"Голос. Дети" музыкалық байқауының алтыншы кезеңінің жеңімпазы ретінде танымал қазақстандық жас талант Ержан Максим күні кеше Польшада өткен "The Junior Eurovision" ән байқауында өнер көрсетіп жүлделі екінші орынға ие болды.
Ержан Польшаның Гливица қаласында өткен "The Junior Eurovision" ән байқауында Қазақстан атынан 10-нөмірмен шығып, "Арманыңнан қалма" ("Don't forsake your dream") әнін Полша көгінде әуелетті.
Дауыс беру нәтижесі бойынша, отандасымыз 227 ұпай жинап, екінші орынды иеленсе, бірінші орынды 278 ұпай польшалық қатысушы Виктория Габор жеңіп алды. Ал үшінші орын Испанияның намысын қорғаған Мелани Гарсияға бұйырған.
Айта кетейік, Қазақстан алғаш рет аталмыш ән алаңына 2018 жылы бой көрсеткен. Ол кезде 12 жастағы Данэлия Тулешова "Өзіңе сен" әнін орындап, алтыншы орын иеленген еді.
Төрт жасынан бастап ән салатын Ержан Максим 2007 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Бүгінде Мәскеуде білімін жетілдіріп жатқан әншінің алар асуы әлі алда деген сенімдеміз.