Театр сыншыларының сараптамасы мен жүлдесі анықталды

Театр сыншыларының сараптамасы мен жүлдесі анықталды

Театртану саласына саналы ғұмырын арнаған Бағыбек Құндақбаев, Әшірбек Сығай дүниеден өткелі «сын мен сыншы жоқ» деушілер қатары етек алды. Алайда ұлы сыншылардың соңында тек кітаптары ғана емес, олардың тәлімін алған, ізін жалғастырушы шәкірттерінің қалғандығы көпшілікке жақсы мәлім. Атап айтқанда, театр сыншылары Б.Нұрпейістің, А.Мұқанның, А.Еркебайдың, М.Жақсылықованың, З.Исламбаеваның, Н.Ескендіровтің, А.Қадыралиеваның, А.Ахметтің т.б. қаламынан қаншама ғылыми еңбектер мен монографиялар, сыни мақалалар дүниеге келді. Жуырда ғана қазақ топырағында театртану мамандығы бойынша мамандар дайындап жатқанымыздың отыз жылдығы атап өтілді. Яғни, ұлы ұстаздардың жолын қуған шәкірттер «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» театр өнерінің жемісті жұмыс жасауына білек сыбанып кірісіп үлкен жұмыс атқарып келеді. Солардың бірегейі – «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» қауымдастығының ұйымдастырылып, қалыптасуы. Өткен жылдың басында, театр сыншылар бірлестігінің халықаралық деңгейде ашылуына өнертану кандидаты, доцент А.Еркебай көп күш жұмсады. Қазіргі кезде аталған қауымдастықтың президенті Анар Сайымжанқызы бір жыл аясында бірнеше-іс шараларды ұйымдастырып, театр ұжымдарымен тығыз жұмыс істеді. Әсіресе, карантин кезінде онлайн оқылымдарын және Халықаралық, республикалық театр конференцияларын өткізіп, келелі мәселелерді қозғауға ұйытқы бола білді.  

Кәсіби мамандардың басын біріктіріп еліміздегі барлық театр бойынша сандық сараптамалар жүргізетін, жыл бойына үздік деп танылғандарға «Сыншы жүлдесін» ұсынатын бұл ұйым биыл да «Қазақстан театрлары – 2020» атты конференцияны карантинге байланысты Zoom платформасында 14 қаңтар күні өткізді. Осыған байланысты «International Union of Тheatre Critics» – «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» 2020 жылы (күнтізбелік) театрда жасалған жұмыстардың нәтижесін анықтау мақсатында арнайы құрастырылған сауалнама сұрақтарын еліміздің барлық 60 мемлекеттік және тәуелсіз театрларына жіберді. Бұған жауап берген 40  театрдың негізінде мониторинг жұмысын жүргізіп, шығармашылық әрі сандық көрсеткіші бойынша қорытындысын шығарды.

Екінші жыл ұйымдастырылып отырған сараптаманы еліміздің белгілі театртанушылары – С.Қабдиева, Б.Нұрпейіс, А.Мұқан, А.Еркебай, М.Жақсылықова, З.Исламбаева, А.Ахмет, сондайақ жас мамандар Н.Құмарғалиева, М.Бекайдарова, Ұ.Құрманбай, М.Сарыбай, Ж.Тұрмағанбет т.б. жүргізді. Сонымен қатар, облыс театрларында, мәдениет пен өнер саласында қызмет атқарып жүрген театртанушылар мен әдебиет бөлімінің меңгерушілері де мониторинг жасауға бір кісідей атсалысты. 

Zoom платформасында өткізілген бұл онлайн конференция карантинде ауыр індеттен көз жұмған сахна саңлақтары мен қазақ мәдениетінің өркендеуіне қызмет еткен  тұлғаларды еске алуға 1 минуттық үнсіздікте олардың суреттерінен құралған видеороликті көрсетуден бастады. Видеороликтің әуені ретінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шабыт» өнер университетінің түлегі, Ә.Сығай шеберханасынан бітірген Қ.Ежембектің «Тұлғалар қайтып барады» әні қойылды. Өкінішке орай, (Зум платформасының мүмкіншілігіне байланысты) естілмей қалды. Одан кейін модератор А.Мұқан тізгінді бірлестіктің басшысы – А.Еркебайға ұстатты. Ол қырық театрдың бір жыл көлемінде 144 жаңа тұсауы кесілген премьералары мен екі онлайн фестивальдеріне толықтай тоқталды және балаларға арналған қойылымдар мен қуыршақ театрларының ондықтарын да тілге тиек етті. Сонымен қатар елімізде болып жатқан пандемияға, карантиндік ісшараларға қарамастан театрлардың үлкен жұмыс атқарғандығы театр ұжымдарының ерлігі екендігін баса айтты. Ал келесі сөзді алған А.Мұқан қазіргі драматургия мәселесіне тоқталып, 15-тен аса драматургтердің шығармалары көптеген театрларда қос-қостан қойылып жатқандығына назар аудартты. Ұлы Абайдың мәртебелі мерейтойы қарсаңында дананың дара сахналық бейнесін, әлеуметтік өмір болмысын сахна тілінде сөйлету сияқты күрделі көркемдік міндетті театрлар абыроймен атқарғандығын айтып, Абай тақырыбы – мәңгілік рухани құндылық екендігін ерекше атап өтті. 

