Ресейлік белгілі драматург, «Любимовка» тәуелсіз жас драматургия фестивалінің арт-директоры, МХАТ мектеп-студиясының оқытушысы - Олжас Жанайдаровтың идеясымен 2017 жылы Алматы қаласында бастау алған отандық «Drama.kz – 2022» жаңа драматургия фестивалі өз мәресіне жетті. Жылдан-жылға қанат жайып келе жатқан Фестивалдің көркемдік жетекші Олжас Жанайдаровпен болған шағын сұхбатымызды ұсынамыз:
Ресейлік белгілі драматург, «Любимовка» тәуелсіз жас драматургия фестивалінің арт-директоры, МХАТ мектеп-студиясының оқытушысы - Олжас Жанайдаровтың идеясымен 2017 жылы Алматы қаласында бастау алған отандық «Drama.kz – 2022» жаңа драматургия фестивалі өз мәресіне жетті. Жылдан-жылға дамып қанат жайып келе жатқан Фестивалдің көркемдік жетекші Олжас Жанайдаровпен болған шағын сұхбатымызды ұсынамыз:
- Биылғы Drama.kz фестивалінің барысына қандай баға бересіз? Қазақ тілінде жазылған пьесалардың жайы қалай болды?
Драматургтерге арнайы шеберлік сыныптарын өткізіп, пьесаларды іріктеп, оқылымдар өткізіп, театрларға ұсыну мақсатында ұйымдастырылып отырған фестиваль жұмысы өз деңгейінде өтті. Ұйымдастырушылар өздері көздеген мақсатына жетті деп білемін. Жылдан-жылға қатысушылар саны да артуда. Биыл 2 дебютантмыздың шығармасы сахнаға қойылып көрерменге жол тартты. Қазір орыс тілді авторлар белсендірек. Әзірше орта есеппен фестивальге жылына 50-70 шақты пьеса келіп түссе, басым бөлігі орыс тілінде.Ал, қазақ тілінде жазылған пьесаларға келсек ұсынылып жатқан шығармалар саны аз мөлшерде. Бар жоғы 20 шақты пьеса фестиваль қоржынына түсті. Ахмет Ақмоншақ, Айдана Аламан секілді шығармалары сахналанып жүрген, тәжірибелі драматургтарда пьеса жіберуін күтеміз. Егер қазақ тілінде көбірек пьесалар келіп түссе, бұл туындыларға бірнеше күнді арнаушы едік.
- Қазақстандық қазіргі драматургтердің аяқ алысы қалай? Пьесаларымызға не жетіспейді?
Қазіргі қазақстандық заманауи драматургияның ерекшелігі – дерекке негізделген құжатты пьесалардың аздығы. Көп авторлар пьесаларын бұрынғыша ойдан құрастырылған сюжеттермен жазады. Ал қазір Ресейде көп туындылар деректі материалдың негізінде жазылады. Ол өмірде болған оқиға немесе, белгілі бір адамның бастан кешкені болуы әбден мүмкін. Яғни, пьеса жазар алдында мұражайлар мен мұрағаттарға барып, тереңнен қарап, тарихи құжаттар негізінде жазылады. Ал мұндай пьесаларды Қазақстандық авторлардан кездестіре бермеймін. Қазіргі қоғамның шынайы келбетін суреттейтін туынды аз түсуде. Өзіңізге белгілі Вербатим жанрындағы шынайы адамдардың басынан өткен оқиғаны зерттеп, оның негізінде пьеса жазу сирек кездеседі. Қазақ драматургтері ойдан шығарылған, фантазиясына құрылған өзінің әлемі туралы жазуға құмар. Ол шығарманы оқитын лабораториялар аз, жоқтың қасы.
Ресейде ғана емес жалпы әлемде құжатты театрлар жақсы дамыған. Кеңес дәуіріндегі тарихи оқиғалар, тарихи тұлғалар жайында спектакльдер жиі қойылып жатады. Мәселен: Алашорда қозғалысы жайында. Бірақ сюжеті ойдан құрыстарылған. Бізге тарихи мәліметтермен, хроникамен жұмыс жасап үйрену керек-ақ. Адамды, қоғамды толғандырған заманауи актуалды проблемаларды зерттеп жаза бермейміз. Бүгін, күні кеше болған өзекті оқиғалар жайында пьесалар жоқтың қасы. Қанша дегенмен театр, оның азығын жасаушы драматург өз заманының өткір тақырыбын батыл көтере білуі тиіс.
