Қазақ өнерінің әсем тармақтарының бірін құрайтын дәстүрлі ән мен күй туралы халық даналығында түрлі аңыздар бар. Солардың бірінде Жаратушы ән мен күйді көкке қалықтатып оларға еркіндік сыйлаған көренді. Сонда ол екеуі ұлан байтақ жерді иеленіп жатқан ұлы халық, қазақтарды паналауды жөн көріп, сол жерге қонған екен деседі. Содан бері бұл халық өз өмірін ән мен күйсіз елестете алмайтын өнерлі халыққа айналыпты. Өткен ғасырларда қазақ даласын арнайы зерртеу мақсатымен келген Европа елдерінің саяхатшылары қазақ фольклорының рухани байлық жасағанын, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып дамып келе жатқанын, бай дәстүр қалыптастырғанын айрықша атап өтті.
Солардың бірі, музыка зерттеушісі Б.Г.Ерзакович былай дейді: «Қазақтың музыкалық тіліндегі облыстардың өзіндік стиль ерекшеліктері, біріншіден, қазақ халқының құрамына енген тайпалар мен халықтардың этногенездік ерекшеліктерінің салдарынан болса, екіншіден, күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан көршілес елдердің музыкалық мәдениетінің ықпалының жемісі деуге болады».
Бұл пікірден қазақ ән өнерінің бірнеше мектепке бөлінетіндігін байқауға болады. Ол кеңбайтақ еліміздің әр өңірінде табиғат ерекшелігіне қарай қалыптасты. Бұл ойды жазушы, өнер зерттеуші-ғалым Ақселеу Сейдімбековтың пікірі растайды. Ол кісінің айтуынша қазақ ән өнерінде бес әншілік мектеп бар: «Бірінші, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу өңірін қамтитын әншілік мектеп, екіншісі, Орталық және Солтүстік аймақтарды қамтитын мектеп, үшіншісі Қазақстанның Батыс өңірін қамтитын мектеп, төртіншісі, Сыр бойының әншілік термешілік өнері, бесіншісі Қазақстанның шығыс өңірін Баян өлкесі мен Түркістанды қамтитын мектеп».
Қарағандылық музыка зерттеуші Ерлан Төлеутаев осы бес мектептің ішіндегі Арқа мектебінің өзін «жас шамасына» қарай бірнеше мектепке жіктейді. Атап айтқанда: «Қызылжар, Көкшетау, Баянаула, Қарқаралы –Қу өңірі, Тоқырауын, Ақмола –Қорғалжын, Атасу –Жаңаарқа».
Жалпы, Арқадағы әншілік ошақтарды жіктегенде үнемі ескеріп отыратын бір мәселе бар. Зерттеушілер келешекте әншілік мектептерді зерттеген кезде әндерді тудырушы және орындаушылық дәстүрді қалыптастырушы аймақтар деп екіге бөліп қарастырғанды жөн көреді. Себебі, әншілік мектептер деген кезде, дәстүрлі әндер дүниеге келген аймақтарға ғана тоқталып, ал үздік орындаушылық орта қалыптасқан ошақтар ескерусіз қалады. Осы тұрғыдан алғанда Арқа өңірінің әншілік ошақтарын төмендегідей жіктеген орынды болады.
Алдымен дәстүрлі әндерді тудырушы – ұлы композиторлар дүниеге келген мекендерді бір саралап алсақ. Осы уақытқа дейін зерттеушілер Арқа әнінің ту тіккен биігі ретінде Көкшетауды айтып келгені белгілі. Оған себеп, Көкше өңірінде ән атасы Біржан салдың, «өнерінен өмірі сұлу» (Мағжан) Ақан серінің, «топ жарғанның бірі» (Сәкен) Үкілі Ыбырайдың, алып күш иесі, композитор Балуан Шолақ сияқты қазақ музыка өнерінің алыптарының кіндік асқақ, көркем әндерінің осы Көкшетауда дүниеге келуі. Әйтсе де, музыкатанушылардың көзінен үнемі қалтарыста қалып қоя беретін үлкен бір ән ошағы бар. Ол – Қызылжар өлкесі. Салыстыра отырып зерделесек, Арқа әндерінің ең алғашқы қарлығаштары Қызылжар өлкесінен қанат қаққанын байқауға болады. Көкшетау әндеріне қарағанда, Қызылжар әндерінің «жасы үлкендігі» тың ізденістерге баруға жетелейді . Мысалы, ән атасы атанған Біржан салдың Сегіз серіні өзіне ұстаз тұтуының өзі көп жайды аңғартқандай . Ал, Сегіз серінің дүниеге келген жері осы Қызылжар өңірінің Гүлтөбе – Мамай атты өлкесі. Бір кереметі – Арқаның ең көне әндерінің бірі «Жиырма бестің» шығарушысы деп жүрген Салғара Жанкісіұлы (1759 – 1859) осы Гүлтөбе – Маманайда дүниеге келген. Сол сияқты өз маманының белгілі өнерпаздары – Нияз сері Бекдәулетұлы мен (1818 – 1893), Сейітжан сал Көрпешұлы да, (1819-1885) осы Гүлтөбе – Маманайда туған деген деректер бар.
