«Ай мен Айша» спектаклі байқаудың екінші кезеңіне өтті. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Бүгінгі сұхбатымызға да осы бір шығарма арқау болмақ. Айтыңызшы, халық жазушысының туындысын сахналау идеясы қалай келді? Не дегенмен шығарма Шерхан Мұртазаның өмірі туралы болғандықтан жүрексінген жоқсыз ба?
– Шер-ағаң бұған дейін бірнеше романның, бірнеше пьесалардың авторы болған. Оқырманға әйгілі «Қара маржан» романы, «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Домалақ ана» сынды драмалары бар. Кезінде «Сталинге хат» пьесасын Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры сахналаған. Мен өзім «Сталинге хат» драмасын Тараз қаласындағы Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына қойғанмын, театр репертуарынан әлі де түскен жоқ. Ал, «Ай мен Айшаны» сахналау, негізінен, Еркін Жуасбектің идеясы еді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлттық театрдың репертуарына жаңа туынды керек болып, содан осы дүниені жазған екен. Мен басшыға У. Шекспирдің «Антоний мен Клеопатрасын» саханаламақ ойым бар деген өтінішімді жеткізген едім. Ол кісі айтулы датаны ескере отырып, осы шығарманы ұсынды. Алғашында жүрексінгенім рас... «Ай мен Айша» баяндау стиліндегі роман, мемуарлық десе де болғандай. Мұндай жанрдағы шығармаларды сахналау оңай емес. Ал, драматургияның өзіндік ерекшеліктері мен сахналық әрекеттер шиеленісі, оқиғаның өрлеу желісі сынды талаптары бар. Инсценировканы оқып шыққан соң, бір кездегі Әуезов театрының шоқтығы биік спектаклі «Ана – жер Ана» деңгейіне жеткізу мұраты пайда болды. Содан романды, Шер-ағаның «Мылтықсыз майдан», «Қырық бірінші жылғы келіншек» шығармаларын қайта оқып шыққанымда көңіліме қуатты тебіреніс, шығармашылық қанат пайда болғандай күй кештім. Жатсам-тұрсам ойыма сол сұрапыл жылдардағы қазақ ауылының, кемпір-шал мен жесір қалған әйелдердің, жетімдердің жай-күйі оралып, сол жылдарға қиялмен сапар шеге бастадым. Менің әкем сол соғыстан жамбасында қалған жау бомбасының осколкасын серік етіп, қанға малшынып, ауыр шер-шемен арқалап аман келген аз жауынгердің бірі еді. Мен сол әкемнің порох иісімен дүниеге келген, соғыстан кейінгі ұрпақпын... Сол парыз суреткерлік сөреге жетеледі...
Қойылымның сахналық нұсқасын жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбекке осы шығармасына байланысты «драмалық қақтығыстарды шебер қиыстыра білген» деген оң пікірлер көп айтылды. Сіз үшін пьеса сахналық қойылымның тақырыбы мен түпкі мақсатын қаншалықты ашып берді?
– Театралдардың бұл пікіріне толық қосыламын. Роман мен шағын повесть, әңгімелерді бір идеяға біріктіру стилі – автордың ұтымды шеберлігі екендігінде дау жоқ. Жалпы, Шер-ағаң отыз жетінің қасіреті мен сұрапыл соғыстың запыранын есею жылдарындағы өмірі өксік пен жетімдіктің, халық жауының ұрпағы деген тотықты құсалығын толықтай татып, шеменді жылдарды басы мен жүрегінен өткізген адам ғой. Шығармаларының дені сол заманның запыранына шыланған. Бұл тұста, Еркін Жуасбек Шер-ағамен сырлас, мұңдас күй кешкені аян. Сондықтан да пьеса сахналық талаптарға сай, жүрек қағысы тірі болып шыққан.
Спектакльдің сахналық шешімдерін қалай таптыңыз? Қойылымды сахналағанда не нәрсеге аса көңіл аудардыңыз?
– Ең алдымен сол сұрапыл соғыс қазақ аулынан алыста болып жатқанмен, оның дүмпуі әр шаңырақта әуелеп тұрғаны, атыс-жарылыстардың ауылда қалған жаутаңкөздердің жүрегінде, ой-санасында болғаны шындық. Спектакльде шерменде жұрттың ыңылдап айтатын әндерін әкем Қадырдың, ата-әжелердің ауыздарынан естігенмін. «Бәрің бірдей шекер мен бал...», «Көкем, көкем, көкем-ай, қай жерде жүр екен-ай...» әндерін мен өскен ауылдың жетім көңіл адамдары айтатыны есімде. Сосын қойылымның эпизодтары ауысар тұстардағы айқайлап тұратын тыныштық пен сағынышқа шыланған, қансыраған үнсіздіктер... сол заманның шерге толы жүрек қағыстары болды. Ең маңызды сурет – ол армандарға жеткізбей, жақсы өмірге өткізбей тұрған дарбаза, сана мен ойға жібермей тұрған кеңестік дәуірдің дәу Қақпасы! Осы шешімдер қойылымның ең ұтымды ұстыны деп есептеймін. Бұл суретті өте орынды етіп қиюластырған сценограф Мұрат Сапаровтың да еңбегі зор.
