«Жантөринше жаңғыру». Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының 20 жылдығына орай Республикалық ғылыми-шығармашылық конференция өтті

«Жантөринше жаңғыру». Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының 20 жылдығына орай Республикалық ғылыми-шығармашылық конференция өтті

Жуықта Маңыстау облысының орталығы Ақтау қаласындағы бірегей өнер орталығы Нұрмұхан Жантөрин  атындағы музыкалық драма театрының шаңырақ көтергеніне 20 жыл толуына орай «Жантөринше жаңғыру» атты Республикалық ғылыми-шығармашылық конференциясы болып өтті. Бұл алқалы жиынға Маңғыстау өңірінің басшысы Нұрлан Ноғаев және ҚР Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Асанәлі Әшімов және Н.Жантөрин театрының негізін салушы, сол ұжымды бірнеше жыл қатарынан басқарған Нұрнияз Мұқанов бастаған еліміздің маңдайалды өнер қайраткерлері, республикамыздың театр директорлары, театр режиссерлері мен актерлері қатысты. Конференция модераторы – Асхат Маемировтың басқаруымен өткен басқосуда қазіргі таңдағы театр өнерінің өзекті мәселелері көтерілді. Атап айтқанда, бүгінгі театр ісін басқарудың заңнамалық жүйесі мен құжаттамаларының әлі де жетік еместігі баса айтылды. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының директоры, өнертану кандидаты Еркін Жуасбек өз сөзінде өнерді өңірлік немесе астаналық деп қарастырудың өзі түбегейлі дұрыс еместігін тілге тиек ете отырып, «Маңғыстау жері ұлттық өнердің тал бесігі. Соның ішінде Н.Жантөрин театры оның жүрегі. Енді осы театрдың жанынан өзінің киностудиясын ашып, актерлердің танымалдылығын арттырудың, осы облыстың өзін өнер орталығына айналдырудың жолдарын қарстыру керек. Бұған мұнайлы өңірдің шамасы әбден жетеді», – деген пікірін білдірді. Конференцияда баяндама жасаған  Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің төрайымы, өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Анар Еркебай бүгінгі таңда қазақ режиссурасының жас өкілдерінің шығармашылығына тоқтала келіп, олардың қазіргі таңдағы ізденістерін, алыс-жақын шетелге танылып үлгергенін баяндады. Алайда, қайсыбір театрлардың жас режиссерлермен шығармашылық байланысты әлі де орната алмай жатқандығын, «Drama.kz» жобасы сынды жаңа драматургиямен жұмыс жасауда артта келе жатқандығына тоқталып өтті.

Қазақ театр өнерінің дамуына жаңаша ойлаудың, креативтік көзқарастың қажеттілігі туралы ой қозғаған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалдының пікірі де тыңдаушылардың қызығушылығын оятты.

Сонымен қатар, конференцияда бүгінгі қазақ сахнасында мультимедиалық сценографияның, жалпы сахнаны безендіру өнерінің кемшін, осал тұстары көп екені баяндалды. Жас мамандардың театрға тұрақтамауының негізгі себептері қандай деген сұрақтың төңірегінде әңгіме өрбіп, ең бастысы, жастарды қызықтыратын репертуардың, оларды үйіріп әкететін материал мен режиссураның жоқ екендігі де ойға тамызық болды.

Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Бақтыгереев республикалық театр басшыларының басын біріктіретін Қазақстан театр директорларының гильдиясын құру жайында ұсыныс жасады. Ұсыныс қызу қолдау тапты. Заман өзгерген сайын түрленіп отыратын басқарушылық-әкімшілік құжаттарды дұрыс меңгеру, соңғы театрлық жаңалықтармен алмасу, шығармашылық ынтымақтастықты, гастрольдік барыс-келісті күшейту мақсатында құрылып жатқан бұл ұйымның қазіргі күнде аса қажеттілігіне көзімізді жеткізді.

Келелі кездесуде сөз алған Маңғыстау облыстық  музыкалық-драма театрының директоры, әрі бас режиссері Гулсина Мирғалиева ұжымның жиырма жылда аяғынан тік тұруы, қалыптасуы кезеңіндегі кездескен қиындықтары мен жеткен жетістіктерін баяндай отырып, болашақта осы өңірде сәні мен салтанаты келіскен заманауи театр ғимаратының бой көтеретіндігін, онда ең соңғы инновациялық құрылғылардың орнатылатындығын мақтанышпен айтты. Жаңа ғимараттың жобасы жасалып, құрылыс бой көтеретін алаңның белгіленіп, алғашқы даярлықтардың басталып кеткендігіне де тоқталды.

Конференцияның қорытындысында сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев театр өнерінің нағыз жанашыры екенін байқатты. Конференцияда көтерілген қайсыбір мәселелердің, әсіресе, театрды жаңа технологиялармен жабдықтау, т.б. түйіткілдердің шешілетіндігін де тілге тиек етті. Осындай конференциялардың маңыздылығын алға тарта отырып, 20 жылдығы атап өтіліп жатқан Нұрмұхан Жантөрин атындағы өнер ұжымының бірқатар қызметкерлерін арнайы алғыс хаттармен марапаттады.

Басқосудың екінші бөлімінде Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының 20 жылдық шығармашылығын баяндайтын фото-албом мен ұжымның сахнагерлері туралы шыққан естелік кітапшалардың тұсау кесер рәсімі өткізілді. Әр актердің ойнаған рольдері мен олар жайында жазылған пікірлер өнер сүйер қауымның қызығушылығын арттыратыны рас. Бұл басқа өнер ұжымдарына үйренерлік өнеге.  Конференцияның жалғасы «Сүйем сені, театрым» атты концерттік мерекелік іс-шараға ұласты. Концертте театрдың негізін салушы өнерпаздармен бірге бүгінгі таңда еңбек етіп жатқан шығармашылық топ қызыл кілем үстімен жүріп, сүйікті көрерменімен қауышты. Қуанышты бөлісуге келген көзі қарақты көрермен өздерінің ардақты сахнагерлерін зор қошеметке бөлеп, ықыласын сыйлады. Мерекеде ұжымның үздік спектакльдерінен үзінділер көрсетілді. Бұл театр репертуарын тануға мүмкіндік берді. Әсем ән мен жырға, өрнекті би мен күйді төгілткен концерттік бағдарлама тамашалаушыға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мәртебелі қонақтар мен көрермендердің талғамынан шықты.

Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының ұжымын 20 жылдық мерейтойларымен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілейміз. Осы сахна құрылтайында айтылған ойлар мен жобалардың жүзеге асуына тілектеспіз.


Меруерт Жақсылықова,

 театртанушы, өнертану кандидаты, профессор