Отандық жазушы Данияр Сүгіралиновтың «Кірпіштер 2.0» атты кітабының желісі бойынша түсірілгелі жатқан «Кірпіштер» фильмінің түсіру жұмыстары басталды.
Фильм – өз өмірін өзгертуге бет бұрған жігіт жайында. Мақсатына жету жолында мейірімдіден қатыгезге айналған ол – игі қасиеттерімен қоса, арқа сүйер достарынан да айрылады. Өмірінің басқа арнаға бұрылып, жұртшылықтың адалдығына сенуден қалып, өзінің адам танымастай өзгергенін байқаған ол – күйзеліске ұшырап, ішімдікке салынады. Алайда, маскүнемге жәрдем беретін жанашырлар табылып, алға қарай нық сеніммен қайта қадам басады.
«Өмірден өз орнын таба алмаған, әбден түңілген жастарға арналған бұл шығарма қанаттарын кеңге жайып, өмірлерін мағыналы етіп өзгертуге шақырады», - деді «Кірпіштер 2.0» кітабының авторы Данияр Сүгіралинов.
Фильмнің түсіру тобы:
Режиссері әрі сценарий авторы - Фархат Шәріпов
Операторы - Александр Плотников
Суретші - Алексей Шиндин.
Сонымен қатар, «Он алты қыз» (реж. Қ.Мұстафин) фильмінің жалғасы «Ең сұлу. 14 қыз» фильмі биыл жарыққа шықпақшы. Кинокомедияның авторы бұл фильмнің достықты насихаттаушы, әзіл мен қызықты оқиғаларға толы, халықтың көңлінен шығатын туынды болатынын айтты.
Фильм желісі Самат есімді сұрбойдақ жігіт туралы. Оның Бауыржан мен Тимур есімді достары оған қалыңдық тауып, үйлендірмекші болады. Бұл жолда олар қиындықтар мен қызықты оқиғаларға тап болады. Алайда, бәрі ойдағыдай аяқталып, Самат өз қалыңдығын табады.
«Қай кезеңде де қазақ халқы шаңырақты жоғары бағалаған. Қазіргі заманда жастар жанұя құруға асықпайды. Еркін қарым-қатынасқа жол беріп, мәнсапқа көбірек қызығатын жалғызбастылар саны көбейіп жатыр», - деді кинокартинаның режиссері Қанағат Мұстафин.
Фильмнің түсіру тобы:
Сценарий авторы – Қанағат Мұстафин, Серік Қасабеков
Қоюшы режиссері - Қанағат Мұстафин
Қоюшы операторы - Айдар Оспанов
Продюсері – Айдархан Әділбаев
Атқарушы продюсер – Шолпан Бөрібаева
Директоры – Әділ Қожабергенов
Ал, «Шала қазақ» фильмінің сценарий авторы әрі режиссері Төлеген Байтүкеновтың басты кейіпкері - Жан есімді жігіт. Фильм – ана тілін білмейтін, танымал газетте тілші болып жұмыс жасайтын жігіт жайында. Оқиға желісі Жанның ауруханада ес жиып, кенеттен, ағылшын, орыс тілдерін ұмытып, қазақ тілінде сөйлеп кетуімен өрбиді. Бұрындары туған тілі мен дәстүрлерінен бейхабар болып, күлкіге айналған Жан енді жаңа өмірге қадам басады.
Аталмыш фильмдердің түсірілімдеріне сәттілік тілей отырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленетін туындылар болсын деген ізгі тілегімізді білдіреміз.
Айжан ЕСЕНГЕЛДІ
Дерек www.kazakhfilmstudios.kz сайтынан алынды.