Ділшат Рахматуллин: Толықметрлі мультфильм түсіріп әлемдік прокатқа шығу жоспарымыз бар

Белгілі режиссер-мультипликатор Ділшат Рахматуллинмен сұхбат.
Ділшат Рахматуллин: Толықметрлі мультфильм түсіріп әлемдік прокатқа шығу жоспарымыз бар

сұхбаттасқан: Бауыржан Әбдіқасымов

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, "кинотану" III курс

қазақшаға аударған: Данышпан Әшімова

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, "кинотеледраматургия" III курс


Ділшат, алдымен сіз өзіңізді таныстырып өтсеңіз: Қай салада жұмыс істейсіз?

«Dala animation» атты анимациялық фильмдер студиясында режиссер болып жұмыс істеймін. Біз «Балапан» телеарнасына арнап көпсериалы мультфильмдер жасаймыз.

Аниматор мамандығына қалай келдіңіз?

Бала кезімнен сурет салуды жақсы көретінмін. Әкемнің суретші болғанына қарағанда, өнерге деген қызығушылығым маған генетикалық жолмен берілген сияқты. Мектепте сабақты жақсы оқымасам да, суретті жақсы салатынмын. Осылайша, мектептен кейін Орал Таңсықбаев атындағы Алматы Сәндік және Қолданбалы өнер колледжінің «Кескіндеме өнері» факультетіне оқуға түстім. Колледжді бітіргеннен кейін, барлық курстастарымызбен бірге Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына оқуға тапсырдық. Өкінішке орай академияға мен ғана түсе алмадым.

Анимацияға деген қызығушылығым академияға достарыма келіп жүрген кезде оянды. Барлық қозғалыссыз суреттердің – анимацияда жан бітіретіндігі мені өзіне баурап алды. Бұл құбылыс қарапайым суретші үшін сиқырлы болып көрінері сөзсіз. Осы процессті өз қолыммен сезінгім келді. Сөйтіп, академияға оқуға үшінші мәрте тапсырғанда бір-ақ түстім.

Сурет салуды білгендіктен болар, маған анимация қиынға соқпады. Алайда, екінші курсқа келгенімде режиссура бағытына қызығып, сол тұрғыдан тереңірек зерттей бастадым.

Мектеп пен академияның айырмашылығы қандай?

Мектеп системалық оқу орны. Ал академиядан алған тәлімді мен толық қанды философия дер едім. Сондықтан болар, шығармашылық жұмыстардан басқасының барлығы мені қызықтыра алмады.

Мультипликация сіз үшін жай ғана жұмыс па, әлде ...?

Жай ғана жұмыс емес, бұл менің сүйіспеншілікпен істейтін шығармашылық ізденісім.

Уақыт өте келе сіздің қызығушылығыңыз қаншалықты өзгерді?

Академияда 5 жыл бойы оқып жүргенімде, өзіндік тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, үш бірдей мултьфильм жасап шығардым. Соның біріншісі қолдан салынған сурет анимациясы болса, екіншісі пластилиннен жасалған анимация, ал үшіншісінде У.Диснейдің өзі жиі қолданған «эклер» тәжірбиесі пайдаланылған анимация.

Сіздің YouTube каналыңызды қарағанда, көптеген мультфильмдеріңіз барын байқаған едім. Сол туындыларыңыздың шығу тарихына біраз тоқталып кетсеңіз.

Академияны бітіргеннен кейін “Azia Animation” студиясында режиссер болып жұмыс істедім. Біраз уақыттан кейін «Балапан» телеарнасына туындыларымды ұсынуға мүмкіндік алғаннан соң, өз командамды жинай бастадым. Композиторлар мен режиссерлерді, аниматорлар мен  суретшілерді шақыртып, топтың атын ойластырдық. Команда жинау аса қиындық тудырмады, себебі бәріміз бір академияда оқығандықтан, алға қойған мақсаттарымыз бір жерден шығып, жұмыла іске кірісіп кеттік. Міне, сол сәттен бастап, бүгінгі күнге дейін бәріміз бірге жұмыс жасап келеміз.