Бұл деректер мен дәйектер Арқа әндерінің үлкен ошағының бірі Қызылжар өңірі екендігін, ал Гүлтөбе –Маманай жері Арқа әншілік дәстүрінің «бастау көздерінің» бірі деген батыл тұжырым жасауға негіз бола алады.
Екінші бір әншілік мектептің қалыптасқан жері – жоғарыда айтқан Көкшетау өңірі. Көкшетау әншілік мектебі Арқадағы басқа мектептерден қай жағынан алсақ та мойыны өсіп тұр. Себебі бұл өңірде қазақтың классикалық ән өнерінің эталондық нұсқаларын тудырған ұлы тұлғалардың дүниеге келгенін, әрі ғұмыр кешкенін жоғарыда айтып өттік. Аттары аталған тарлан таланттардың дарын қуаты Көкшетау мектебін қазақ даласындағы барлық әншілік мектептерден үстем қылып тұр десек, артық айтқандық емес. Баянауыл әншілік мектепбінің ірі өкілдері: Жаяу Мұса, Естай, Жарылғапберді, Мұстафа Бүркітбайұлы, және тағы басқа біртуар дарындар Көкшетаудан ән бұлағына қосылып, оны дарияға айналдырды. Баянауыл мектебі Арқадағы ең қуатты ән тудырушы мектеп болып қалыптасты.
Арқаның әншілік мектебінің тағы бір үлкен ордасы — Семей өңірі . Бұл өңірде арқа әндері Ұлы Абайдың поэзия мен әнге жаңаша түр мен мазмұн әкелу нәтижесінде күрделі өзгерістерге ұшыраған. Абайдың Еуропа мәдениетімен таныс болуы оның композиторлық өнерде де, тыңнан соқпақ салып, жаңа үлгідегі ән дәстүрін туғызуына жол ашты. Сол себепті, Абай әндері жеке мектеп болып қалыптасып, Семей өңірі әншілік мектебінің алтын өзегі болды. Дегенмен бұл өңірде Абайдан кейін күшті композиторлардың болмауына байланысты үлкен әндер туа қойған жоқ. Арагідік дүниеге келген әндердің бояуы көбінесе солғын, Арқа әндерінің амплуасына келе бермейді. Тек, атақты Әсет Найманбаев (1867 — 1922), Берікбол Көпенұлы (1854-1931) Мұхамеджан Майбасарұлының (1854-1921) шығарған әндері ғана Арқа әндеріне көтеріле алған. Семей өңірінде ән орындау өнерінің аса биік деңгейге көтерілгенін айтуға тиіспіз. Мысалға: Мәдениет Ешекеев, Манарбек Ержанов. Бір айта кетерлігі, Семей әншілік мектебі зұлматты замандар тезінен аман – есен өтіп, бүгінгі таңда қайта өрлеу дәуірін басынан өткеруде.
Орталық Қазақстандағы үздік әншілік мектептің қалыптасқан жері – Қарқаралы, Қу өңірі. XIX ғасырдың орта кезіне қарай бұл жерлерде Қарқаралы қаласы мен Қоянды жәрмеңкесінің пайда болып, қалалық мәдениеттің дамуы өнердің де өркендеуіне игі әсерін тигізді. Қарқаралы
– Қу өңірі орындаушылық дәстүрдің үздік үлгілерін көрсеткен киелі мекен. Тек бұл жерде де Семей өңірі сияқты әнді тудырушы – композиторлар жоқтың қасы. Ұлы композиторлардың соңғы тұяғы Мәди Бәпиұлының әндері ғана бұл өлкені басқа ән ошақтарынан өзгеше әйгілеп тұр. Қарқаралы –Қу өңірі орындаушылық дәстүрдің ірі өкілдері Ғаббас Айтбаевпен ағайынды Жақыпбек, Жүсіпбек Елебековтердің отаны. Арқа әндерін орындаушылардың көрнекті өкілдері Исайын, Нағайбыл, Мұсылманқұл Әбсалықов, Нығман Әбішев, Мәжит Шалқаров, Қуан Лекеров, Мағауия Көшкінбаев және тағы басқа әншілер осы топырақтың тумалары. Сондай –ақ, Қарқаралы –Қу елі өзіндік ән орындау дәстүрін сақтап қалған өңірлердің бірі.
