Тамыры Ұлы Жібек жолы мен ежелгі сақтар, өзге де көшпелі тайпалар кезеңінен бастау алатын сәндік-қолданбалы өнер Қазақстанда 1917 жылғы революцияға дейін үстем болды. Революциядан кейін, Қазақстан одақтық республикалардың бірі болғанда, бейнелеу өнері еуропалық дәстүрде дами бастады: кескіндеме, графика және мүсін. Осыған байланысты, ұлттық бейнелеу өнері мектебіне шамамен 100 жыл.
ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдары, барлық жердегідей Кеңес Одағында, Қазақстанда социалистік реализм екпінді дамыды. Бірақ 60-шы жылдардың соңында жас әрі өршіл суретшілер тобы постимпрессионизм және мексикалық монументалистердің әсерімен ұлттық кескіндеме және бейнелеу өнері мектебінің өз бағдарламасымен алға шықты. «Алпысыншы-жылғылар» - өздерін 60-шы жылдардың соңы мен 70-ші жылдардың басында таныта білген топтың шартты аты. Оған Салихитдин Айтбаев, Мақым Қисамединов, Шаймардан Сариев, Тоқболат Тоғысбаев, Бахтияр Табиев, Әбдірашит Сыдыханов, Еркін Мергенов, Төлеген Досмағамбетов, Вагиф Рахманов, Исатай Исабаев, Оралбек Нұржұмаев және басқалары жатады.
Қозғалысқа Салихитдин Айтбаев жетекшілік етті, оның «Бақыт» атты туындысы 1966 жылы мәскеулік «Манеждің» Бүкілодақтық жас суретшілердің көрмесіндегі ең ірі жаңалықтардың бірі болды. Ол кейінгі ұрпақ үшін бағдарламалық туындыға айналды. Онда ұлттық дүниені қабылдау идеясы кең әрі жинақталған түрде берілді. Көшпелі мәдениетті түсіндіру, оның философиялық дүниені қабылдауының ерекшеліктерін ырғақты білдіру ұмтылысын, Айтбаев оған үлкен танымалдылық алып келген 60-шы жылдардың екінші жартысында жасаған «Бақыт» (1966), «Жас қазақтар» (1967), «Қонақ келді» (1969) атты үш туындысында іске асырды.
Оның ізашары Әли Жүсіповтың жұмыстарында және үзеңгілестері Оралбек Нұржұмаев, Шаймардан Сариев, Тоқболат Тоғысбаевтарда, сол сияқты өз кескіндемесінің тілін іздеу байқалады. Оларға түстік үйлесулердің декоративтілігі, кейіптердің статикасы мен өңінің сабырлылығы тән. Бұл суретшілер әрқашанда өздері үшін өзекті болған дәстүрлі мәдениеттің күші мен қуатын жырлады. Бахтияр Табиевтің «Кеген таңы», «Базар», «Мойнақтың шет жағында» және басқа да кенептері суретшінің дәстүрлі өмір бейнесіне қызығушылығын және көркем дыбысталудағы Табиевтің жеке интонациясын көрсетеді.
60-жылдардың ортасында, Ленинград пен Мәскеудегі оқуынан кейін, Алматыға мүсіншілер Төлеген Досмағамбетов, Ольга Прокопьева және Вагиф Рахмановтар келді. 1973 жылы Мәскеуден Еркін Мергенов келді. Ол өз ұстанымдарын үлгілер мен эстетика формасын таңдаудан тапты. Оны «адам, орта, қоғам» тақырыбы қызықтырды.
Шығармашылығы француздық импрессионистердің үлкен әсерінен қалыптасқан романтикалық пейзажшы Жанатай Шарденов өзгелерден дараланып тұр, суретші ол жұмыстармен Ленинградта оқып жүргенде музейде танысады. Шарденов табиғаттың сұлулығын бедерлі келбетін жасай отырып қою жағындылармен береді, сол арқылы өзінің ешкімге ұқсамайтын соны стилін табады.
Қазақстан нақышы жоғары деңгейге қол жеткізді. Графиктер Мақым Қисамединов, Исатай Исабаев және Әділ Рахманов өздерінің станокті композициялары мен кітап иллюстрацияларында формалардың бейнелілігі мен сюжеттер монтажының көмегімен халық батырларының, шынайы және мифтік бейнелерін жандандырады. Қазақстандық графиктердің ең сүйікті техникалары – линогравюра, офорт, литография.
Алпысыншы-жылғылардың шығармашылығы Қазақстандағы көркемдік ойдың өрлеуі болып саналады. Сол кездерде «жылымықтың балалары» деп аталған олар, академиялық ережелерден бас тартып, өнердегі өзіндік тілі мен стилін қалыптастырды.
«Мәдениеттер диалогы, Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара мәдени байланыстарды нығайту өнердің толық қызмет етуі, суретшілердің шығармашылық өсуі, мәдени институциялар болып табылатын музейлер мен академиялар арасында тәжірибе алмасу үшін өте маңызды. Бұл жемісті жұмыс, өзара байыту және одан әрі даму жолдарын түсінуге жаңа күш береді», - деді Ә. Қастеев атындағы музейдің директоры, профессор Гүлмира Шалабаева көрмені ашу сәтінде.
Клара Исабаева – Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің баспасөз қызметінің жетекшісі