердің қатарында. Бүгінде барлық шаруаны тендер арқылы шешіп
жатырмыз ғой. Сол тендер кейде әділетті өтсе, кей жағдайларда әділеттен ауытқып
жатыр. Міне, осы сияқты тақырыптарды қамтитын тақырып болғандықтан, осы екі
туындыға тоқталдық.
Осы сапардың негізінде Алматыдан бұрын Шымкент қаласында болдық. Ол жерде
де «Керей -Жәнібек» көрсетілді. Байқағанымыз, Оңтүстіктің көрермені комедияға жақын келеді екен. Адамдар күнделікті өмірдің
күйбең тірлігінен шаршап, мүмкін, әзіл араласқан қойылымдарды көруге құштар
болар. «Тендерге түскен әйел» драмасын апарғанбыз,
бірақ, жүрмей қалды. Сондықтан М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясын
сахналадық.
- «Ғашықсыз
ғасырда» (авт.Сұлтанәлі Балғабаев, реж. Мұрат Ахманов) сізді Фарида бейнесінде
көрдік. Автор ақылдылық пен
парасаттылықты өн бойына жинаған әйелдер
образының жиынтығын Фарида арқылы көрсеткен. Ал, сіз сахналайтын Фарида
қандай қасиеттерімен ерекшеленеді?
- Мен
Фариданы бүгінгі күні арамызда жүрген кейіпкер ретінде алып отырмын. Автор жазған
кейіпкерге басқа қырынан қарап, жаңаша түрде жеткізуге тырыстым. Фариданың ішкі
айқайын, сезімдер арпалысын мимикамен, көздегі мұңмен жеткізіп бақтым. Фарида
өте сабырлы әйел. Нәзікешке кері образ. Режиссердің шешімімен осы екі түрлі
әйелдердің образы таразының екі басы іспетті еді. Сол себепті автор мен
режиссердің көркем қиялын ойға ала отырып, сабырлы, ақылды әйел мінезіне акцент
қойдым.
- Бүгінде біз алыс-жақын елдерден режиссерлер шақыртып спектакль қойдыру, тәжірибе алмасуды дәстүрге
айналдырдық. Мысалы, Ионас Вайткус, Сергей Потапов, Барзу Абдураззаков және
т.б. режиссерлердің спектакльдерін көріп
жүрміз. Осы тұрғыдан алғанда сіздер қандай режиссерлермен бірігіп жұмыс
жасадыңыздар? Жалпы, сырттан режиссерлерді жиі шақырып тұрасыздар ма?
- Талдықорған
қаласында осы күзде Халықаралық театр фестивалі өткен болатын. Сол жерде Сергей
Потапов сахналаған «Шие» спектаклін тамашаладық. Қазылар алқасына ұнап, жақсы
пікірлерін жеткізіп жатты. Ал, менің көңілімнен шықты деп айта алмаймын. Чехов –Чехов
болып қалуы керек. Шекспир я болмаса басқа шетелдік драматургтың пьесасы қазақ
топырағында сахналанды деп мәтіндегі кейіпкерлер атын өзгерту тым
асырасілтеушілік, сауатсыздық. Әзірге шетелден режиссер шақырта қойғанымыз жоқ.
Бірақ жоспарда бар.
Қазіргі таңда көптеген режиссерлерге назым бар. Бұрын
ешқайда қоймаған спектакліңізді жасайық десем, басқа театрларда сахналанып,
көрерменге жол тартып қойған шығарманы қайта қоя салады. Бұл, біріншіден
халықты алдау, екіншіден, театр ұжымын сыйламау деп түсінемін. Жалпы, көп
жағдайда режиссерлерді даңдайсытып алдық.
- Биылғы жылы Б.Римова атындағы драма театрына көптеген жас
мамандар жұмысқа қабылданды. Солардың қатарында өнер академиясының, өнер
университетінің түлектері де бар. Сол жас кадрларға қандай жағдайлар жасалып,
қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
- Бізге
10 штат бөлінген болатын. Соған он жас маманды алдық. Бүгінде жағдайларын жасап, барынша қолдау
білдіріп, керек-жарақтарымен қамтамасыз
етіп отырмыз. Осы тұста тағы бір нәрсені айтқым келеді. Мысалы, өнер академиясында
атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, мықты-мықты аға-апаларымыздың курстары
бар. Аптасына, айына, эмтиханда келіп кеткені болмаса, қалған сабақтың барлығын
ассисенттері өткізеді екен. Мұның өзін сол шаңырақты бітірген балалар айтып
отыр. Өздері сабақ бермесе, өздері ұғындырып, түсіндіріп, таразылап көрсетпесе,
оның несі ұстаздық?! Мұнан сапа мәселесі ақсайды. Келген балаларды көріп жүрміз
ғой, дикциялары дірілдеп, ішкі дүниеден мақұрым. Біреуінің пластикасы болса,
дикциясы нашар. Немесе, керісінше.
Сондықтан, маман даярлауда мұқият болған жөн. 4 жылда кәсіби маман дайындау
керек. Бізге 10 маман келді. Үшеуін
шығарып жібердік. Не дауыс жоқ, не актерлік шеберлік жоқ, әлсіз. Біз
завод емеспіз, әрі қарай үйреніп кетеді ғой дейтін. Бізге
кәсіби тұрғыда даярлықтан өткен мықты мамандар керек. Жалпы, театрымдағы
мамандарды тағы бір іріктеуден өткізсем бе деп отырмын. Көркемдік жетекшіні
жаңадан тағайындадым. Әлі біраз шаруалар атқарсақ деген ойымыз бар. Тағы бір
айтатыным, басқа мамандықты білмеймін, бірақ, өнер және медицинада ақылы бөлім
деген қажет емес.
- Театр репертуарын қарап отырсам, спектакльдердің басым
бөлігі тұрмыстық тақырыптарға қойылған екен. Әлемдік классика құндылығына
жататын пьесаларды көре алмай отырмын...
Бүгінге дейін біздің театрда көптеген режиссерлер
спектакль қойған. Солардың бірі марқұм Қайрат Сүгірбеков болатын. Шекспирдің «Лир
патшасын» сахналап, Түркиядан жүлделі орынмен оралған едік.
Болашаққа жоспар көп. Әкім екі спектакльге қаржы бөліпті.
Біздің ауылда да той болады.
-
Ашық-жарқын сұхбатыңызға рахмет! Театр ұжымына
шығармашылық табыстар тілеймін! Егеменді еліміздің мәдениетіне, өнеріне қалтқысыз
еңбек ете беріңіздер!