Алматыда "Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің" тұсаукесері өтеді

2020 жылдың 13 ақпаны күні “М.О.Әуезов мұражай-үйі” ғылыми-мәдени орталығының Мәжіліс залында “Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің” (International Union of Theatre Critics) тұсаукесері өтеді.
Алматыда "Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің" тұсаукесері өтеді

13 ақпан қазақ топырағында алғаш рет Ұлттық театрының шымылдығы ашылған күн. 1915 жылы дәл осы күні Семейдегі саудагерлер клубында Жүсіпбек Аймауытовтың режиссурасымен «Біржан – Сара» айтысы сахналанды. Аға буын театр зерттеушілері Б.Құндақбайұлы, Ә.Сығай ұлттық театрдың туған күнін осы күн деп есептеу керектігін айтып кеткен болатын.
Біз Сіздерді, осы тарихи 2020 жылдың 13 ақпаны күні «М.О.Әуезов мұражай-үйі» ғылыми-мәдени орталығының Мәжіліс залында өтетін «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» - «International Union of Theatre Critics» тұсаукесеріне шақырамыз.
«Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» Республиканың және шетелдің белгілі театртанушы мамандардың басын біріктіреді. Сыншылар заманауи театр мен драматургия мәселелерін қарастыратын шығармашыл жастармен жұмыс істеу үшін алдына үлкен мақсаттар қояды.
Осы бірлестіктің тұсаукесер рәсімі аясында Қазақстан театр сыншыларының алғашқы зерттеушілік жұмыс нәтижесінің қорытындылары жарияланып 2019 жылдағы Қазақстан театрларының жасаған жұмыстарына баға беріледі.
Бүгінгі еліміз театрларында болып жатқан үдеріс, оның дамуы мен бағыт-бағдары, театр репертуарын жасаудағы ұстанған саясаты, заманауи көрерменнің қойылымға келуі мен қабылдау көзқарастары секілді мәселелер отандық және халықаралық театр мамандары қауымдастығы тарапынан қызығушылық тудырып отыр. Осыған байланысты 2019 күнтізбелік жылы жасалынған шығармашылық жұмыстар нәтижесін сараптан өткізіп, оған баға берілді. Еліміздің барлық театр ұжымдарына «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» тарапынан арнайы сауалнама ұсынылып, оның негізінде бүгінгі Қазақстан театрларының шығармашылығы мен шаруашылығында болып жатқан заманауи үдерістер айқындалды.
Сараптама нәтижесімен еліміздің белгілі театртанушылары, сыншылары – С.Қабдиева, А.Мұқан, Б.Нұрпейіс, А.Еркебай, М.Жақсылықова, З.Исламбаева, А.Ахмет, т.б. таныстырады. Сауалнама нәтижелері еліміз театрларының дамуына, қазіргі бағытбағдарына, жаңа белестерді бағындыруда қажетті ой-тұжырымдар қорытуға мүмкіндік береді.
«Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» бекіткен «Сыншылар жүлдесі» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.
«Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» тұсаукесер салтанатына М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы, жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Балғабаев Сұлтанәлі, ҚР Халық әртісі, ҚР Театр қайраткерлері Одағының төрағасы, өнертану кандидаты Жаманқұлов Тұңғышбай Қадырұлы, Қазақстан театрлар ассоциациясының өкілдері, Алматы қаласында орналасқан театр ұжымдарының директорлары, режиссерлері мен актерлері, драматургия мен театр саласының белгілі маман ғалымдары қатысады.

Өтетін орны: «М.О.Әуезов мұражай-үйі» ғылыми-мәдени орталығының Мәжіліс залы (Алматы қ., Төлебаев көшесі, 185 үй).
Уақыты: 2020 жылдың 13 ақпан күні сағат 15.00 де.

құрметпен: Халықаралық театр сыншылары бірлестігі