Бақыт Срайлов: Облыстық театрларға кәсіби жоғары білімді мамандар жетіспейді

Қ.Жандарбеков атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық музыкалық драма театрының директоры, суретші-сценогроф, "Сахнагер-2018" Ұлттық театр жүлдесінің "Үздік суретші-сценогроф" аталымының жүлдегері Бақыт Срайлов мырзамен сұхбат.
Бақыт Срайлов: Облыстық театрларға кәсіби жоғары білімді мамандар жетіспейді

сұхбаттасқан: Бейбіт Әлкеева

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, "театртану" III курс студенті


Бақыт аға, сəлеметсіз бе?! Алдымен, "Сахнагер 2018" Ұлттық театр жүлдесіндегі марапатыңызбен құттықтаймыз! Осы жүлде жайында кеңірек əңгімелеп, əсеріңізбен бөліссеңіз.

Театр басшылығымен қатар шығармашылықты алып жүрген өзіме ең бастысы еңбектің бағаланғаны. Театр деген бір ерекше кеңістік болып табылады. Кез келген театр маманы театрға бір келген соң қайта кетуі қиын. Ал театрдағы еңбекақы айлығы шайлығына әрең жететіні баршаға мәлім. Осы тұрғыда Қазақстан театрлар ассоциясының «Сахнагер-2018» Ұлттық театр сыйлығымен марапатаулары театр қызметкерлерін үлкен серпіліс беретіні анық. «Үміт» номинациясымен 30 ға жуық Қазақстан театрларынан жас сахнагерлері марапатталды. Бұл дегеніміз жас өнерпаздарға деген үлкен шабыт күш-қуат беретініне сенімдімін.

Ақсақалдарда ұмытылған жоқ. Номинацияларда өте дұрыс анықталған сияқты, Себебі сахна төріндегі азаматтар елге белгілі, өнері биік, шығармашылығы ұшқыр. Сол азаматтардың бірі болу мен үшін үлкен қуаныш.

Жалпы, бүгінгі Қазақ театр өнерінің даму деңгейін қалай бағалар едіңіз?

Театр өнерінің өтпелі замандағы жағдайы барлығымызға белгілі. Театрдың театр болып қалуына қиыншылықтарға қарамай үлкен үлес қосқан азаматтар аз болған жоқ. «Елдің халықаралық мәртебесінің өлшемі - Өнер» болатын болса, қазіргі таңда айтарлықтай даму байқалады. Әсіресе соңғы кездегі “Астана Опера”, “Астана мюзикл” театрларының спектакльдері әлемдік деңгейде өнер көрсетуде. Астана қаласы «Жастар» театрының жаңа бастамалары алдағы уақытта жалындап, бүкіл әлемдік деңгейде танылатынына сенімім мол.

Суретші-сценографтың ең басты (театрдағы өзге мамандықтардан) ерекшелігі деп нені айтар едіңіз?

Осы салада енбектеніп жүргеніме 35 жыл болыпты. Қазақстан театрларында 100-ге жуық қойылымдардың қоюшы-суретшісі болып, суреткерлік-сценогрофиялық шешімдерін жасадым. Суретші-сценогрофтың ең басты ерекшелігі, әдебиет шығармасын жүректен өткізіп сахналық образын табу болып есептеледі. Сахна безендіру эскиздерімен киім үлгілерін дайындаған суретшінің атқарар міндеттері аса жауапкершілікті талап етеді.

Сахна көріністерінің шынайы да ұтымды шығуы қойылымның сапасымен мән-мағынасын айтар ойына оң әсер етуі қажет. Қойылымның көрермен көңілінен шығуы режиссер мен суретшінің ойлары, мүддесі бір арнада тоғысқан.

Өнерді есеппен емес ессіз сүйетін, ізіңізді жалғайтын жас суретші-сценографтар ретінде кімдерді атай аласыз?

