Қайрат Сүгірбеков атындағы форум-фестиваль жүлдегерлері анықталды

"EXPO-2017" Халықаралық мамандандырылған көрмесінің мəдени бағдарламасы аясында ұйымдастырылған Қайрат Сүгірбеков атындағы І Республикалық жас режиссерлердің форум-фестивалі өз мəресіне жетті.
Қайрат Сүгірбеков атындағы форум-фестиваль жүлдегерлері анықталды

Қыркүйек айының 2-8 аралығында Астана қаласында өткен өнер додасында еліміздің әр өңірінен келген 13 жас режиссер түрлі бағыт пен жанрдағы, әр алуан тақырыптағы қойылымдарды көрсетіп, тың дүниелермен серпіліс алып келетін жас буынның қалыптасып келе жатқандығын тағы бір дәлелдеді.

Атап айтар болсақ, өнер сүйер қауым М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Ж.Ерғалиевтің "Қас-қағым" метафизикалық трагедиясын сахналаған Елік Нұрсұлтан, Ақтөбе облыстық Алақай қуыршақ театрында Н.Гогольдің "Шапан" спектаклін қойған Мейрам Хабибуллин, Ақмола облыстық Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында М.Қолғанаттың "Алдамшы үміт" драмасын сахналаған Фархадбек ҚанафинЖ.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық қазақ драма театрында О.Богаев «Down-way» пәлсапалық әфсанасын қойған Болат АбдрахмановШығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының сахнасында Л.Разумовскаяның "Қымбатты Елена Сергеевна" драмасын қойған Айдын Салбанов, "А.И" театрында Ж.Расиннің "Федра" трагедиясын сахналаған Дина Жұмабаева, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында А.Гернидің "Махаббат хаттары" драмасын интерпретациялаған Жұлдызбек Жұманбай, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрында Р.Отарбаевтің "Қасірет" психологиялық драмасын сахналаған Фархат Молдағали, Астана Жастар театрының сахнасында М.Левидің "Жер мен Көктің арасы" мелодрамасын қойған Дәурен Серғазин, Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрында Ж.Омаровтың "Құлыншақ пен бөлтірік" фантазиялық ертегісін интерпретациялаған Рүстем Жаныаманов, Ақмола облыстық орыс драма театрында Э.Ионесконың "Орындықтар" трагикомедиясын сахналаған Алмас Ахметбеков, М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында Ш.Айтматовтың "Мəңгүрт" драмасын қойған Гүлназ Қамысбаева және Республикалық академиялық неміс драма театрында Я.Фридрихтің "Синдром MNIP" фантазиясын сахналаған Әлібек Өмірбекұлы сынды жас таланттар бақ сынады.
Аталмыш өнер додасына театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров төрағалық етсе, қазылар алқасының құрамындағы театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Миргалиева, театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда, театртанушы, Өнертану кандидаты, Халықаралық театр сыншылары ассоциациясының мүшесі Анар Еркебай және театртанушы, Өнертану ғылымдарының магистрі Мирас Əбіл сынды мамандар барынша әділ бағаларын берді. Сондай-ақ, Ш.Руставели атындағы Тбилиси Мемлекеттік театр және кино университетінің ректоры Гиорги Маргвелашвили, мәдени сарапшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова және  журналист Әсия Бағдаулетқызы сынды өнер жанашырларынан тұратын сарапшылар алқасы да фестивальге қатысушы жас режиссерлердің спектакльдерін бағалап, бағыт-бағдар беруге тырысты. Сонымен, бәйгеде бақ сынаған жас режиссерлер жүлдені төмендегідей бөлісті.
Қайрат Сүгірбековтің отбасының атынан берілген арнайы жүлде Дәурен Серғазинға бұйырса, Рүстем Есдəулетов атындағы арнайы жүлдеге Фархат Молдағали лайық деп шешілді. ІІІ орын иегерлері Айдын Салбанов пен Мейрам Хабибуллин, II орын Дина Жұмабаева, I орын Гүлназ Қамысбаева, ал Қайрат Сүгірбеков атындағы Бас жүлдені Елік Нұрсұлтан иеленді