Қарқаралы сияқты орындаушылық дәстүрді дамытқан мектептердің бірегейі ретінде Ақмола – Қорғалжын әншілік мектебін айтуға болады. Мұндағы композитор әншілер Құлтума, Ғазиз, Үлебай, Сәтмағамбет, ағайынды әншілер Есімжан, Қосымжан Бабақовтар арқаның ән орындау мектебін кемелдендіргендер қатарына есімдері алтын әріппен жазылады.
Арқадағы әншілік дәстүрдің үлкен ошағы Атасу – Жаңаарқа өңірінде қалыптасқан. Бұл өңірдің әншілік дәстүрі Ақмола Қорғалжын өңірімен тамырлас. Себебі, екі өңірдің бір – біріне географиялық жағынан жақын орналасуы – рухани – мәдени байланыстардың үзілмеуіне ықпал етті. Осы жерде этногенездік фактордыңда бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Қарқаралы сияқты да, Жаңаарқа жерінде де Арқа дәстүрінде ән шығарған композиторлар жоқтың қасы деп айтуға болады. Керісінше, бұл өлкелер шертпе күй өнерінің классикалық мектебі дүниеге келген өңір. Күй өнерінің белді өкілдері: Тәттімбет, Сайдалы Сары Тоқа, Қыздарбек, Дайрабай. Арқаның әншілік, күйшілік өнерінің оазисі іспетті Атасуға орыс отаршылдарының таяғының жетпей қалуы-ән мен күй мектептерінің аман қалуына мүмкіндік туғызды. Кейін Арқаның әншілік мектебінің әлемдік деңгейде қайта түлеп жаңғыру құбылысы осы Атасу-Жаңаарқа (Қайрат Байбосынов) өңірінде орын алды.
Арқа әндерінің тақырыптық шеңбері сан қилы. Шабытты, аралас өлшем, ырғақты екпінмен орындалатын, термелер үндестігіне жақын, шырқата созылып айтылатын кең тынысты әндер арқа ән мұрасында мол. Мысалға сал мен серілер шығармашылығына үңілсек, Біржан сал тақырыбы жан-жақты. Дәлірек айтсақ: «Жанбота» әні басталғанда жоғары дауыстан, шың нотадан басталады. Бұл әнде ақынның жан ашуы айқын көрінеді. Әнді тыңдай отырып, әншінің сол сәтте, яғни ән дүниеге келу мезетінде қандай халде болғанын сезінуге болады. «Адасқақ» әні алдыңғыға қарағанда сазды, сабырлы, байыпты. Сонымен қатар мұнда үлкен құлаш, кең тыныс, нәзік лирика бар. Ал, Ажар қызға арналған «Тентек» әні көңілді, мажор кейіпті шығарма. Ән жай бастап, қайырмасында құйқылжытып, еркелетіп, дауысын неше саққа жүгіртіп, ойнақшытып алып кетеді. Әнде сыпайылық та, сезім де, қыздың әсем, ажарлы келбетіне қызыққан жанның көңіл күйі де, құрбының қалжың сияқты лебі де бар.Әннің құрылыс формасы, даму кезеңі ақынның «қаламынан» шыққандығын дәлелдейді. «Ләйлім шырақ» әні, Біржанның дауыс байлығымен байланысты шырқай,кере салатын ән. Біржан әндерінің ішіндегі белдісі осы — «Ләйлім шырақ» әні.
Атақты әнші, ақын, композитор Жаяу Мұсаның шығармашылығындағы қазақтарға тән емес күлкі, жеңілдік кезеңдер де орын алады. Оның жеңіл, басқаша айтқанда көңіл көтеретін мелодиялары бірыңғай ширектік өлшеуге сыйып отырады, солай аяғына дейін өзгермей, «Гитарға лайықты» сүйемел керек еткендей және биге шақырып тұрғандай болады. Біразды көрген Мұсаға мазурканың ырғағы белгілі болса керек, -дейді А.Затаевич «Қазақтың мың әні».
