«Қазақфильм» киностудиясында жеті қысқаметрлі фильмнің өндірісі аяқталды

«Қазақфильм» киностудиясында жеті қысқаметрлі фильмнің өндірісі аяқталды

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығармашылық өндірістік бірлестігінде жеті қысқаметрлі көркем фильмнің өндірісі аяқталды. Олардың қатарында: «Жетім бұрыш» (реж. Е.Бораншы), «Жесткий тип» (реж. Б.Жұманов), «Миша» (реж. А.Әуелбек), «На грани» (реж.А.Байракимов), «Письмо» (реж. А.Мұсатаев), «Таксист» (реж. Д.Махмұт) «Эль-Фриман» (реж.Е.Рақымбеков) фильмдері бар. Фильмдер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді. Қазір түсірілім жұмыстары аяқталып, монтаждау кезеңіне өтті.

«Жыл сайын осы секілді туындыларды түсіру – жас кино мамандарына берілетін керемет мүмкіндік болып отыр. Қазақ киносының келешегі жастардың қолында. Сондықтан жас киноматографистерге қолдау көрсетіп, оларға кино өнеріне жол ашу керек», - дейді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков.

Тағы бір айта кететін жайт, қысқаметрлі фильм түсіру тәжірибесі «Қазақфильм» киностудиясында 1959 жылдан бері енгізілген. Кейіннен «Дебют» шығармашылық өндірістік бірлестігі болып ашылған. Содан бері бұл бірлестік біршама режиссерларға мүмкіндік беріп, елге танытты. «Дебют» шығармашылық өндірістік бірлестігіне бірнеше жылдан бері Анар Қашағанова жетекшілік етіп келеді.

Жақсы туынды жасау үшін сценарийдің де өзекті болуы маңызды. Бұл жайында отандық режиссер, бірлестіктің көркемдік жетекшісі Дәрежан Өмірбаев: «Фильмді өндіріске жібермес бұрын келіп түскен сценарийлерді талқылаймыз. Ішінен жақсыларын іріктеп алып, сценарий авторларымен сөйлесіп, талқылап, осыған дейін түсірген фильмдерін көріп, олардың дүниетанымымен танысамыз. Содан кейін барып өндіріске жіберу мәселесін қарастырамыз», -деп пікір білдірді.

Кино саласының жас мамандары үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Қазақ кино өнері қарыштап дами берсін!

 

Айжан ЕСЕНГЕЛДІ

 

 

Дерек www.kazakhfilmstudios.kz сайтынан алынды