Өзім қызмет еткен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында позивті жаңалықтар болуда. Себебін айтсам, соңғы жылдағы сценография түлектері театрларға бара бастады. Қазіргі таңда Қарағанды, Орал, Алматы қалаларында жас сценографтар жұмыс жасауда. Астана «Жастар» театрының бас суретшісі Ерлан Тұяақовты ерекше атап айтар едім. Академия қабырғасында қызмет етіп жүрген философия докторы Қабыл Халықов ауқымы үлкен суретші сценограф, бергенінен берері көп белгілі халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты

Еліміздегі "облыстық театрлардың" кəсіби деңгейі жайында не айтасыз?

Алматы, Астана театрларымен облыс театрларын салыстыру оңай шаруа емес. Баршаға белгілі біздегі артистердің көпшілігінің арнайы білімі жоқ. Осыған байланысты шығармашылық деңгейді көтеру (оқыту) үшін біраз танымал режиссерлер шақырылады. Әр режиссердің шеберлігінен сусындаған жастар өзіне керегін алады. Кәсіби жоғары білімді мамандар жетіспейді. Шақыру арқылы келген жас маманға жағдай жасау керек. Қойылым қаржылары төмен деңгейде болған соң суретші жобаларының, ойларының барлығы сахнаға толық шықпай жатады. Дегенмен, шүкір премьераларды күтіп, қызығатын көрермендер көбейіп келеді.

Келер жыл өзіңіз қызмет ететін Қ.Жандарбеков атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық музыкалық драма театрының 50 жылдығы тойланғалы жатыр екен. Құттықтаймыз! Осы жылдар ішіндегі театрдағы өзіңіздің таңдаулы жұмыстарыңызға шолу жасап өтіңізші.

Алғашында 1997 жылы Алматыда өткен М.Әуезовтың 100 жылдығына арналған Халықаралық театр фестивалінде «Қорғансыздың күні» трагедиясы жүлдегері атанып, шабыттанып, көптеген фестивальдердің, сурет көрмелерінің дипломаты, лауреаты атандым. Таңдаулы жұмыстарға келетін болсам, өзімнің дипломдық жұмысым Б.Васильевтің «Тамылжыған таң» драмасы, М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясы, А.Островскийдің «Жазықсыздан жазықты», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», Р.Отарбаевтың «Двойник» драмалары әртүрлі театр фестивальдеріне қойылып, көрермен назарларына ұсынылды.

Жаныма жақын жұмыстарым Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жастар театры сахнасында жылдап жүріп жатқан қойылымдарым Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым», С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектакльдері.

Соңғы он жылдықта театр өнерінің құлдырауын "буын алмасу" процессі жүріп жатыр деп өзімізді алдарқаттық. Осыған қаншалықты келісесіз? Қазақ театр өнеріне жаңа толқын келді ме?

Қазіргі таңда спектакльдерде сөзден басқа актер пластикасы, би, понтонима, эффектілер көрермен ойын қозғауды алдыңғы кезекке шығарды. Бұл заман талабы, Ұлтты өлтірмейтін – оның төлтума мәдениеті, театр тілі, музыка тілі, әлемге баршаға түсінікті деп білемін. Бүгінгі театр актерлік өнерге үлкен талаптар қояды.

Костюм суретшісі, сценограф, жарық беруші секілді есімдері жиі аталмайтын сахна сыртындағы еңбеккерлердің төккен тері қаншалықты бағаланып жатыр деп ойлайсыз?

Театр – бұл күрделі механизм. Жоғарыда аталған кәсіби мамандарысыз спектакльдің сапалы қойылым болып шығуы екі талай. Өзім театр суретшісі болған соң ол кісілердің еңбектерін жоғары бағалаймын. Сахна құрылымдар мен техникасына үлкен мән беремін. Еңбегіне қарай марапат пен атақ алып жатқандары да белгілі.

Қазақ театр өнерінің көшін жалғайтын жастарға айтар ақылыңыз бен тілегіңіз болса?!

Ұлы режиссер Ә.Мамбетовтың спектакльдері өз дәурінің рухани жаңғыруына мұрындық болуы Қазақ театры ең бақытты дәуренін бастан өткізді. Әлемге танылды, көрермендерді тәнті етті, ерекшеленді театрдағы жастарға дәл осындай жаңа леп, жаңа тыныс, жаңа шешімдер, ауқымды жұмыстар тілеймін.

Əңгімеңізге рақмет!