Моника Госсманн - бір уақытта үш елде (Германия, Ресей және АҚШ) тұратын және өзінің шығармашылық жолында үш мәдениеттің ең жақсы дәстүрлерін біріктіретін көп ұлтты актриса. Мәскеудегі МХАТ мектеп-студиясын бітіргеннен кейін Моника ресейлік театр қойылымдарына қатысумен шектелмеді және бірден өнердегі халықаралық жолын бастады. Моника Госсманн қоржынында ондаған ұмытылмас бейнелер жасап келеді. «Өліммен өтелген» (2007), «Темір аспан» (2012), «Алтын ғасырдың мизам жазы» (2015), «Екатерина. Ұшу (Самғау)» (2016), «Екатерина. Алаяқтар» (2019), «Манк» (2020) сияқты ресейлік және шетелдік киножобаларда жарқын рөлдерді сомдады.
Моника Госманн Алматы қаласының тумасы, Алматыға кезекті іссапармен келген кезінде сұхбат жасаудың орайы түсті.
- Моника, сіз Алматы қаласы туралы қандай естеліктерді әлі күнге дейін жадыңызда сақтайсыз?
Есте сақтайтын нақты естеліктер жоқ. Таулар, саябақтар, әжем және аурухана есімде. Менің ағам астматикалық аурумен ауырды, Алматы ауа райының ылғалдылығы әсер еткен болуы керек, сондықтан біз Тәжікстанға көшіп кеттік. Біз Алматыдан Тәжікстанға көшкенде мен үш жаста едім. Алматыға келгенде өзімді үйде жүргендей сезінемін. Жеңілдік, шабыт сезімі бар. Мен ұнататын екі жер - Германия және Қазақстан.
- Қазақстанға келу себебін айтыңызшы?
- Біз Мәскеудің «One two three production» компаниясымен фильм түсіріп жатырмыз. Сериал «Шаман» деп аталады. Мен басты рөлді ойнаймын, дәлірек айтқанда шаманды сомдаймын. Бас кейіпкер - Александр Кузнецов, ал мен анти-қаһарманмын. Маған жоба өте ұнады және фильмнің Қазақстанда, Алматыда түсірілетіндігі қатты қуантты.
- Қалай ойлайсыз, әлемдік аренаға шығуыңыздың басты себебі неде? Қандай да бір құпияңыз бар ма?
- Бұл құпия емес деп ойлаймын. Талмай еңбек ету мен өз кәсібіңе деген сүйіспеншіліктің жемісі. Алдыңыздағы мақсатыңыз айқын болса, барлық есіктер жабық тұрғанына қарамастан, бар күш-жігеріңді жинап, тоқтамай алға ұмтыласыз. Барлығына дайын болу керек.
- Сіз алғаш киноға келген кездегі кино туралы ойыңыз қандай еді?
- Жақсы сұрақ (күлімдеп). Ешқандай ойым болмады, мен 4 жасымнан бастап өнер көрсете бастадым. Сахнаның не екенін жақсы түсіндім, теледидарда жұмыс істедім. Менде ешқандай иллюзия болған жоқ, жай ғана жұмыс істедім және маған бәрі ұнады. Мені өзімнің қалауларым басқарады, ештеңеден қорықпаймын, бәрін өз мүмкіндігімше адал жасауға тырысамын.
- 2014 жылы Берлинде сіздің жеке мектебіңіз ашылды, онда сіз Lucid Body-дің ерекше техникасын үйрете бастадыңыз. Қысқа мерзімде бұл әдіс бүкіл әлемде таңқаларлықтай танымал болды: актерлерді Нью-Йорк университетінің Берлиндегі филиалында, Копенгаген мемлекеттік университетінде, Мәскеу көркем театр мектебінде және Берлиндегі актерлерді дайындады. Lucid Body туралы айтып беріңізші...
- Lucid body – «Таза дене» деп аударуға болады, ол чакраларға негізделген. Біз чакралармен жұмыс жасаймыз, чакралар арқылы өз денемізді және кейіпкердің психикасын өзгертеміз. Бұған қосымша Карл Густав Юнгтің психологиялық талдауын қосамыз. Бұл әдіс маған жеке тұлғалық өсуіме көп нәрсе берді. Сондықтан мен бұл әдісті қолдануды актерлерге ғана емес, әр адамға өзін түсіну үшін пайдалануға кеңес беремін.
- Актерлік образ жасаудың артында қандай ішкі жұмыс жатыр? Сіз образ бойынша қалай жұмыс жасайсыз?
- Әр түрлі мектептер, әр түрлі дайындықтар бар. Кейбіреулер өздерінен кейіпкерлер жасайды, ал кейбіреулері бейне іздейді. Мен бейне іздейтіндердің бірімін және оны психология мен дене арқылы жасаймын. Кейіпкерге дайындаламын, тақырыпты зерттеймін және түсірілімге дайын болу үшін режиссерға көптеген сұрақтар қоюға тырысамын. Ештеңеден хабарым жоқ бола тұра түсірілім алаңына келгім келмейді, бұл мен үшін кәсібилік емес. Бұл психологиялық, физикалық, ақпараттық жағынан өте ауқымды үрдіс және мен барлық жағынан дайын болуға тырысамын. .
- Енді сіз ойнаған 2020 жылғы Дэвид Финчердің «Манк» фильмі туралы сөйлесейік. Голливудқа қалай келдіңіз? Сізге шақырту келді ме, әлде кастингтен өту керек пе еді?
- Біздің кәсібімізде былай - егер сізде жақсы таныс немесе режиссермен байланыс болмаса, сіз кастингке дайын болуыңыз керек. Біраз білім мен тәжірибеге ие болыңыз. Ғажайыптар болмайды, егер жақсы мектеп пен күнделікті жұмыс болмаса, ештеңеде болмас еді. Мен әдеттегідей кастингтен өттім, басқа ештеңе жоқ. Финчер – менің сүйікті режиссерім, оның фильмдерін миллиондаған рет көрдім.
Финчердің фильміндегі рөліңіз туралы айтып берсеңіз.
Мен Фриданы ойнадым. Шынымды айтсам, бұл оңай кейіпкер емес. Тапсырмасы керемет болғанымен, көріністері аз болды. Ол бас кейіпкер «Азамат Кейннің» күтушісі. Соғыстың салдарынан бұл әйелде отбасы да, күйеу де болмайды. Иммигрант. Фрида сене алатын жалғыз адам - Манк және сол себептен оған әрдайым қамқор болды.
Кейіпкердің прототипі - АҚШ-қа қоныс аударған неміс еврейі, сценарист Герман Манкевич. Сценарий жазу барысында Фрида онымен бірге болды, осы иммиграция мен шығармашылық жолдың бәрімен бірге жүрді.
- Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
- Жоспарлар өте көп. Кино мен білімге қатысты жоспарлар әртүрлі.
Моника, сөз соңында сізге ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздің шығармашылық жолыңыз - өз кәсібіңізге және ұлттық мәдениетіңізге деген адалдықтың жарқын мысалы. Шеберліктің, темпераментті ойынның және сүйкімділіктің арқасында кино сүйер қауымның сүйіспеншілігіне ие болдыңыз. Шығармашылыңыз шарықтай берсін!