Мерекелік кеш «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Азимовтың алғы сөзімен басталды. Ол сахна төріне шығып, фестивальдің ұйымдастыруына белсене араласып, қолдау білдірген демеушілер, серіктестер мен фестиваль достарына алғысын айтты. Әсіресе фестиваль президенті Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке, Қазақ ұлттық өнер Академиясы мен «Тұран» Университетінің басшылығына ерекше алғысын білдірді.
Сондай-ақ сахнаға халықаралық қазылар алқасы шақырылды, олар: Грузия режиссері Ираклий Квирикадзе, Реседің танымал театр және кино актрисасы Эльвира Болгова, қазақстандық кинорежиссер Сәбит Құрманбеков, Германияның монтаж режиссері Сильван Кутандин және қырғыз режиссері Темірбек Бірназаров. Сонымен қатар, студенттік қазылар алқасы да сахна төріне шығып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Біз, қазылар алқасы Алматы қаласына арнайы келіп, «Бастау» кинофестиваліне қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Шынымызды айтсақ, фильмдерді көруге өте асығып отырмыз. Бәрімізге сәттілік тілеймін, - деді халықаралық қазылар алқасының төрағасы Ираклий Квирикадзе.
Концерттік бағдарламаның соңында сахнаға қайта шыққан халықаралық «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов ресми түрде жетінші фестивальді ашық деп жариялады.
Жыл сайын өтетін студенттік фильмдер мен киномектептер басқосуы биыл «Бастау» халықаралық кинофестивалінің дирекциясы(ТОО «Кинокомпания Танарис Продакшн»), Алматы қаласының әкімшілігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясы, «Тұран» университеті және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен өткізіледі.
Биыл халықаралық бағдарламаның іріктеу комиссиясына 300-ден астам фильмдер келіп түсті. Нәтижесінде халықаралық қазылар алқасы мен студенттік қазылар алқасының назарына 22 елден барлығы 47 фильм ұсынылды.
VII Халықаралық «Бастау» кинофестивалінің жеңімпаздарын 2018 жылы 8 қараша күні өтетін жабылу салтанатында жариялайтын болады.