27 ақпан күні Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы және теориясы» кафедрасы, «КиноМан» киноклубының ұйымдастыруымен басты рольдердің бірін Әмина Өмірзақова сомдаған «Тақиялы періште» фильмінің көрсетілімі өтті. Көрсетілімге келген көрермендер фильмді бұрын-соңды көрсе де, бірінші мәрте көргендей күйде болғандарын әрбір сәтінде езу тартып, фильм біткенге дейін қызығушылықпен, тапжылмай тамашалағандарынан аңғаруға болады. Арада көп жыл өтсе де, әлі көрермен көзайымы болып келе жатқан және алдағы уақытта да шоғы сөнбейтін бұл фильм 1968 жылы жарыққа шықты. Режиссері де, сценарий авторы да біртуар, қайталанбас, шоқтығы биік тұлға - Шәкен Айманов.
Фильмде кенже баласының бойдақтығына тыныш таппаған Тана апа баласына лайықты жар, өзіне келін болар қыз іздейді. Көңілі түскендерін ұлына таныстырғысы келіп, әлек болады. Бірақ, көңілі басқаны қалайтын Тайлақ әр қызға әр түрлі қылық көрсетіп, таныстықтары ұзаққа созылмай қалып жатады. Тайлақтың ұнатқаны Тана апаның бұрынғы ғашығы, Тана апаға сөз салып, артынша уәдесінде тұрмай кеткен Тайырдың қызы еді. Сол себепті, баласының таңдауына қарсы шығып, басқа қыздарды іздеуді тоқтатпайды. Жүрегі баласының бақытын көруді аңсайтын ана көп ұлына қалыңдықты көп уақыт іздейді. Бірақ, жүрек шіркін ештеңеге көнбейді ғой, Тайлақ ақыры өз сүйген қызына үйленеді. Баласының бір басы екеу болғанын қалаған ананың арманы орындалады.
Айта кетейік, фильмнің премьерасы 1969 жылы, тамыз айында болған. Дәл сол 1969 жылы «Орталық Азия және Қазақстан кинематографистерінің дипломдық байқауына» қатысқан екен.
фото гугл ашық ақпарат көзінен алынды