Нұргүл Сәрсенбайқызы
Кинотанушы
24-ші шілде күні XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің аясында Қазақстан, Ресей, Австрия және Грузия мемлекеттерінің ресми өкілдерінің қатысуымен «Қазақстанда кинокомиссияның құрылуы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталмыш дөңгелек үстелдің басты мақсаты – қарыштап алға қадам басып келе жатқан қазақ кино өнерінің биік деңгейде дамуына өз септігін тигізе алатын негізгі тәжірибелермен бөлісу.
Кинокомиссия бұл – киногерлердің жұмысын жеңілдету мақсатында ХХ ғасырдың 40-жылдары АҚШ пен Канадада құрылған ұйым болып табылады. Түсірілім барысында мемлекет тарапынан өрт сөндіру, полиция, түрлі қажеттіліктермен қамтамасыз ету сияқты көмектер көрсетіледі. Өткен ғасырдың 70-жылдары бірнеше кинокомиссиялар бірігіп, жеткен жетістіктерімен бөлісе бастайды, нәтижесінде, қазіргі таңдағы кинокомиссиялардың бере алатын көмектері біршама арта түскен. Осылардың ішінен үш ірі кинокомпанияны атап өтуге болады. Ол – американдық, европалық, азиялық кинокомпаниялар. (Осы сілтемелер арқылы аталған ұйымдар жөнінде толық мәлімет ала аласыз: www.eufcn.net, www.afci.org, www.afcnet.org)
Киногерлерге (кинематографтар) көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың әлемдік әдіс-тәсілдері:
Кинокомиссияның мемлекетке берер пайдасы қандай?
Мәдени шараларға байланысты Қазақстанда тек қана ТМД елдерімен келісімшарт бар. Ал, өзге мемлекеттермен әлі ірі келісімдер жүргізілмеді. Егерде жоғарыда тізбектелген нәтижелерге қол жеткізгіміз келсе, мәдени шектеулерді жаңартып, өнердегі шекараны кеңейткеніміз жөн болады.
Кинокомиссияның маңыздылығы соншалықты, ең алдымен, осы түсініктің теориялық жағын қарастырмай, практикаға көшіп кету – үлкен қателіктерге жолықтырады. Сол себепті, ең алдымен, Қазақстан үшін қонаққа келген шетелдік киноиндустриядағы мамандардан барынша теориялық білім алып қалуды көздеуіміз қажет. Осы жөнінде Грузиядан Давид Вашадзе, Ресейден Ксения Леонтьева, Австриядан Йоханнес Коек ел тәжірибелері мен негізгі жетістіктері жайында сөз қозғайды.
Давид Вашадзе: «Баршамызға белгілі, Грузияның табиғаты өте керемет! Әдемі ландшафтар кез-келген жерден табылады. Тек оны әдемі, көрікті кейіпке көресе білу қажет. Мәселен, бізде, қазір, Болливудтан көптеген жобалар келіп түсті. Біз оларды, әрине, қуана қарсы аламыз. Дегенмен де, Голливудтан да сондай өтініштер келіп түсер болса, біз үшін үлкен жетістік болар еді. 1998 жылдан бастап 150-ден астам түсірілім топтарды қызықтыра алдық. Жалпы экономикалық құрылым120 миллион евроны құрайды», – дейді.
Ксения Леонтьева: «Біз де Ресейде кинокомиссия құрған болатынбыз, алайда, ешбір теориялық базаға жүгінбестен бастап кеткен жұмысымыз өз нәтижесін бермеді. Екіншіден, кинокомиссия құрылмай жатып, мемлекет тарапынан cash rebate ұсынылды. Қандай да бір нақты ережелер көрсетілмегендіктен, көп қателіктерге әкеп соққанын жасыра алмаймыз. Сол себепті, сіздер егер Қазақстанда кинокомиссия құрғыларыңыз келсе, осы қателіктерді ескерулеріңізді сұраймыз», – деп, басты қателіктердің қай тұстан шығуы мүмкін екенін басып көрсетеді.
Йоханнес Коек: «Негізінде мен ХХ ғасырдағы Автрия киносының даму жолдарын қарастыратын диссертация қорғаған болатынмын. Сол кезде, байқағаным, Автрия киносы селқос (пассивно) жағдайда болыпты. Дегенмен де, Альфред Хичкок, Омар Шариф сынды режиссерлер ел табиғатына қызызушылық танытқан. 1991 жылы герман әріптестеріміздің өтінішінен кейін ғана киноиндустрияның ел мүддесіне қаншалықты қажет екенін түсіндік. Содан кейін, шетелдік киногерлерді өзімізге тарта бастады. Бұл үшін, әрине, сұлу табиғаттың бар екені аздық етеді. Ол үшін, инфрақұрылымды да қарастырған жөн болады. Мысалы, қонақүй, жол мәселесі де қарастырылуы керек», - дей отырып, болашақта құрылуы қажет мемлекеттік кинокомиссияның бастамасы жақсы қарқын алып отырғанын ерекше түртіп қойды.
Сонымен, ұйымдастырылған іс-шараның соңы қонақтарымыздың жылы лебізі мен мақсат еткен жоспарларға еш кедергісіз жетуімізге тілектес екенін білдіруге аяқталды. Ал, осы кеңестен кейін тек жақсы хабар күтеміз!