Жарты жыл, одан да көп уақытта жабық болған ұжымдардың онлайн жұмыстары да, сайт парақшалары да сыншылардың көзіне ілікті. Сараптаудағы келесі мәселе онлайн форматтағы ютубқа салынған спектакльдер, инстаграм мен фейсбук парақшалары  туралы Ж.Тұрмағанбет, ал театрлардың БАҚпен жұмысына әрі театр сайттары турасында М.Бекайдарова толықтай тоқталып, жетістіктер мен кемшін тұстарын алдағы жылда қолға алуға тілек білдірді. 

Айта кететін жаңалық, еліміздің үлкен театрларының қатарындағы Астана опера театры мен Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры да жіберілген анкеталарға жауап беріп, атаулы шараға ден қойды. Сондықтан да, келесі жылға музыкалық (опера, оперетта), хореографиялық және мюзикл театрларына арнайы номинация тағайындайтындылығы туралы мәселе жоспарға алынды.

Бұл іс-шараға мәдениет министрлігінен және 80-нен аса театр мамандары қатысты. Оның ішінде театр директорлары, көркемдік жетекшілер мен режиссерлер, драматургтер т.б. болды. Театр сыншыларының ең көп премьералық спектакльдерді қойған театрлардың, режиссерлердің алғашқы ондықтары анықталып, құттықтаулар айтылды. Сонымен қатар, театртанушылар өз тараптарынан «Сыншылар жүлдесімен» бірнеше номинациялар бойынша марапаттарды да табыс етті.

2020 жылдың қорытындысы бойынша «Сыншылар жүлдесімен» марапатталғандар:

1. «БАҚ-пен үздік жұмыс істеген театр» номинациясы бойынша:

  • Мемлекеттік қуыршақ театры;
  • Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры;
  • К.С.Станиславский атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік Халықтар достығы орденді орыс драма театры;

2. «Үздік сайт» номинациясы бойынша:

  • Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры;
  • Астана опера театры;
  • М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры;
  • Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры;
  • Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры;
  • Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры;

3. «Онлайн форматтағы ең белсенді театр» номинациясы бойынша:

  • Абай атындағы Қазақ  ұлттық академиялық опера және балет театры;
  • Алматы қалалық Мемлекеттік қуыршақ театры;
  • М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры;
  • Республикалық неміс драма театры;
  • Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры;

4. «Жылдың жаңа есімі» номинациясы бойынша:

  • Режиссер Гаухар Адай;

5. «Үздік мерейтойлық қойылым» (Абайдың 175 жылдығына арналған) номинациясы бойынша:

  • М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының «Қара» (режиссері Ж.Жұманбай) спектаклі;

6. «Үздік сценография» номинациясы бойынша:

  • М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының «Абайдың жұмбағы» қойылымының суретшісі Мұрат Сапаров;

7. «Үздік актриса» номинациясы бойынша:

  • Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Шағала» қойылымындағы Аркадина ролін сомдаған Жанар Мақашева;

8. «Үздік актер» номинациясы бойынша:

  • Батыс Қазақстан облыстық Х.Бөкеева атындағы драма театрының «Мен» қойылымындағы Мен ролін сомдаған Ербол Есендосов;

9. «Үздік балаларға арналған қойылым» номинациясы бойынша:

  • Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының  «Үйшік» cпектаклі (автор Е.Локшина, режиссері А.Зайцев);

10. «Үздік режиссер» номинациясы бойынша:

  • Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Құлагер» қойылымы үшін Фархад Молдағалиев;

11. «Үздік қойылым» номинациясы бойынша:

  • Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Шағала» спектаклі (автор А.П.Чехов, режиссер Е.Нұрсұлтан).

Қорыта келе, театрларымыздың бағыт-бағдарын айқындап, репертуар саясаты мен ондағы шығармашылық процессті уақытылы сараптамадан өткізу – театр сыншыларының кәсіби еңбектерін қажет ететіні сөзсіз. Себебі, сыни талдаулар мен жылдық сараптама жасау театрсүйер қауым мен түрлі мемкемелер  тарапынан да сұраныстар тудырып отыр.  Әрине, биыл пандемияға байланысты жылда ұйымдастырылатын фестивальдер мен гастрольдердің болмауы, карантиндік тәртіптің рамкасында театр сыншылары облыстық театрлардағы премьераларды тамашалай алмағандықтан «Сыншылар жүлдесін» - театртанушылар барып-көрген, талқылаған спектакльдерге, қалалық театрларға табыстағанын да жасырмаймыз. Ал онлайн форматта өткен дүниелерге, яғни ютуб спектакльдері мен БАҚ және сайт жұмыстары 40 театр бойынша ескеріліп, номинациялар берілді.

Сонымен қатар, биыл «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» атқарған қыруар жұмыстары мәдениет министірінің назарына ілінуінің өзі сараптаманың ауқымын кеңейтіп, кәсіби сыншылардың дәрежесін өсіре түсті. Бұл іс-шара театрлардың атқарған еңбектеріне кәсіби тұрғыда баға беріп, олардың шабыттауына, алға қарай ұмтылуына мотивация беріп, театрлар деңгейінің жоғарылауына әсер ететіні сөзсіз. Болашақта бұл үрдіс өз жалғасын тауып, барлық театрлардың сыншылармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауына әкелетініне сеніміміз мол.


Назерке Құмарғалиева - театртанушы,
өнертану ғылымдарының магистрі