Қоржындарыңызда қанша мультфильм бар?

Шынымды айтсам санамаппын. Бірақ, әр түрлі жобалар арқылы жасалған жүзге жуық мультфильмдер болуы мүмкін.

Суретті қолмен саласыз ба, әлде компьютермен бе?

Бастапқы кезде қағаз, қарындаш арқылы қолмен салынған сурет, соңында компьютермен аяқталады.

Сіз өзіңізді суретші, мультипликатор, аниматор немесе әдеттегі шебермін деп есептейсіз бе?

Мамандықты іштей танып білгендіктен, көбіне өзімді режиссер ретінде сезінемін.

Көпсериалы мултьфильмдеріңіздің бір сериясын жасау үшін қаншалықты уақыттарыңыз кетеді?

Жылына 10 минуттық 20-30 серия жасаймыз. 3D анимациясын жасау үшін студиямыз заманауи технологиямен жабдықталған. Солардың бірі қозғалыс костюмі “Motion Capture”.

Алдағы уақыттарда компьютерлік анимация қолдан салынған сурет анимациясы мен қуыршақ анимациясын басып озады деп ойлайсыз ба? Жалпы болашақтағы мультипликацияны қалай елестетесіз, айталық, бірнеше жылдардан кейін?

Компьютерлік анимация жақын арада алға басып кетпесі анық. Себебі барлық анимацияның түрі бір ретпен, бір уақытта дамып келе жатыр. Сондықтан, болашақтағы анимация да өзгеріссіз қалады деген ойдамын. Тек тақырыптары мен анимацияны қолдану тәсілдері ғана өзгеруі мүмкін.

Сіз кім үшін еңбектенесіз? Неге назар аударасыз және сіз үшін сапа критерийі қандай?

Еліміздің балалары өздерінің ұлттық дәстүрі мен мәдениетін жақсы танып білуі үшін еңбектенеміз. Онымен қоса, өзге мемлекеттердің де еңбектерін тәжірибе алмасу мақсатында пайдаланамыз.

Шет мемлекеттер мен Отандық мультфильмдердің қандай айырмашылықтары бар?

Айырмашылығы: біздегі “анимация” енді ғана дамып келе жатса, көптеген өзге мемлекеттерде “анимация" әлдеқашан үлкен өндірістік машинаға айналған.

 «Аниме» бағытындағы танымал мультипликацияға деген көзқарасыңыз?

Бұл да бір өзіндік үлкен тарихы бар дәстүрлі мәдениет. Уақыт өте келе біздің де өзіндік анимациялық мәдениетіміз қалыптасады деген ойдамын.

Кеңес кезіндегі мультипликацияға қалай қарайсыз?

Құрметпен қараймын, себебі сол замандағы өте көп талантты шеберлерден үйренеріміз баршылық.

Қазақстанда мульфильм жасау қаншалықты танымал?

Қазақстанда мультфильм жасау, меніңше, аса танымал бола қойған жоқ.

Отандық мультипликацияның болашағы туралы не айтар едіңіз?

Бұл жағын айту қиын. «Анимация» мемлекетімізде қарқынды даму үшін – үкімет тарапынан қолдау мен көмектер қажет.

Мультипликатордың аздап әртіс болғаны жөн бе?

Аздап емес, “шебер” әртіс болуы керек, себебі барлық кейіпкерлер аниматордың актерлік шеберлігін бейнелейді.

Мульфильмдеріңізде сюжеттер мен идеялар қалай ойластырылады?

Әдетте, біреуімізде идея туындаған кезде, бәріміз жиналып сол идея төңірегінде сюжеттерді өрбітеміз.

Қандай материалдармен және техникалармен жиі жұмыс жасайсыз? Соның ішінде сізге ұнайтыны қандай, ұнамайтыны қайсы?

Материалдар әңгімедегі белгілі бір тақырыпқа байланысты, маған сюжетті қарындашпен қағазға салған көбірек ұнайды, ал қалған бөлігі – техника мен шеберлік.

