Өнер ұжымы аталмыш фестивальге Ш.Айтматовтың «АНА–ЖЕР АНА» қойылымымен қатысады. Спектакльдің режиссері – Д.Жұмабаева, художник – Ю.Чернова.
«АНА–ЖЕР АНА» - заңғар жазушы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повестінің желісі бойынша сахналанған, тұтас халықтың қиян-кескі соғыс уақытында шеккен зардабын, жетімдік пен жесірліктің ауырлығын сезіндіретін туынды. Спектакль жүректілік пен батылдықты қатар ұстап елін қорғауға кеткен азаматтарды зарыға аңсау, тыл еңбегінің жай-күйін еш боямасыз көрерменнің көз алдында өрбітіп, бір отбасының өмірін тұтастай көрсетеді. Режиссерлік түйін, символизм, актерлік шеберлік, музыка бір үндестікте үйлескен қойылым тек бір ұлттың тағдырын ғана емес, дүниежүзілік соғыс қарсаңында азапты күн кешкен халықтардың ортақ қасіретін арқау етуі көрерменді бей-жай қалдырмайтыны хақ.
Аталмыш қойылым 2 наурыз күні, сағат 15:00-де Н.Орлов атындағы академиялық драма театрының сахнасында фестиваль қатысушылары мен қонақтарының, сарапшылардың назарына ұсынылады.
Сонымен қатар, өнер ұжымы Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында маусым айының 23 жұлдызы мен 26 шілде аралығында өтетін «КУКАRT» Халықаралық театр фестиваліне шақырту алып, бақ сынайтынын хабарлаймыз. Аталмыш фестивальге театр репертуарындағы «АНА ЖҮРЕГІ» (авт.: Е.Ионов, реж.: А.Зайцев) драмалық қойылымымен қатысады.
«АНА ЖҮРЕГІ» - бірнеше республикалық, халықаралық театр фестивальдерінен жүлделермен оралып жүрген заманауи театр стилистикасында сахналанған туындының бірі. Көркемдік идеясы анаға құрмет көрсету, қадірлеу болып табылатын қойылымның режиссерлік шешімі көрермендерді бей-жай қалдырмасы анық. Кәсіби театр мамандары еліміздің қуыршақ мәдениетін әлемге насихаттайтын туынды деп бағалаған қойылым фестивальде биік тұғырдан көрінеді деген сенімдеміз.
Театр фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау.
Ақмарал НҰРЛАНҚЫЗЫ,
БАҚ жөніндегі менеджер
+7 705 211 00 45
+7 (727) 234 7921