XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде «Гаити – махаббатым менің» фильмі көрсетілді

XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі қазақстандық көрермендерге өзге елдердің кинематографиясымен жақын танысуға үлкен мүмкіндік берді.
XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде «Гаити – махаббатым менің» фильмі көрсетілді

Кинобайқауда бағын сынаған әрбір елдің фильмдерін тамашалай отырып, жаңа әлем есігін ашқандай сезімде болғанымызды жасыра алмаймыз. Соның бірі – гаитилық режиссер әрі продюсер Гетти Фелиннің «Гаити – махаббатым менің» атты көркемсуретті фильмі. Аталмыш фильм көрерменге Гаити Республикасын басқа қырынан көрсетуге ұмтылыс жасайды. Жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі және наным-сенімдерімен таныстырады.

«Гаити – махаббатым менің» фильміндегі кейіпкерлердің түрлі-түсті киімдер киюі, адам жаратылысын табиғатпен салыстыру, сонымен қатар, фильмде кейіпкерлер арқылы айтылған дана сөздер  автордың туған жерге, өз халқына деген ыстық махаббатын байқатады. Бұл фильмде белгілі бір сюжеттік бағыт байқалмайды, алайда, көрініс арқылы тек автордың ішкі сезімін жеткізеді. Яғни, фильмнің басты мақсаты – кейіпкерлердің басынан өтіп жатқан оқиғаны бір тізбектеп жеткізуді емес, ішкі эмоционалды тұрғыда жеткізуді көздейді. Режиссердің айтуы бойынша, жергілікті тұрғындар о дүниелік болған адамның жаны су астына кетіп, денесіндегі артық заттар теңіз толқынымен құрғылыққа шығады дегенге сенетін көрінеді. Осыны режиссер басты нысаға ала отырып, жиі болып тұратын табиғат апаттарының берген залалын көрсетуге тырысады. Яғни, фильмде адамның қайтыс болғаны ашық түрде көрсетілмей, киімдердің теңіз жағасына толастауы арқылы байқатады. 2010 жылы Гаитиде болған қуатты жерсілкінісі үш жүз мыңнан астам адамның өмірін қиды. Көптеген мәдени құрылыстарды қиратты. Дегенмен де, бұндай қайғыға душар болған халықтың рухын сындырмаған. Режиссер, фильмді жерсілкінісінен кейінгі өмірді суреттей отырып, халықтың бұрынғыша өмір сүруін жалғастыра беретінін, тіршілік етуге қауіпті мекен болса да, туған мекенді тастап кетпеуге бекінген халықтың рухын көрсетеді.

Қорыта айтқанда, Mega Silk Way ойын-сауық орталығындағы Chaplin Cinemas кинотеатрында көрсетілген «Гаити – махббатым менің» фильмі астаналық көрермендердің көңілінің төрінен орын алды. Ендеше, фильмнің көрсетілімінен кейінгі көрермендер мен режиссер арасында болған диалогты ұсынамыз.

 


Көрермен: Фильмде көрсетілген басты кейіпкер (әйел) қандай рөл атқарады? Сол кейіпкер арқылы режиссер не көрсеткісі келген екен?

Режиссер: Өзіңіз қалай ойлайсыз?

Көрермен: Менің ойымша, ол жинақталған бейне сияқты. Басында, біз оны о дүниелік болған рух ретінде қабылдадық, ал, фильмнің соңына қарай, ол тірі адамдармен сөйлесе бастады. Нәтижесінде, бір әйел арқылы барша халықтың бейнесін көрсетуге ұмтылыс бар сияқты көрінеді.

Режиссер: Әрине, сіздің көз-қарасының өте дұрыс. Бірақ, менің айтқым келгені, егер режиссер фильм түсірсе, көрермен оны өз ырқына қарай қабылдайды. Сонымен, фильм режиссерге емес, көрерменге тиесілі болып шығады. Осында отырған әр көрермен аталмыш фильмді өздігінше талдай алады, нәтижесінде мен түсірген фильм менікі емес, сіздердікі болады.

Көрермен: Фильмде көрсетілген кейіпкерлер жайында айта кетсеңіз. Олар кәсіби актерлер ме?

Режиссер: Жоқ. Шын мәнінде, фильмде көрсетілген балықшылардың тіршілігі – шынайы көрініс. Гаити тұрғындары маған сенім артады, сол себепті фильмге түсуге еш қарсылық білдірмеді. Ал, басты рөлдегі әйел – менің жақын құрбым. Жас жігіт – менің ұлым. Осы фильмді түсіруге менің ұлым үлкен септігін тигізді. Оның образы мені шабыттандырды. Содан оның фильмге түсуін өтініп сұрадым. Алайда ол қарсылық білдірді. Бірақ төрт тілде (гаити, француз, ағылшын, жапон тілдері) сөйлей алатын актер табу мен үшін қиынға соқты. Содан ұлымнан фильмге қатысуын өтіне сұрадым. Ол келісті, алайда бір шартпен: менің келе жатқан туған күніме, жаңа жылға, аналар  күніне арналған сыйлық болсын деді, енді келіспеуге амалым жоқ. Осы фильмнен кейін одан артық ештеңе сұрай алмаймын (жымиып).

Көрермен: Фильмді көріп отырып, біз үлкен әсер алдық. Шындығын айту керек, фильмнің атмосферасы өте қайғылы. Сіздің бізге жеткізгіңіз келген эмоционалды информацияңыз толықтай жеткізілді деп айта аламын. Сонымен менің сұрағым, 2010 жылы болған жерсілкінісінен зардап шеккендердің арасында өзініңдің туған-туыстарыңыз болды ма?

Режиссер: Болған апаттан қайтыс болған 300 мың адам менің туған-туыстарым. Арасында, ең жақын құрбым да қаза тапты. Оның есімі Магали болатын, ол Гаитидегі феминистік бағытта қыруар жұмыс атқарған құрметті қайраткерлердің бірі. Одан айырылып қалу мен үшін өте қиынға соқты. Фильмдегі басты кейіпкер де құрбымның бір бөлігін көрсетеді.

Көрермен: Сіз қазақстандық фильмдерді көрдіңіз бе?

Режиссер: Қазақстанға жол жүргелі тұрғанымда, анам қай жерге барасың деп сұрады. Мен Қазақстанға деп қуана жауап бердім. Содан, ол барлық таныстарға хабарласып, менің өте алыс жерге жол жүргелі жатқанымды айтып қойыпты. Осында келгенімде, олар маған хабарласып, сіздерге ыстық сәлем жолдады. Ал, қазақстандық фильмдер жайында айтатын болсам, сіздердің кинематографи өнеріңіз кең ауқымды. Өте бай. Өкінішке орай, Америкада сіздердің фильмдеріңізбен жақынырақ танысуға мүмкіндіктер өте аз, ал осы ұйымдастырылып отырған кинофестиваль мен үшін қазақ кинематографиясына ашылған есік сияқты болды.