Cуретші-педагог Жұмаділхан Керімбектің "Ауыл – ел бесігі" атты жеке шығармашылық көрмесі ашылады

2019 жылы 25 қазанда, сағат 16.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде суретші-педагог Жұмаділхан Керімбектің «Ауыл – ел бесігі» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылады. Көрме Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің 90- жылдық мерейтойына арналған.
Cуретші-педагог Жұмаділхан Керімбектің "Ауыл – ел бесігі" атты жеке шығармашылық көрмесі ашылады

Жұмаділхан Керімбек 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының Бірлік ауылында дүниеге келді. 1986 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін бітірген. Түркияда биология саласы бойынша докторлық диссертация қорғады (1998). Қазіргі уақытта ол Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде аға оқытушы болып қызмет атқарады.

Жұмаділханның шығармалары бұған дейін де бірнеше рет Орталық музей қабырғасында көрсетілді.  Бұл жолы алматылықтар назарына суретшінің туған ауылына арналған еңбектерінің жаңа топтамасы ұсынылады. Ж. Керімбектің туған өлкесіне, еліне деген сүйіспеншілік сезіміне толы  өнер туындылары  қазақ этносының мәдениеті, салт- дәстүрі, әдет-ғұрпымен таныстырады. Суретшінің «Қара жорға», «Күннің батуы», «Алматы (Көктөбеден қарағандағы көрініс)», «Сәкіде», «Жазғы күн» сынды еңбектерінде  ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, ауыл табиғатының сұлулығы, сәйгүліктер шабысы, ұлттық мереке сәттері – бізге жақын да түсінікті, шынайы жағдаяттар бейнеленген. Оның «Таулар», «Машат 1 асуы», «Тау өзені», «Туған өлке», «Бұлақ басында» және  т.б. шығармалары ен дала,  тау қырқасы – туған өлкенің бай да әсем табиғатына деген сүйіспеншілігін аңғартады. «Күз», «Наурыздағы  қар», «Жазғы кеш» сынды  туындылары суретшінің жыл мезгілдері пейзажын бейнелеудегі шеберлігін көрсетеді. Оның пейзаждары бала кезінен жадында қалған қымбат дүниелер.  Оның дала, тау ландшафтна деген сүйіспеншілігі балалық шақтағы естеліктерден бастау алады. Суретшіге ауыл өмірі жақсы таныс, ол өзі өмір сүрген ортасын бейнелейді, шығармаларының шынайлығы да осыдан.

Жұмаділханның кескіндеме жанрындағы «Вальс», «Жігіттер биі», «Немере», «Сәкіде», «Музыка», «Қойлар»,  «Аңшылыққа» сияқты табиғатына жақын жұмыстарында өзі өскен ортадағы күнделікті тіршілік желісі – қымыз құйып отырған немесе  отбасы-ошақ қасындағы әйелдер, жұмыстан кейін  сәкіге жайғасқан жанұя мүшелері, мереке сәтінде билеп жүрген жастар бейнеленген. Түрлі материалдармен тәжірибе жасауға құштар суретші акрилді бояу, гуаш, тушь, майлы бояуды пайдалана отырып қозғалысқа, жарыққа толы ұмтылыс, жарқындық, бірегейлікті танытатын күрделі жанрлық композицияларды ұсынады. Оның түрік елінің көріністері  топтамасындағы   ақ-қара түстерді ұтымды үйлестіре орындалған «Түркия жайлы естеліктер», «Селжүктердің Коня қаласы» сияқты мазмұндылығы, айшықтылығы және ұғымдылығымен екшеленетін графикалық жұмыстары да қызғылықты.

Үнемі шығармашылық ізденіс үстіндегі Ж. Керімбек Қазақ Ұлттық аграрлық        университетіндегі  оқытушылық қызметімен шектелген емес, ол ғылыми еңбектермен қатар, өлең жазумен әуестенді, педагогика саласы бойынша бірнеше ғылыми жарияланымдар, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Көрмеге суретшінің 80- астам шығармасы қойылды.

Көрме 2019 жылдың 6- қарашасына дейін жалғасады.