2014 жылы Қазақстан, Грузия, Германия, Франция және Чехия елдері бірлесіп түсірген режиссер Георгий Овашвилидің «Кукурузный остров» көркем фильмі әлемге әйгілі Variety киножурналында соңғы онжылдықта АҚШ-та прокатқа шықпаған шетелдің үздік фильмдердің тізіміне кірді. Қазақстан тарапынан бұл фильмге Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы қолдау білдірген, ал фильмнің бастамашыл продюсері - Сайын Ғабдуллин.
Басылымда жарық көрген «Көрсетілмеген інжу» мақаласының авторы Variety журналының бас киносыншысы Питер Дебрюг. Айта кетсек, беделді салалық басылымда жарияланатын аналитикалық мақалалар прокатпен айналысатын мамандарға және фестивальдер өкілдеріне үлкен экрандарға шығуға лайықты картиналарды іріктеуге көмектеседі.
«Осы күнге дейін американдық көрермендер бұл фильмдерді көре алмағандарына қатты өкінемін. Осы туындыларды тауып, міндетті түрде көруге кеңес беремін!», - деп жазады киносыншы өз мақаласында.
Аталған картина немересімен бірге жүгері өсіру үшін өзен жағасында орналасқан аралға арнайы көшіп келген қария шаруаның өмірін баяндайды.
Бұл туыстық және рухани қатынастардың адамгершілікке толы және әсерлі оқиғасы. Фильмде тіршіліктің қамы үшін еңбек етіп жүрген қарапайым адамдардың өмірі суреттеледі. Шаруаның рөлін түрік актері Ілияс Салман, ал оның немересін – осетиялық жас актриса Мариям Бутуришвили сомдады.
«Өзінің осы тамаша жұмысы арқылы бес бірдей елдің беделін арттырған режиссердің ерекше таланты туралы айтқым келеді. Мен Георгий Овашвилимен 2004 жылы Мароккода таныстым, кейін оның «Другой берег» атты алғашқы толықметрлі фильмінде продюсер болдым. Бұл туынды Берлин кинофестивалінің бағдарламасына ілініп, 2009 жылы Еуропралық киноакадемияның номинацисына ұсынылған болатын. Уақыт өте осы «Кукурузный остров» фильміне кірістік», - деді продюсер Сайын Ғабдуллин.
Айта кетсек, фильмнің әлемдік тұсаукесері 2014 жылы Халықаралық Карловы Вары кинофестивалі аясында өтті. Бұл байқауда кинотуынды Бас жүлдеге және экуменикалық қазылар алқасының марапатына ие болды.
Сол жылы «Кукурузный остров» фильмі Грузия елінен «Шетелдің үздік фильмі» номинациясы бойынша «Оскар» жүлдесіне ұсынылып, тіпті тоғыз үміттіден тұратын шорт-парақшасына кірді.
Ресейдің Анапа қаласында өткен «КИНОШОК» фестивалінде де Овашвилидің фильмі Бас жүлдеге және «Үздік операторлық жұмыс» сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, бұл туынды Минскіде өткен «Листопад» кинофестивалінде «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен марапатталды.
«Кукурузный остров» фильмі әлемге мәшһүр Канн, Бусан және Сан-Себастьян сынды халықаралық беделді кинофестивальдерді қоса санағанда 70-ке жуық кинобайқауларға қатысты. Жалпы алғанда бұл фильм 32 жүлдеге ие болды, олардың кейбіреулерін атап кеткен жөн:
✓ «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі», FILM FROM THE SOUTH/«Оңтүстіктің фильмдері» фестивалінің негізгі бағдарламасына қатысқан (Осло, Норвегия);
✓ «Киносыншылар марапаты» - MOSTRA DE CINEMA/«Киношоу» халықаралық кинофестивалінің құрметті жүлдесі, «Жаңа режиссерлердің жарысы» категориясында (Сан-Паулу, Бразилия);
✓ «Көрермендер көзайымы жүлдесі (Үздік фильм)», сондай-ақ «Халықаралық киносыншылардың жүлдесі», ATHENS PANORAMA OF EUROPEAN CINEMA/«Еуропалық кино панорамасы» фестивалі (Афины, Греция);
✓ «Үздік режиссёр» және «Үздік актриса», SAN MARINO INTERNATIONAL FILM FESTIVAL/«Халықаралық Сан-Маринодағы кинофестивальдік негізгі бағдарламасына қатысқан (Сан-Марино);
✓ «Үздік фильм», «Үздік музыка», «Сыншылардың марапаты» және Гран-при - «Алтын Антигона» жүлдесі, 36th INTERNATIONAL MEDITERRANEAN FILM FESTIVAL/«36-Халықаралық жерорталық фильмдер кинофестивалі» (Монпелье, Франция).