Мәңгілік махаббат дастаны, әлемдік классиканың жауһар жақұттарының бірі «Ромео мен Джульетта» трагедиясы кезекті рет қазақ сахнасына шығады. Әлемнің мыңдаған театрларының репертуарынан орын алған шығарма қаңтар айының 24-25-ші жұлдызында Мемлекеттік Қуыршақ театрында премьерасы өтеді. Спектакль режиссері – Д. Жұмабаева. Бұл режиссердің ұжыммен екінші рет жасалып отырған жұмысы. Алғашқы қойылым Ш.Айтматовтың «Ана-Жер Ана» повесті бойынша сахналанып, көрермендер ғана емес кәсіби мамандардың да көңілінен шыққан болатын. Сол спектакльмен ұжым Қырғызстан мемлекетіндегі «Айтматов және театр» Халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды.
Еліміздің бірнеше театр ұжымдарымен жұмыс жасап, заманауи театр үрдісінде өз қолтаңбасын қалыптастарып келе жатқан Дина Жұмабаева режиссурасы бұл жолы несімен ерекшеленбек? Қойылым жайында сөз қозғамас бұрын, әлем әдебиеті мен театр өнерінің озық үлгісі саналатын туындының сахналануы жайында аз-кем шолу жасасақ.
Шекспир шығармашылығындағы таңдамалы туындылардың бірі саналатын «Ромео мен Джульетта» - балет, мюзикл, опера жанрларында да өз формасын тауып, театр репертуарларынан өз орнын алып келеді. Дегенмен, әйгілі трагедия қуыршақ театры сахнасында алғаш рет емес. Әлемдік тәжірбиеде Екатеринбург Қуыршақ театрының кіші сахнасында белорусь режиссері Олег Жюгжда қойған спектакльдің көркемдік деңгейіне кәсіби мамандар жоғары баға берді. Латвия Қуыршақ театрының репертуарынан да орын алған «Ромео мен Джульетта» спектаклі «Жасөспірімдерге арналған жылдың үздік қойылымы» номинациясын жеңіп алған. Режиссер Давид Джованзан арнайы шақыртумен келіп сахналаған спектакль бүгінгі қоғам мәселелерін негізге ала отырып, жалпыадамзаттың түсінісу теориясының қиындығын көрсетеді. Мұнда жағымды немесе жағымсыз кейіпкерлер жоқ, тиісінше қоғамдағы қайшылықтар мәселесі алға тартылады. Сахнада сурет және композициялық шешімдерді қолданып, қуыршақтармен магиялық кеңістік орната білген. «Вайдшпайхер» неміс қуыршақ театры да (Германия) аталмыш трагедияның өзге бір қырынан көруге қадам жасаған. Қойылымда Джульеттаны түс көруі арқылы трагедияның барлық оқиғасына қатысушы әрі бақылаушы ретінде көрсетіп, қуыршақ бейнелер арқылы оқиғаларға деген көзқарасын білдіреді. Осы қойылыммен театр Словения елінде өткен «LUTKE 2008» Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде «Анимация и креативность» жүлдесін иеленеді.
Иә, сіз, тағдыр еркелетіп тұрып тезіне салған, ғашық ете тұрып тәлкекке итерген қос ғашық Ромео мен Джульеттаны қазақ Қуыршақ театры сахнасында көруге дайынсыз ба?! Екі әулеттің бітіспес кегінен туындаған сан-түрлі оқиғалар қуыршақтар тілінде қалай сөйлемек? Суретші Ю.Чернова, балетмейстер А.Цой, режиссер Д.Жұмабаеваның бірлесіп жасаған қуыршақ театрындағы ұжымдық еңбегін көруге асығыңыздар.
Еліміздегі Қуыршақ театрлары арасында алғаш рет әлемдік классиканы сахналауға қадам жасаған ұжымның еңбегі Қазақ театр тарихында өз орнын ала ма?! Көпшілікті қызықтырған қойылымның алғашқы көрермендерінің бірі болыңыз.