Ұлыстың ұлы күні наурыз мейрамы қарсаңында тағы бір отандық фильм көрерменге жол тартпақ. Таңғажайып бес оқиғаның төңірегінде өрбитін романтикалық комедияның басын қосатын – кез келген арманды орындайтын сиқырлы білезік. Бұған дейін «Адель» (2015), «Замуж в 30» (2016) фильмдері арқылы өзінің «Мейнстрим» бағытында үздік фильмдер түсіре алатынын дәлелдеген Асқар Бисембиннің стилі жағынан Тимур Бекмамбетовтың «Ёлки» фильміне өте жақын шыққан бұл туындысы да көрерменнің көңілінен шығатыны күмән тудырмайды.
Махаббат пен достық, үлкенге деген құрмет пен кішіге деген ізетті дәріптейтін фильмдегі негізгі кейіпкерлерді Берік Айтжанов, Анатолий Креженчуков, Данагүл Темірсұлтанова, Алдабек Шалбаев, Шәріп Серік сынды отанымыздың белді актерлері мен Жанар Дұғалова, Кентал, Айқын Төлепберген қатарлы эстрада жұлдыздары жоғары деңгейде сомдап шыққан.
Оқиға желісі көктемде өрбитін фильмнің түсірілімі 2016 жылдың жазында өтіпті. Ыстық күні қалың киім киіп, қыз-қыз қайнаған қазандардың будақтаған түтінімен демалуға мәжбүр болған актер қауымы түсірілімнің оңай болмағанын күлкімен еске алды.
Жоба продюсері Святослав Булаковский залдағы отырған көрерменнің ыстық ықылысына бөленген «Наурыз.kz» фильмінің жалғасын түсіруге дайындық жұмыстарын бастап кеткендерін айтып, жағымды жаңалығымен бөлісті.
«Наурыз.kz» фильмі 16 наурыздан бастап еліміздегі барлық кинотеатрларда көрсетіле бастайды.