«Домбыра» фильмі Үндістанда өткен фестивальде үздік атанды

Жас режиссер Рамазан Халиолланың қысқаметражды «Домбыра» фильмі Нью-Дели қаласында өткен 8-ші Халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалінде (Delhi Shorts International Film Festival) «Үздік фильм» жүлдесін жеңіп алды.
«Домбыра» фильмі Үндістанда өткен фестивальде үздік атанды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі  түсірген бұл фильм домбыраның құлағында ойнап, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандаған Әсет есімді баланың өмірін баяндайды.

Айта кетсек, аталған кинотуынды биыл Алматыда өткен IV Халықаралық Baiqonyr ISFF кинофестивалінің конкурстан тыс бағдарламасында көрсетіліп, «Бродвейдің таңдауы» сыйлығын алған.

Нью-Делидегі DSIFF халықаралық кинофестивалі алғаш рет 2012 жылы өткен болатын. Ұйымдастырушысы – Miniboxoffice үнді компаниясы. Биыл фестивальдің халықаралық қазылар алқасын испан режиссері Виктор Мануэль Лопесмуньос басқарды. Сонымен қатар, қазылар алқасы құрамында: продюсер Виктория Сил (Жапония), режиссер Ракел Руиз (Аргентина), режиссер Прашант Сегал (Үндістан) болды.

«Домбыра»

Ұзақтығы: 30 минут

Сценарий авторлары: Рамазан Халиолла, ЖанатЖайлыбай

Режиссері: Рамазан Халиолла

Қоюшы операторы: Болатбек Маликов

Қоюшы суретшісі: Салауат Қабдолданов

Композиторы: Әсет Дәненов

Режиссер туралы анықтама:

Рамазан Халиолла 1994 жылы 15  мамырда Қарағанды облысы, Балхаш қаласында дүниеге келген. 2012-2017 жылдар аралығында Нұрсұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде, «Режиссер, кино және телеарна продюссері» мамандығы бойынша оқыған.