Сұлтан Иляевтің шығармашылық жолы Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін аяқтағаннан кейін 1970-жылдары басталды. 1980-жылдары оның есімі сәндік-қолданбалы өнер шебері ретінде өзінің киіздерімен белгілі болды. 1990-жылдардан бастап өзін толықтай кескіндемеге арнады.
С. Иляев өзінің өнеріне символдар мен таңбаларға толы кескіндемедегі ерекше форманы тапты. Суретшінің кескіндемесін көркем шарттылық пен жалпылық біріктірілген өзіндік метафора деуге болады. Ең бастысы, онда ішкі ахуал мен түстің үндестігі, колориттің декоративтік үнділігі, әр түрлі элементтерді күтпеген безбендеуден құрылған пластикалық форманың көзтартар әдемілігі бар. Суретші өз картиналарына этномәдени сипатқа толы құрақ, шаңырақ сынды қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің элементтерін
кіргізген. Түйелер, балықтар, құстар, өгіздер, үйлер, балалар мен үлкендер оның туындыларының заттық әлемінде әрдайым көзден таса қалмайды. Бұлардың барлығы ойлар мен екпіндердің кең диапазонын тудырады. Сырттай көрінетін картинаның астарынан көрермен басқаша, болжалды немесе шамаланған қабаттары мен пландарын айырып алады. Сұлтан Иляев өзінің жеке стилистикасын, өзінің жүрегімен таныған тілін қалыптастырды.
Суретшінің рухани дәстүрі әлемі – дайым мәңгіліктің басы болатын Уақыт өз кеңістігінде еріп, сіңіп кететін жетілген, әмбебап әлем.
Қысқаша өмірбаяндық анықтама:
1954 жылы 25 тамызда Шымкент облысында белгілі суретші Ғани
Иляевтің отбасында дүниеге келді. 1977 – Шымкент педагогикалық
институтының көркемсурет-графика факультетін аяқтады. 1981 жылдан КСРО СО мүшесі, 1998 жылдан ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі. 2013 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды.