"Барымташылар. Уақыт жолдары" фильмі Жапонияда прокатқа шықты

Кинотуынды Токио, Йокогама, Осака, Киото сынды Жапонияның басқа да қалаларында прокатқа шығады.
"Барымташылар. Уақыт жолдары" фильмі Жапонияда прокатқа шықты

2020 жылы 18 қаңтар күні Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмі Жапонияда прокатқа шықты. Туындының режиссерлері Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) және Лиза Такэба (Жапония).

Осыған орай Токионың «Синдзюку Синема»  кинотеатрында фильмнің салтанатты көрсетілімі өтті. Жапондық көрермендерге бұл туындыны басты рөлдердің бірін сомдаған актер Мирай Морияма және картинаның тең режиссері Лиза Такэба таныстырды.

- Түсірілімдер Қазақстанның көркем жерлеріндежүргізілді. Бұл елдің табиғаты мені қатты таң қалдырды. Біздің көрермендер осы әсемтабиғатты көре алатындарына өте қуаныштымын. Түсірілім алаңы үлкен қалалардан алыс жерде болғандықтан, бәрі де оңай болды деп айта алмаймын. Алайда сол күндерді сағынышпен еске аламын. Қазақстандық киногерлер жоғарғы деңгейде жұмыстарын атқарды. Осы рөл маған бұйырғанына өзімді бақытты санаймын. Бұл – мен үшін баға жетпес тәжірибие болды. Қазақстанға тағы да барып, достарымды көріп қайтсам жақсы болар еді, - деді актер Мирай Морияма Токиодағы көрсетілімде.

Айта кетсек, жапондықтар бұл фильмді жылы қабылдады. Көрсетілімнен кейін көрермендержәне журналистер режиссер мен актерге сұрақтарын жаудырды. Олар фильмнің көркемділігі, Қазақстанның көркем табиғаты және философия туралы өз ойларымен бөлісті.

Естеріңізге сала кетсек, «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмінің жапондық премьерасы Халықаралық Токио кинофестивалі шеңберіндеөткен болатын. Сондай-ақ бұл картина Оңтүстік Кореядағы Халықаралық Бусан кинофестивалінің ашылу салтанатында көрсетілді (әлемдік тұсаукесері).

Фильмінің өндірісін Қазақстан тарапынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, ал Жапония тарапынан – «Tokyo New Cinema» компаниясы жүзеге асырып отыр.

Аталған кинотуынды төрт түліктің төресі жылқы бағумен айналысатын қарапайым отбасы туралы баяндайды. Бір күні жылқы үшін  адам өлтіруден тайынбайтын барымташылар отағасын аяусыз өлтіреді.