Тағы айта кететін мәселе – қазақстандық драматургтер көтерген тақырыптың жай-жапсарын, өзектілігін жылы жауып тереңдеп ашуға құлықсыз. Мүмкін бұның себебі «ұят болады» деген біздің менталитетіміз де болар. Бізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдердің қоғамдағы орны жайындағы мәселе көп айтыла бермейді. Биылғы фестивальде жаңа есім Ақлима Сапарованың әйелдер тақырыбын көтерген «Бумеранг» пьесасының оқылымы қызығушылық тудырды. Арасында сапалы дүниелер осылай кездесіп жатады, бірақ бұл аз. Себебі, Ресейде әйелдер тақырыбын қозғайтын драматургияда арнайы бағыт қалыптасып үлгерген және бұл жылдан-жылға қарқынды даму үстінде. Әйелдер қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға қарсылығын, ер адамдардан құқықтары азырақ екеніне келіспеушіліктерін белсенді жариялап жазып жатады.
- Сіз отандық жас драматургтер пьесаларының формасына қандай баға берер едіңіз?
Ал шығармалардың формасына келетін болсақ қазақстандық драматургтер дәстүрлі классикалық формада пьеса жазғанды құп көреді. Ал қазір заманауи пьеса мәтіні түрлі формаларда пайда болуда. Жай ғана прозалық стильде емес, поэзия, өлең түрінде, верлибр түрінде жазса да ешқандай қарсылық жоқ қой. Қазақ суырып салма ақындыққа, өлең шығаруға қабілетті болғандықтан жеткілікті. Қазақстандық пьесаларда шаблон көп, бір біріне ұқсас. Экспериманталды туындылар жетіспей жатады. Сол үшін дамыған елдерден театрын, драматургиясын зерттеуіміз қажет. Қойылымдарда перформанс, инсталяция, аудио-қойылымдар секілді түрлі бағыттар болса, драматургияда да сондай бағыттар пайда болуы тиіс. Әр түрлі локациядағы қойылымдар бар. Бірі театр сахнасында болса бірі көшеде экскурсия ретінде жүргізіледі. Бұндай бағыттардың тууына сәйкес материал қажет. Айналып келгенде бәрі білім беруде жаңашылдықтар керек екеніне алып келеді. Осы бағытта жұмыс жасайтын кадрлар жетіспейді. Фестиваліміз де осы жетіспеушіліктерді толтыру мақсатында құрылған болатын.
- Ал сізді қандай драматургтің шығармашылығы қызықтырады?
Любимовка фестивалінің Арт директоры болғандықтан орыс тілді жас драматургтармен көп кездесіп пікір алысып тұрамыз. Қазір пьеса түрлері көп: картина, фото түрінде оқиғаны өрбітіп жатады. Супер заманауи драматургтердің бірі Екатерина Августиняк деген авторымыз бар. Оның пьесалары өте өзгеше, болашақтың пьесасы десек те болады. Пьеса генетикалық ДНК кодпен жазылған. Онда үйреншікті мәтін емес, генетикалық кодқа аударылған латын әріптермен ерекше ұсынылған туынды. Яғни драматургияның Ресейдегі деңгей мүлдем бөлек.
- Сіздің пьесаларыңыз көптеген театрларда сәтті сахналануында. Қазақстанда да «Жұт», «Екеуміз» т.б. спектакльдер жүріп жатыр. Сахналану барысында пьеса мәтінін қысқартып, өзгерістер енгізіп жатады. Бұған қалай қарайсыз?
Негізінде қоюшы режиссер автормен байланысып, сахналайтын нұсқасының өзгерістері жайлы ескерткені дұрыс. Егер қысқарту керек жағдайда, автормен ақылдасса, пьесаның идеясы сақталатындай етіп, сахналануға да ыңғайластырып жасаса қарсылығым жоқ.
- Ал сізге режиссерлер хабарласып, сахналық трактовкасы жайлы ескерте ме?
Жоқ, мен көбінесе спектакль шыққаннан соң бір-ақ, көбінесе басқа адамдардан естимін. Әсіресе, «Жұт» т.б. пьесаларды режиссерлер жиі алып, қазақшаға аударып, сахналап жатады. Режиссер автормен байланысып, ескерту бұл этика. Дұрыс, мәдени қарым-қатынас жасаудың ережесі. Бұл жақта өкінішке орай авторға деген көзқарас мүлдем басқаша екен. Екінші сорттағы адамдай қарайды (күліп). Жақсы, амал не?... Егер сахналауға ыңғайлау мақсатында шығарманы өзгертіп, қысқартса, шығарманың идеясы, сюжеттік байланысы ауыспаса еш қарсылығым жоқ. Ол қалыпты жағдай. Ал кейде режиссерлер өзінің финалын ойлап тауып немесе кейіпкерлерді өзгертіп, пьесаны мүлдем басқаша етіп жіберетін кездері болады. Олар осылайша шығармадағы драматургтің айтар ой-идеясын да жоғалтады. Бұл жақсы емес. Сол үшін ондай режиссерлерге ұрсу қажет (күліп).
- Рақмет, Олжас мырза! Барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!