Алматыда VII "Бастау" ХКФ басталды

Бүгін, Алматыда VII «Бастау» студенттік фильмдер мен киномектептер Халықаралық кинофестивалінің ашылуына байланысты баспасөз отырысы өтті. Аталған фестиваль қарашаның 5-і мен 8-і аралығында өтеді.
Алматыда VII "Бастау" ХКФ басталды

Жыл сайын өтетін студенттік фильмдер мен киномектептер басқосуы биыл «Бастау» халықаралық кинофестивалінің дирекциясы(ТОО «Кинокомпания Танарис Продакшн»), Алматы қаласының әкімшілігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясы, «Тұран» университеті және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен өткізіледі.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің дамуында жастардың алатын орнының ерекше екенін баса айтады. Жақында ғана жария етілген жолдауында Президент 2019-шы жылды жастар жылы деп белгіледі. Осындай көреген саясат еліміздің берекелі болашағының кепілі,- деді «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов. – Ұлттық кинематографтың болашағын біз жас кинематографистермен байланыстырамыз. Олар жылдан-жылға жаңа әрі ерекше туындыларымен бұны дәлелдеп беруде. Біздің жас фестиваліміз биыл жетінші рет өтіп жатыр және студенттік кино мен кинобілімінің өзекті мәселелерін талқылайтын нағыз кәсіби ортаға айналды. «Бастаудың» бағдарламасы қысқаметрдегі студенттік жұмыстардың  түрлі жанрдағы алаңына айналған. Қысқаметрлі көркем фильмдерден бөлек, конкурсқа анимациялық және деректі фильмдер де қатысады,- деп қосты.

Фестиваль президенті Сергей Әзімовтың айтуынша, биыл фестивалге, Қазақстанды қоса алғанда, 35 елден  320 ұсыным келіп түскен. Іріктеу комиссиясын басқаратын отандық режиссер Әділхан Ержанов және  кинотанушы Инна Смаилова, режиссер Азат Хәкімов және кинотанушы Баубек Нөгербек конкурстық бағдарламаға 47 фильмді іріктеп алған. Конкурсқа Қазақстаннан, Ресейден, Израильден, Түркиядан, Германиядан, Испаниядан, Швейцариядан, Кореядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Белорусьтан, Словакиядан, Армениядан, Сауд Арабиясынан, Португалиядан, Ираннан, Грузиядан, Сингапурдан, Украинадан киногерлер қатысып отыр.

Сонымен қатар, баспасөз отырысында VII «Бастау» ХКФ халықаралық қазылар алқасының мүшелері қатысты. Қазылар алқасын грузин кинорежиссері, сценарист, жазушы, педагог Ираклий Квирикадзе басқарды.

- Қиындықтарға қарамастан, фестивальді ұйымдастырып, өткізудің өзі үлкен ерлік.  Бұл фестиваль жас киногердің қанатын жаюына ықпал етеді. Осындай алаңда өз туындыңды көрсетіп, приз алу да маңызды, - деді қазылар алқасының төрағасы Ираклий Квирикадзе.

ХКФ халықаралық қазылар алқасы қатарына: совет және грузин кинорежиссері, сценарист, жазушы, педагог Ираклий Квирикадзе (Қазылар алқасы төрағасы), монтаж режиссері Сильван Кутандин («Сталинге сыйлық», «Бауыр», «Дала дауысы»), ресейлік актриса Эльвира Болгова («Егіздер», «Менің үлкен армян отбасым», «Аннаның соңғы құрбаны», «Өгей қыз» және басқалар.), қырғыз кинорежиссері, сценарист және продюсер Темірбек Бірназаров, сонымен қатар, отандық танымал режиссер әрі қоюшы суретші Сәбит Құрманбеков. Негізгі жюриден бөлек «Бастауда» әдеттегідей студенттік қазылар алқасы жұмыс істейтін болады. Биыл оның қатарына Испанияның, Қазақстанның, Белоруссияның, Ресейдің және Қырғызстанның киногерлері еніп отыр.

Айта кетелік, биыл фестивалге белді қонақтар келеді. Олар: Korea University of Media Arts университеті, киноөндіріс факультетінің деканы - Kim Hyeong Doo, «Мосфильм» киностудиясының дыбысрежиссері Марина Нигматуллина, сонымен қатар, кинооператор, Карпенко-Карий атындағы университетінің (Украина) оқытушысы Евгений Филиппов.

Фестивальдің қонақтары мен қазылар алқасы шеберлік сағаттарын және шығармашылық кездесулер өткізеді. Кездесулер барысында кино мамандығы туралы қызықтыратын сауалдарды қойып, мағлұмат алуға мүмкіндік туады. Мәселен, «Тұран» Университетінде фильмді фестивальге тарату жайлы  ресейлік үздік FESTAGENT платформасының координаторы Ольга Баженова шеберлік сабағын өткізеді. Лекция тақырыбы: «Фильмді кинофестивальге жылжыту: жүйелі іс-әрекет». Сонымен қатар, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА NurTV отандық онлайн-кинотеатрының презентациясы өтеді. Студенттерге видео-портал жайлы толық ақпарат беретін болады.  Аталған порталдан отандық контентті көріп, тұтынушылар өз видео-жұмыстарын сала алады.

Сондай-ақ, «Бастау» фестивалі аясында «Кинематограф, медиасфера және рухани жаңғырудағы ақпараттық  қатерлер» тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Конкурстық фильмдердің көрсетілімдері Жүргенов атындағы ҚазҰӨА кинозалы мен оқу театрында жүретін болады.

Фестивальдің жұмысы туралы ақпаратты www.bastauiff.kz. сайтынан біле аласыздар.