Мұсаның «Ақ сисасы» бұрын –соңды қазақтың халықтық музыкасында болмаған үлгі. Басталғаннан күшті, серпінді, дауыстың жоғарғы регистрінен алып кеткен дыбыс, сол сатыдан түспей, өршеленіп, екіленіп, автордың рухани күшінің анау – мынау «белдеу күштен» басым екендігін сездіреді. Сол екпінмен, сол жігермен ән аяғына дейін барады. Қайырмасының өзі де «Гәгәги, гәук-ки» деп, сөзсіз келсе де, ашу кейіс дыбысындай қышырланып, үдей түсіп, тек аяғында «айтарымды аттым!» деп, көңілі тынғандай жайдары кейіпке көшіп, құйқылжып барып бітеді.
«ГауҺар қыз» шығармасы Мұсаның әндерінің ішіндегі ірісінің бірі. Бұл әнде сөзсіз, Біржан, Ақанның әсері бар. Мұса өзінің шығармасында өз тұсындағы халық композиторларынан ерекше, жан жақтырақ болды. Ол қалаларда оқып, кейін тағы жақын-алыс ел аралап, музыкалық сөздігіне басқа елдердің интонациясын қосқаны рас. Әсіресе, оның гармонь, скрипка тартуы бұл жағынан әсер етпей қойған жоқ. Мұса дүниге «Гауһар қыз» сияқты ән шедеврін берді. «Гауһар қыз» — азаматтық лирикаға толы, аса жұмсақ, басталуының өзі тыңдаған адамды ұйытып алып кетеді. Өлеңнің екінші жолынан бастап ән шырқап жоғары көтерілгенде, Абай айтқандай «Бақырған құр айқай» болмай өте жұмсақ сызыла көтеріледі.
Халық арасында көп тараған әннің бірі – «Құлбай». Бұл әнде Мұсаның кейбір шығармаларындағыдай қалжың, мысқыл бар. Әсіресе қайырмасында Мұсаға тән құйқылжытып, өршелендіріп келіп: «Құлбай бай, Құлбай бай! әнім менің красивай! Қыпшақски жәрмеңке –ай!» деп кеткен жерінде Құлбайдың руын айтып өзінің бұл жүрісінің қалың Қыпшақ ішінде жәрмеңкедей екенін суреттейді. Мұсаның «Құлбай» дәстүрінде шығарылған әннің бірі – «Шолпан». Ән көңілді, кейбіреулер айтатын жеңілдіктен аулақ, жаратылыс сұлуына қызыққан адамның көңіл ырғағын бергендей кесек туынды. Сырт жағынан осы «Құлбай», «Шолпан» әндеріне ұқсайтын Мұсаның әнінің бірі «Тұрымтай». Бірақ ол бұлардан көрі байырақ. Соған қарағанда автордың музыка шығаруда, орындаушылықта, бірқатар тәжірибесі молайып, қорланып қалған кезінде шығарғанға ұқсайды. «Тұрымтайдың» аспапқа арналып марш болып кете баруы да оның музыкалық тынысының кеңірек болуынан да шығар дейміз. Басталуы осы әндерге жақын боғанымен «Тұрымтайда» азда болса даму, құрылыс жағынан толыға, өсе түсуі бар.
Жаяу Мұса музыкалық шығармашылық жағынан аса бай, жан-жақты адам болды. Ол бір жағынан Біржан, Ақан дәстүрінде шығарса, екінші жағынан қала музыкасының рухында әндер шығарды. Соның бәрінде де оның туындылары басынан аяғына шейін шынайы қазақ музыкасы болып қалады.
Сұңқарша саңқылдаған –Үкілі Ыбырай ән мен жырдың көгінде шарықтап самғаған саңлақ атамекен табиғатын, сұлу жаратылысын, ән сазымен аққудың саңқылын,қаздың қаңқылын, шағаланың шаңқылын, тас бұлақтың сылдырап аққанын, айдын көлдің толқығанын, өз басының көңіл-күй құбылыстарын, ішкі жан сарайын, ой-сезім әлемін, интеллектуалдық болмысын, көркемдік эстетикалық дүниетанымын, замана шындығын әрі нәзік,әрі әрі терең суреттеген.Өлең жырларының нәзік кестесі,өрнек нақышы,музыкалық құбылыстарға бай. Саз-келісім жағынан алғанда, жігерлі, ойнақы, бұрқыраған қуатқа толы яки жұмсақтығы жібектей әсем әуенді, қоңыр үнді, терең сезімге құрылған я болмаса салтанатты шадыман.
