2017 жылы жарыққа шығатын отандық кинотуындылар

2017 жылы отандық кино өнерінің қоржыны түрлі жанрдағы 30-дан астам фильмдермен толықпақшы. Дерлік отандық кинокомпанияларға тиесілі олардың барлығы қазақстандық актерлардың қатысуымен болмақ.
2017 жылы жарыққа шығатын отандық кинотуындылар
"Алмас қылыш" реж. Р. Әбдіраш

Жыл басталысымен кей отандық фильмдердің тұсауы кесіліп, кинотеатрларда көрермен назарына ұсынылып та үлгерді. Көшті бастаған режиссер Рүстем Әбдіраштың «Қазақ елі» сериалының екі сағатқа жинақталған «Алмас қылыш» фильмі болды.  Көрермен қауымды XV ғасырдың ортасына жетелейтін фильм Қазақ хандығының құрылар тұсындағы халықтың хал-күйінен сыр шертеді. Тарихи туындыдағы әсем кастюмдер мен бай декорация кезең лебін сездіргендей. Ал, Досқан Жолжақсынов пен Еркебұлан Дайыров болса, кейіпкердің күрделі болмысына еніп, рөлдерін шебер орындай білді.

Сонымен,  биыл жарыққа шығатын кейбір фильмдерге тоқталып өтейік...

 «Өзен» («Река») реж. Эмир Байғазин

Эмир Байғазин

Бұл – Байғазиннің жасөспірімдер туралы кинотрилогиясының соңғы бөлімі. Фильмде бала кезінен көп қиындыққа душар болып, ерте есеюге мәжбүр болған Аслан жайлы баяндалады. Естеріңізге сала кетсек, режиссердің алғашқы екі туындысы Халықаралық кинофестивальдерде жүлделі орындарды иемденген болатын.

«Әміре» реж. Джеф Веспа

Санжар Мәдиев

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, продюсер Әлидар Өтемұратов және голливудтық продюсерлер Кери Грант пен Эд Джонс бірлесіп, «Әміре» фильмін түсіруді бастаған болатын.  Фильмге алаштың біртуар дарынды әншісі Әміре Қашаубаевтың қысқа да жарқын өмірі мен жұмбаққа толы өлімі арқау болып отыр. Қазақ халқының төл өнерін Еуропаға паш етіп, домбырасын таныстырған тұлғаның рөлін Санжар Мәдиев сомдайды.

Қазақстанның АҚШ-пен бірлесе отырып түсіріп жатқан жобасы – табысқа толы болады деген сенімдеміз.

«Тақиялы періште - 2» реж. Найзабек Сыдықов

 

«Тақиялы періште-2» фильмінің түсірілімінен

Арада жарты ғасырға жуық уақыт өткен әйгілі туындының жалғасын продюсер Құсман Шалабаева қырғызстандық режиссер Н.Сыдықвпен бірігіп түсрімек. Аталмыш жоба жекеменшік қаржыландырудың көмегімен қолға алынған. Фильмнің заманауи нұсқасында Тайлақ өзінің немересіне жар іздейтін болады.

Түсірілім жұмыстарына фильмнің бірінші бөлімінде ойнаған Әлімғазы Райынбеков, Бибігүл Төлегенова және Шолпан Алтайбаевалар ат салысатын болады. Тайлақтың ұлының рөлін Дәулет Әбдіғаппаров, немересін Олжас Тоғымбет сомдайды.

Қазақ кино өнерінің алтын қорына енген кинотуындының жалғасы көпшіліктің көңлінен орын алады деген ойдамыз.

 

«Келін де адам баласы» реж. Асқар Ұзабаев

"Келін де адам баласы" жобасының продюсері – Әсел Сәдуақасова

Фильм – аты айтып тұрғандай, ене мен келін арасындағы қатынас жайында. Сюжет бойынша екеуінің орындары алмасып кетіп, келінге ененің, енеге келіннің жаны қонады.

Жоба продюсері әрі режиссері – Әсел Сәдуақасова. Актерлік құрамда, одан бөлек, Данагүл Темірсұлтанова, Данияр Алшынов, Әмина Малғаджар және Әбунасыр Серіков бар.

Түсірілім жұмыстары қазан айында басталған фильмнің көрсетілімі 2017 жылдың басына жоспарланып отыр.

 

«Грязь большого города» (Қазақша аты нақтыланбаған) реж. Нариман Төребаев

Нариман Төребаев

Нариман Төребаевтың «Партизандық кино» қозғалысының аясында түсірген «Грязь большого города» фильмінің сценарийін режиссердің өзі Талғат Шағамбаевпен бірлесе отырып жазған.

 

Фильм – жазалау жайында. Триллер жанрында түсірілген фильмдегі бас кейіпкер әділеттілік орнатқысы келген кек алушы бейнесін сомдайды. Бұл рөлге журналист Асқар Меңдібаев бекітілген. Актерлік құрамда Дина Тасболатова, Нұрлан Жұмағали, Шыңғыс Қапин, Камилла Нұғмановалар бар.  Туынды жылдың соңына дейін көрермен назарына ұсынылатын болады.

 

«Қашғарға саяхат» реж. Жасұлан Пошанов

Жасұлан Пошанов

Фильм – тарихи тұлға, ғалым, шығыстанушы және саяхатшы Шоқан Уәлихановтың өмірі жайында. Атап айтқандай, фильмде 22 жасар поручиктің Қытайға сапары баяндалады.

 

Жобаға Пошановтың өзі продюсерлік етсе, Шоқан рөлін Рүстем Жанаманов сомдамақшы. Одан өзге, актерлік құрамда Берік Айтжанов, Гүлназ Жоланова, Әсет Иманғалиевтар бар.

 

«Сүйемін сені, Ақерке!» («Я люблю тебя, Ақерке!») реж. Мейірім Аргымбаева, Нәзия Назарбек

«Сүйемін сені, Ақерке!» реж. М. Аргымбаева, Н. Назарбек

Астанадағы ҚазҰӨУ-нің бірінші курсында оқып жүрген Ақерке есімді қыздың «қан обырына» ұшырауы жанындағы достарын  бей-жай қалдырмады. Дарынды жас қыздың өмірін құтқару жолында Германияда жасалатын отаға достары ақша жинауға ат салысады. Бірақ, Ақерке 2013 жылы көз жұмады.

«Фильмнің негізгі тақырыбы Ақерке болғанымен, махаббат та тыс қалған жоқ. Ақеркеге сүйгені Азамат көп көмектесіп, демеу болған болатын. Көзінің тірісінде аман-есен жазылып кетсе ол туралы фильм түсіреміз деп уәде еткен едік. Алайда уәде – уәде, бұйытса 2 ақпан күні еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалайтын боласыздар», - деді режиссер М.Арғынбаева.

Ендеше, отандық кинематографисттерімізге сәттілік тілей отырып, жақсы туындылар күтеміз!

 

Мақалаға ақпарат төмендегі сайттардан алынды:

http://Stan.kz

Толығырақ: http://massaget.kz/layfstayl/madeniet/kino/40756/
Толығырақ: https://kaz.tengrinews.kz/cinema/askar-uzabaev-keln-de-adam-balasyi-komediyasyinyin-tusrlmn-275098/

 

Айжан ЕСЕНГЕЛДІ