Балалар қуыршақ мультфильмдеріне қарағанда көбірек қолдан салынған сурет мультфильмдерін жақсы көреді деп ойлайсыз ба?

Әр адамның талғамы әртүрлі. Балаларды кез келген анимацияның түрімен қызықтыруға болады, маңыздысы олардың жас мөлшері мен психологиялық ерекшеліктерін ескеру керек.

Анимация мен режиссураның айырмашылығы неде? Қайсысы қиынырақ?

Анимация – ойлануды қажет ететін нақты бір көрініс, ал режиссура – білімнің ордасы. Екі бөлік те өте күрделі деп ойлаймын.

Мультфильм жасау барысында сіз қаншалықты рахатқа бөленесіз, әлде бұл құбылыс сіз үшін әдеттегі жұмыстардың бірі болып қала ма?

Әрбір кадрды жасау барысында ләззатқа бөленетін болсаңыз, онда бұған  әдеттегі жұмыс ретінде қарауға болмайды.

Мультфильмдеріңізде сізді алаңдататын және көрсеткіңіз келген ерекше тақырып бар ма? Жалпы алғанда сіз үшін не маңызды: мультфильмнің қалай жасалғандығы ма, әлде оның не жайлы айтпағы ма?

Бұның екеуі де маңызды, әйтпесе адамдар көрмейді. Тақырыпты әңгімелеп беру үшін сапалы және қолжетімді визуалды сериялар жасай білу керек. Егер сіз оны жақсы баяндасаңыз, сонымен қатар жаман істесеңіз, графикалық бөлігі көрініп немесе мүлдем көрінбей қалуы мүмкін.

Көбінесе қазіргі замандағы атақты мультфильмдер бір сценарий арқылы жасалған сияқты бір-біріне ұқсап кетіп жатады. Ал оларға мүлдем ұқсамайтын мультфильмдер прокатта жоқ және ондай мультфильмдерді қайдан көруге болады?

Бір-біріне ұқсамайтын, яғни, артхаус мультфилмдер әртүрлі фестивальдерде көрсетіліп жатады. Ал коммерциялық мульфильмдер аудиторияның белгілі бір эмоцияларына негізделіп жасалғандықтан болар, бір біріне ұқсайтындай көрінеді. Бірақ, көп жағдайда олай бола бермейді. Әр сәтте жақсы шыққан мультфильм өзіндік эмоция мен мағынаға ие.

Аниматордың күнделікті уақыты қалай өтеді? Сіз қалай жұмыс жасайсыз және қалай демалғанды жақсы көресіз?

Жұмыс әдеттегідей таңғы сағат онда басталады. Сол күнгі жұмыс жоспарын  барлығымыз талқылаймыз да тапсырмаларды бөліп аламыз. Сөйтіп, күні бойы ғажайып әлемге сапар шегіп болғаннан кейін, кешке шынайы өмірге қайта ораламыз. Осылайша, үйді-үйімізге тараймыз. Ал демалысымыз барлық адамдардікі сияқты өтеді.

Қарапайым суретші мультфильм жасай ала ма? Ол үшін не керек?

Біздің заманымызда бәрі де мүмкін. Бір ғана адамның өзі қысқаметрлі  мультфильм жасауға мүмкіндігі бар. Менің өзім де солай бастағанмын. Ол үшін ең алдымен қызығып қана қоймай, шын мәнінде осыны қалап, талмай еңбек ету қажет. Ал қалған материалдарды интернеттен-ақ табуға болады.

Алдағы жоспарларыңыз турасында айта кетсеңіз: Қандай биіктерді бағындырғыңыз келеді?

Мәдени мұраларымызға сүйене отырып, толықметрлі мультфильм түсіргіміз келеді және осы арқылы әлемдік прокатка шығу ойымызда бар. Алайда, ол үшін үлкен қаражат қажет. Бірақ, алдағы күндерде керекті қаражатты табамыз деген сенімдеміз.