Анар Еркебай
Америка Құрама штаттарының өнері дегенде бірден ойымызға келетіні Голливудтың киносы, Бродвейдің мюзиклдері мен заманауи эстрадасы. Еліміздің өнер индустриясын американдық үлгімен жүргізуге, немесе сол жақтың продюссерлері мен көрермендерінің көздеріне ілінуіне біз бар күшімізді салатынымыз да аян. Дегенмен де, американдық кино-мюзикл мен эстрадасына жету үшін әлі талай еңбек ету керектігі де жасырын емес. Отандастарымыздың сол жаққа барып оқып, үйреніп жүргенін әрдайым қуанышпен қарсы аламыз. Қазіргі таңда Ресейдің танымал режиссері Тимур Бекмамбетовтың Голливудтың шыңын бағындырғанына біз қуана қарап, оның шығармашылықын қадағалап отырамыз. Осындай азаматтарымыз көп болса екен деп тілейтініміз де шындық.
Қазіргі жастар тіл үйреніп, шеберліктерін шыңдап, шетелдің өнер майданында өз орнын табуға құлшыныс қадамдар жасап жатыр. Сондай жас қыздарымыздың бірі – Хорлан Жолжақсынова. Әрине, ол бірден Голливудты бағындырды деп айтудан аулақпыз. Бірақ, сол кино индустрияға бас сұғып, әлемге танымал болған жұлдыздармен тығыз қарым-қатынастар орналастырып, алдына қойған мақсатқа асықпай ақырын басып келе жатыр деп нақты айта аламыз. Бұнда үлкен роль болмаса да, көпшілік сахналары мен эпизодтық бейнелердің өзіне ілігу қиыннан қиын екені мәлім. Тіпті әншілердің клиптеріне түсудің өзі «Бастилияны алғанмен» пара-пар. Сондықтан да, Хорланның атақты хип-хоп әншісі Крис Браунның көзіне түсіп, ол өзінің «Tone it down» әніне түсірілген клипіне қатыстыртудың өзі үлкен жетістік деп айта аламыз.
Американдық әнші әрі актер Крис Браун әлемнің R’n’B орындаушыларының ішіндегі танымалдысы. Американың әйгілі Billboard Hot 100 хит-парадының алдыңғы қатарына шыққан алғашқы афроамерикандық әншіні бүгінгі таңда білмейтін жас кемде-кем. Оның Джордин Спаркс, Рианна, Джойнер Лукас, Рита Ора, тағы басқа да танымал әншілермен қосылып айтқан дуэттері көпшіліктің көңілінен шыққан дүниелер болды. Сонымен қатар, Крис Браунның бишілік те қабілетін мойындағандар оны әрдайым Ашер және Майкл Джексонмен салыстырмалы түрде қарап отырады.
Міне, осындай танымал әншінің клипіне түскен Хорлан Жолжақсынова үшін тек қуанымыз заңдылық та. Әрине, ол жерде басты кейіпкерді сомдамаса да, экраннан жай ғана өте шыққанның өзінде басқа әлем, өзге дүниенің ішінде қазақ қызының жүзін көргеніміз үшін бір сүйсініп қалдық.
Хорлан Жолжақсынова еліміздің танымал актерлік отбасынан шыққан. Әкесі Ерік Жолжақсынов еліміздің киноиндустриясын көтеруге талай күш жұмсап жүрген актерлеріміздің бірі. Ал, анасы – Қымбат Тілеуова ұзақ жылдар бойы М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы болып, талай жетекші рольдерді ойнады. Сондықтан Хорланның әке-шешесінің жолын қуып актерлік кәсіпті таңдапты. Оны отандық көрермен «Айша», «Жарық» телехикаяларынан жақсы таниды. Бұнда ол басты рольдерді ойнап, өзінің актерлік мүмкіндіктерінің молдығын көрсетіп көрерменнің көңілен шықты.
Нью-Йорктың кино академиясының кино актері мамандығы бойынша магистратураны бітірген Хорлан енді Голливудтың тамырын басып көрмекші. 2017 жылы Лос Анджелесте өткен Қазақстанның мәдениет және кино күндерінде де Хорланның ұйымдастырушыларға үлкен еңбегін тигізгенін де естіп жатырмыз. Мұхиттың ар жағындағы шоу-бизнеске тырнақтай болса да үлес қосып жүрген қаракөз қызымыздан үлкен үміт күтеміз!