Фильм шекаралас аймақта орналасқан ауылдардың қазіргі тұрмысы мен ахуалы жайлы.
Режиссері Болат Нүсімбеков.
Жанр: деректі
Хронометраж: 105 минут
Марқакөл – Шығыс Қазақстан табиғатының інжу-маржаны. Қайталанбас табиғаты, қарасаң көз тоймайтын ғажайып сұлулығы бар өлке. Мұнда келсең, өркениеттен алыс, өз тыныс-тіршілігі бар ерекше бір жерге келгендей күй кешесің. Марқакөл аумағында шағын ауыл көп. Жергілікті халықтың бәрі бұрыннан осында тұрып келе жатқан адамдар. Ата-бабалары да осында туып-өскен. Ауыл жанынан қазақ-қытай шекарасы өтетіндіктен, бұл аймақтың стратегиялық маңызы бар.
Деректі фильм түсіру тобының сапары қиын болды. Алыс жол, қар басқан асулар, Алтай өлкесінің бұралаң жолдары экспедицияны біраз әбігерге салғаны рас. Сондағы мақсат - Күршім ауданындағы Тосқаин, Ұрынқай, Ақ бұлақ (бұрынғы Горный), Балықтыбұлақ, Шанағаты деген шекаралас ауылдардың тұрмысын көру, жергілікті халықтың хал-жағдайын білу.
Бұрын бұл жер Марқакөл ауданы болатын. 1997 жылы ол Күршім ауданының құрамына қосылды. Жергілікті халықтың тіршілігі қиындай бастаған кез. Өндіріс орындары жабылып, адамдар жұмыссыз қалды. 90-шы жылдардың аяғында көлік жүретін жолы, ауыз су мен жарығы жоқ елдімекендерден жұрт үдере көше бастайды. Мектеп пен ауруханалар жабылып, үйлер қаңырап бос қалды. Небәрі 500 метрдей жерде көршілес мемлекет болғанына қарамастан, шекара бекеті де жабылды.
Деректі фильмнің кейіпкерлері осынау қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген жергілікті тұрғындар. Олар әлі күнге дейін әлеуметтік және экономикалық қиындықтарға шыдап келе жатыр. «Мұнда өмір сүру кез-келгеннің қолынан келе бермейді», - дейді ауыл тұрғындары.
Десек те, өркениеттің көптеген жетістіктеріне қол жеткізе алмай жүрген қарапайым халық тағдырына налып, қиналып жүрген жоқ. Тірі адам тіршілігін жасайды. Олар да үйреншікті ортада өмір сүріп, тұрмысын жақсартуға тырысады. Бірі марал шаруашылығын дамытса, бірі балық аулайды. Ауыл балалары үшін спорт кешенін ашу жобасын әзірлеп жатқан мамандар, алтын өндірушілердің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойып, экологияны жақсартуға ат салысып жатқан азаматтар да бар.
Тұрақты ұялы байланыс пен тегіс жолы жоқ, ал қордаланған мәселесі көп ауыл-аймақтарда тұруға не себеп? Жергілікті халық туып-өскен өлкесін, теңдессіз табиғатын қимайды ма екен? Әлде оларды жақсылыққа деген үміт жетелей ме? Бұл туралы деректі фильмнің басты кейіпкерлері қарапайым ауыл тұрғындары әңгімелейді. Олардың арасында мұғалім, кітапханашы, құрылысшы және қорық инспекторы да бар.
Фильмде Композитор Қуат Шілдебаевтың музыкасы ойналады.
"Стратегиялық маңызы бар ауыл" деректі фильмі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген.