29 қыркүйек күні Ташкенттегі Кино үйінде ХV Халықаралық Ташкент кинофестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Ашылу салтанаты аясында Өзбекстан президентінің кинофестиваль қатысушыларына жылы лебізі оқылып, концерттік бағдарлама көрсетілді. Сондай-ақ, «Ұлттық кино байқауы» аясында бірнеше фильм жеке аталды. Олардың ішінде танымал кинематографист Камара Камалованың «Кім дейін сені» («Ким деяй сени») фильмі үздік деп танылса, Али Хамраев «Үздік режиссер» атанды. «Үздік ер адам рөлін» Хашин Арсонов алса, Рано Джадиева «Үздік әйел адам рөлі» номинациясын иемденді. Сонымен бірге, өзбекстандық үш фильмге қазылар алқасының арнайы сыйлығы табысталды.
Француздық танымал актер Фредерик Дифенталь салтанатты кештің арнайы қонағы болды.
Ташкент халықаралық кинофестивалі қайта жанданғаннан бері үшінші жыл өткізіліп келеді. Биылғы жылы іс-шаралар Ташкент және Самарқанд қалаларында өтпек. Фестиваль Ресей, Қазақстан, Израиль, Хорватия, Жапония, Польша, Франция, Латвия, Чили, Корея, Эстония, Германия, Португалия, Сингапур және Украина сияқты 30-дан астам елдің кинематографистерін біріктіреді.
Фестиваль аясында 40-тан астам фильм көрсетіліп, шығармашылық кездесулер, шеберлік сыныптар мен пікірталастар өткізу жоспарланған. Режиссерлер Эмир Кустурица, Хасан Назер, Абдул Латиф Салазар, Кшиштоф Занусси, Алексей Учитель, Александр Сокуров, Джаник Файзиев, Елизавета Боярская, «Такси» фильмдерінің жұлдыздары Фредерик Дифенталь және Сами Насери және тағы басқалар келеді деп күтілуде.
Сондай-ақ, мәдениет күндерін, әлемдік кино күндерін, Еуроодақ елдерінің кинофестивалін өткізу жоспарланған, оның шеңберінде фильмдер көрсетілімдері, сондай-ақ оларды талқылау өтеді. Іс-шараларға кіру тегін.
Сонымен қатар, дәстүр бойынша фестиваль қарсаңында «5 күн ішінде Кино» байқауы басталды. Әр түрлі елдердің қатысушылары қысқа мерзімде өздерінің шығармашылық жұмыстарын түсіріп, оларды қазылар алқасына ұсынуы керек.
Фестиваль 3-қазанға дейін жалғасады.