Спектакльге актер таңдаудан қателеспейтініңізге куә болдық. Айшаның ролін Дәрия Жүсіп, Қамқа ролін Гүлнәр Жақыпова сомдады. Жазушының прототипі – Барысхан ролінде Елжан Тұрыс, ал Мұртаза ролінде Жалғас Толғанбай өнер көрсетті. Осы тұрғыдан актерлерге қандай критерий қойдыңыз?
– Бір шығармашылдық құпияны аша кетуім керек. Негізінде режиссер роль бөлгенде автор араласпайды, бірақ Еркіннің автор ретіндегі бір ғана талабы болды, ол – Айша роліне Дәрия Жүсіпті бекіту еді, басшы ретіндегі де осы ұсынысын жасырмады. Ал қалған рольдерге байланысты менің ойларыма араласқан жоқ. Мұртазаны театрда Жалғас Толғанбайдан басқа актер кейіптей алмайтындай көрінді маған. Сол қаралы жылдарда құрбан болғандардың жетім-жесірлерінің жылаған жүректерінің төріндегі әкелер мен ағалардың бейнесі айшықты болса деген арман болды. Жалғастың азамат ретіндегі тазалығын, актер ретіндегі адалдығын ескеріп, Мұртаза роліне лайық деп есептедім.
Спектакль қазірге дейін көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие. Сол заман мен қазіргі заманды байланыстырып тұрған қойылымның өзектілігі неде?
– Ол – «өткен күнде белгі бар...» деген қағидатта. Ол – өткеннің өкініші мен жан ауыртар сызатының тегімізді тепкілеп тұруында. Ол – бүгініміз үшін өмірі мен жастығын қиған әкелер мен аналардың келер ұрпаққа аманаты. Бүгіннің кешегісіз болмауы, ертеңнің кешегінің ізінсіз болмауы. Ұрпақтың мәңгүрттік күйден арылуы. Тарихыңнан табаныңды ажыратпау, ұлтыңды сүйіп, қадірлеп қана қоймай есепсіз сүю, перзенттік парызбен мақтан тұту!
Драманың финалы адам жанын рухани шыңға жетелейді десем артық болмас. Сол бір тұста көркемдік шешімдердің биігі тас-түйін жұмылдырылған. Сіз бұл шешім арқылы болашаққа не айтқыңыз келді?
– Біразын жоғарыда атап өттім. Ал қойылымның финалы өзіңіз айтқандай, рухани шыңға, қазақ үшін көтеріліп келе жатқан күнге, кейінгі ұрпақтың аспани армандарына апарар Ақ жол сынды. Ал төменде, авансценада келер ұрпақтың тілеуін тілеп, көмескі жарықты місе тұтып, бүгініне тәуба қылған, келместің кемесіне мінгелі тұрған ата-ана, әжелердің ақ тілеуі қалып бара жатқандай...
Спектакльді Шерхан атамыз келіп тамашалағанын білеміз. Ол кісі қандай баға берді? Автордың өз туындысын жүрегіне жеткізе алдым деп ойлайсыз ба?
– Шерағаның бағасы – шарасына толған көз жасы... Ризалықтың көз жасы... Лық толы көрермен залының шапағатты ду кол шапалағына көміліп, кеудесін жара лықсыған қам көңіліне куә болған біздердің де көз жасымыз көлдей еді. Ол – шығармашылық табыстың, көрермен мен актерлардың суреткерлік биіктікте тоғысуы еді...
Режиссерлікпен қатар, актер ретінде Мамайды сомдап шықтыңыз. Екі бірдей міндетті алып жүру қиындық тудырмады ма? Әлде бұл сіздің ерекшелігіңіз бе?
– Мен бұл шығармамен «ауырдым»... Мен жалғыз Мамай емес, қойылымдағы барлық кейіпкердің өмірін сүрдім. Қиындық жайында ойлағам жоқ. Шығарманың тілінде, аталарымыз бен әке-шешелеріміздің қасірет-шеменін жаныма жалау етіп, аспандап ұшқым келді... Ұштым деп ойлаймын...
Адамзат пайда болғалы қанды соғыс, қаптаған түпсіз-түмен қасірет жойылған емес. Ғалам бұл дерттен қалай құтылмақ?
– Адам баласы Жоғарыдағы Құдіреттен, өзін бір-біріне деген махаббат үшін сүйіп жаратқан Жаратушыдан жаралғанын ұққан заманда құтылар...
Сұхбатыңызға рахмет!