Әмір Мәжитов жайлы фильмнің көрсетілімі өтті

2 қараша күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Кино тарихы және теориясы» кафедрасының ұйымдастыруымен Сыр өңірі Жаңақорған театрының режиссері, ақын, Әмір Мәжитовке арналған деректі кинотуындының көрсетілімі өтті.  
Әмір Мәжитов жайлы фильмнің көрсетілімі өтті

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Бір үзім нан» пьесасының авторы, драматург, әнші, театр режиссері Әмір Мәжитовтің биыл 80-жылдық еске алу мерейтойы атап өтіліп жатыр. Осы орайда театр саласына қажырлы еңбегі сіңген тұлға жайлы белгілі кинорежиссер Қалила Омаровтың деректі фильмінің көрсетіліміне Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның «Кинотану», «Кинотеледраматургия» мамандықтарының студенттері, оқытушылары және фильм авторлары қатысты.

Мәжитов туралы белгілі театр қайраткері Т.Жаманқұлов: «Әмір Мажитов қазақ драматургиясына тұңғыш рет ашаршылық тақырыбын ашқан «Бір үзім нан» атты пьесасымен келген және оны өзі сахналап, қазақ театры тарихында өзіндік ерекше қолтаңбасын қалдырған тұлға», - деп бағасын берген екен. Аудандық мәдениет үйінде ұзақ жылдар еңбектеніп, өзінің туған топырағын тағылымды өнер мектебіне айналдыра білген Мәжитов образы деректі фильмде шебер ашылған. Режиссер мол мұрағат материялдары, өнер мен мәдениет қайраткерлерінің Ә.Мәжитов туралы шынайы пікірлері мен бағасы берілген кадрлар арқылы кейіпкер тұлғасын жан-жақты жеткізе білген.

«Әмірдің қаламынан өрбіген туындылардың ішінде «Бір үзім нан» атты еңбегі ерекше құнға ие. Себебі, ол ғасыр қасіреті, қазақ қасіреті. Сонау кеңестік кезеңнің қылышынан қан тамып тұрған шағында бұндай дұниені еш қаймықпай сахнаға шығару ол Әмірдің ерлігі. Мен Мәжитовты «Дала таланты» деп атар едім», - дейді КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері А.Әшімов.

Көрсетілімнен соң фильм режиссері мен студенттер деректі каритнаның түсірілім жұмыстары, кейіпкерлері, көркемдік шешімдері мен техникалық ерекшеліктері туралы өзара пікір алмасып, шығарманы кеңінен талқылады. Сонымен қатар, кездесуге келген Мәжитовтың туыстары «Әмір Мәжитов» деп аталатын басты кейіпкеріміздің шығармалары мен естеліктері жинақталған кітапты кафедараға табыс етті.

Көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай: «соңында рухани мұрасы, ол туралы кітабы, фильмі, ескерткіш тақталары, естеліктері қалған адамның аты өлмек емес», - деп бағасын берген тағылымды тұлға жайлы фильмнен жастар жағы аз әсер алмаса керек-ті.