Айтулы әнші- ақын сыршылдыққа, нәзік иірімдерге толы өлеңдермен қатар, өмір, дүние турасында философиялық шынайы толғаныстарға құрылған әндері де көп.
Айтыс ақыны, композитор, әнші, сырнайшы,жонглерлік-клоундық өнердің де иесі- Шашубай Қошқарбайұлы шығармашылық өнеріндегі «Ақ қайың» деген бейнелі ұғым қазақ сахарасының көркем келбетін, сән-сәулетін, шексіз кеңістігін,өнерпаздық болмысын, тұрмыс- тіршілік толқындарын бейнелейді.
Күн нұрына жайқалып өскен, соншалықты музыкалық және поэзиялық сырлары мен қасиеттері терең, қиял, көңіл құстарын шартарапқа таратқан қанатты образ ақынның жан дүниесінің ішкі иірімдерін, өлеңге өнерге деген махаббатын жайып салады.
Міне осындай Сарыарқада саф өнердің туын тіккен, оны асқақтата жоғары ұстай білген жұлдыз шоғырындай топ Мәдидің рухани ұстаздары, өнер мектебі болды. Адамның ішкі сырын тамыршыдай тап басып тани білетін Мәди жоғарыда аттары аталған өнер иелерінің қай-қайсының болмасын шығармашылық ерекшеліктерін, әндерінде айтылған ішкі ой иірімдерін аңдай алды. Сол себепті де көкірегіндегі саңылаудан өнер сәулесі ерте түскен бала Мәди оны саралай алды және өзі де сол бағытта батыл қадамға барды. Онысы сәтті шықты да.
Мәдидің музыкалық шығармалары саны жағынан шамалы болғанымен, әлеуметтік мәні терең.Сондықтан да жұрт оларды сүйіп айтып, құмарта тыңдайды. Әрқайсысы дәуір ағымына, замана оқиғасына байланысты таптық қайшылықтан келіп туған қиянат пен зәбірлікке қарсы айтылған лағынет іспеттес. Халық әншісінің қайсы әнінде де сол күрес, тартыстың, жан ашуының ізі ашық сезіліп,қайрат қаһарына мінген жігерлі үні естілсе, енді бірде мұң мен шердің көңілсіз елестері көз алдыңа келеді.
Халық өнерпазының «жасымнан аяғымды тарта баспай, кетті ғой Қақабайға тізем өтіп»,немесе «Ағамыз Қақабайдың арқасында, алдық қой бұл түрмеден жақсы қоныс» дейтін жолдары жай, ұйқас үшін айтыла салмаған. Мәдидің күрес объектісінің өзі осы Қақабайдан басталады. Сондай-ақ, Мәдидің қудалауға түсуіндегі басты себепшінің өзі Қақабай Алшынбаев еді. Ақынның «Қақабай Бәпименен бір туысқан, екеуі өле-өлгенше кек қуысқан» деп әнге қосуының сыры да осында.
Мәди –халық әнші композиторларының ішінде өзіндік ерекшелігі бар өнерпаз. Әндеріндегі бүлікшіл сипат, өр мінезді әуен-әнші шығармашылығына тән қасиеттердің бірі.Оның туындыларында тап қайшылықтары терең жырланып, өмір сүрген ортаның озбыр заңына қарсы қойылған наразылық сарыны анық білінеді.
Бәпиұлының әндері қазақтың тұңғыш өмірге келген операларына өзек-арқау болса, одан артық қандай бақыт бар.Композитордың «Қаракесегі» Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсының бірінші актісіндегі Тарғын батырдың халық қамын ойлап тұрған кезеңін суреттейді. Әннің қайтпас қайсар сипатта келетін әуендік, интонациялық сыр-сипаты батырды толғандыратын сезім үнімен тереңінен мұңдасып жатады. Ал, «Қыз Жібектегі» Бекежанның Төлегенді өлтіріп, жеңіске жеткен кейпін білдіретін көңілді күйі әншінің «Мәди» деп аталатын әнімен берілген.Аса көңілді сазбен келетін ән Мәдидің бостандыққа шыққан сәтін кескіндейді.