Биыл 50-ден астам кинотуындының мерейтойы аталып өтпек

Биыл 50-ден астам кинотуындының мерейтойы аталып өтпек

Биылғы  жылы отандық 50-ден астам кинокартинаның мерейтойы аталып өтеді. Алғашқылардың бірі деп Ефим Дзиганның 65 жыл толғалы отырған «Жамбыл» туындысын айтуға болады. Фильмде ақынның жүз жасар шағын  сомдаған Шәкен Аймановқа бұл рөл биік даңқ сыйлаған еді.

Кинематографияда өзіндік орны бар туындының әлі күнге дейін ескірмеуі – жоғары деңгейдегі актерлік ойын мен білікті шығармашылық топтың еңбегі деп білеміз.

Режиссер Ефим Аронның «Ботагөз» фильміне, көпшілік сүйсіне қарайтын Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігеріне», сондай-ақ, Мәжит Бегалиннің «Оның уақыты келеді» фильмдеріне биылғы жылы  50 жыл толмақ.

Ал, қазақ кинорежиссурасының классигі Абдолла Қарсақбаевтың «Алты жасар Алпамыс» фильмі,  Эльдор Оразбаевтың «Транссібір экспресі» фильмі 40  жылдық мерейтойын тойламақшы.

Сондай-ақ, режиссер Серік Апрымовтың «Ақсуат» фильміне, Болат Шәріптің «Заманай» драмалық фильміне,  Рүстем Әбдіраштың «Құрақ көрпесі» мен Дәрежан Өмірбаевтың «Шұға» фильміне 10 жыл толғалы отырғанын атап кеткеніміз жөн.

Сонымен қатар, «Қазақфильм» АҚ түсірген отандық фильмдердің біразына бес жыл толмақшы. Олардың қатарында көпшілік көрерменнің ықыласына бөленіп, үздік деп танылған режиссер Ақан Сатевтың «Жаужүрек Мың Бала», Ермек Тұрсыновтың «Шал», Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Аңшы бала» фильмдері бар.

20-ға жуық анимациялық фильмдердің мерейтойы да аталып өтілмек. Олардың бірегейі 48 елде көрсетіліп,  1975 жылы Нью-Йоркте өткен кинофестивальде қола жүлдені жеңіп алған режиссер Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильміне биыл 50 жыл толғалы отыр.

Арада қанша жыл өтсе де көрермендердің ыстық ықыласын жоғалтпаған отандық фильмдердің мерейлі тойлары құтты бола берсін!

 

Айжан ЕСЕНГЕЛДІ

Ақпарат  www.kazakhfilmstudios.kz сайтынан алынды.