«Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігі» кинокартинасына «Оскар» сыйлығын иемденген гример шақырылған

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Елбасы жолы» киноэпопеясы «Бейбітшілік кіндігі» атты кинокартинасының қойылымдық қорғалымы өтті. Қорғалым барысында фильмнің режиссері Ақан Сатаев киностудияның Эксперттік кеңесіне дайындық кезеңінде атқарылған жұмыстар туралы айтып, түсірілім тобын таныстыра отырып, топтың түсірілімге дайын екенін жеткізді.
«Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігі» кинокартинасына «Оскар» сыйлығын иемденген гример шақырылған

«Бейбітшілік кіндігі» фильмі Ақмоланың қарапайым қаладан жас орда  Астанаға айналуы мен күні бүгінге дейінгі кезеңі туралы баяндайды. Картинада 1994 жылы астананың Ақмолаға ауысып, Астананың қысқа мерзім ішінде күн санап дамып келе жатқанын және үздік әлем астаналары қатарына енгенін көрсетеді. 

- Біздің фильміміз саясат пен саясаткерлер туралы. Сол себептен де біз ПКҚ, Президент хаттамасынан, кеңсесінен кеңестер алып жатырмыз. Астананың тұрғызылу кезінде түрлі қиындықтар орын алғаны және президент пен оның айналасындағылардың оларды қалай еңсергендері туралы көп ақпарат алдық. Фильмдегі негізгі драматургиялық қақтығыс та осы жайында болмақ. Бізге Алматы мен Астананың барлық мекемелері қол ұшын созуда. Сол себептен де фильм өте шынайы шығады деп білеміз. Ең бастысы жақсы фильм жасаймыз деген сеніміміз бар. Оның үстіне, «Қазақфильм» киностудиясы камераларға арналған заманауи объективтерін сатып алды. Енді түсірілген материалдың сапасы жоғары болады, - деді режиссер.

Қорғалым кезінде түсірілім тобы фильмде қолданылатын барлық заттар мен костюмдерді әкеп, көрме ұйымдастырды. Эксперттік кеңес алдында фильмнің атқарушы продюсері Әлия Меңдіғожина мен кастинг-директор Жайна Әбдиева сөз алып, түсірілім алаңдары және актерлермен жұмыс жасалу барысын айтып берді. 

- Түсірілімдер Алматы мен Астанада өтеді. Бірінші түсірілім блогы желтоқсан айында Алматыда болады. Сосын қаңтар айында Астанада түсіреміз. Ол жақтан қайтқан соң, қайтадан Алматыда жалғастырамыз. Сондай-ақ, жазғы мезгілінде түсіретін эпизодтарымыз да бар. Фильмге шетелдік грим жөніндегі суретшіні шақырттық, ол кино саласында көптеген жүлделердің иегері  Марк Кульер, - деді Әлия Меңдіғожина.

- Біз қазір актерлердің пластикасы және сөйлеу мәнерімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз, өйткені олардың сомдайтын кейіпкерлері өмірде бар кісілер. Біз көптеген мұрағаттық материалдарды актерлерге көрсетіп жатырмыз, бұл актердің өз рөліне енуіне ықпал етеді, - деді кастинг-директор Жайна Әбдиева.

Дайындық кезеңі барысында фильмнің басты және екінші пландағы актерлері бекітілген. Экранда Н.Ә.Назарбаевты театр және кино актері Мұрат Ахманов сомдайды. Сонымен қатар, фильмде Еркебұлан Дайыров, Жан Байжанбаев және көптеген кино майталмандары бой көрсетеді.

- Басты рөлге актер іздегенде біз үшін портреттік ұқсастығынан гөрі, оның актерлік шеберлігі маңыздырақ болды. Фильмде 14 ауыр грим болады, оны Марк Кульер жасайды. Соның көмегімен актердің Елбасымен портреттік ұқсастығын келтіреміз. Ал екінші пландағы актерлерді негізенен түр-әлпеті прототипке ұқсайтындарын таңдадық, - деп қосты А.Сатаев.

Сондай-ақ, қорғалым кезінде Ақан Сатаев деректі сахналар болатынын айтып өтті:

- Біз Елбасының және конституциялық бестіктің қатысуымен Ақордада түсірілімдер жасадық. Бұл Астананың 20 жылдығын атап өту туралы жиналыс сахнасы.

Жоба қорғалымында Эксперттік кеңес мүшелері – танымал кинематографистер және киностудия Президенті Бақыт Қайырбеков болды. Киностудия басшысы шығармашылық топқа сәттілік тілей отырып, өз ойын айтты.

- «Шығармашылық топ пен сенің бойыңда фильмді жасауға деген сенімің мол болғаны құба-құп. Әлі есімде, 1997 жылы қатты аяз болған, одан кейін ондай аяз болмады-ау деймін. Меніңше, сол біздің бәрімізге жаратқанның жіберген сынағы деп ойлаймын және сол қиын белесті біз бәріміз де еңсере білдік», - деді Бақыт Қайырбеков.

  • Фильмнің қоюшы-операторы қазақ және қырғыз киносының мэтрі – Хасанбек Қыдырәлиев («Көшпенділер», «Моңғол», «Анаға апарар жол» «Бауыржан Момышұлы» және басқалар). 

  • Көркемдік бөлігіне жауапты қоюшысуретші Назира Байбекова («Қара шаңырақ», «Бауыржан Момышұлы», «Бригада», «Анаға апарар жол», «Районы» және басқалар).

  • Сондай-ақ, британдық суретші-визажист және протез макияжы бойынша сарапшы – Марк Кульер шақырылған. Ол «Гранд Будапешт отелі» фильміне жасаған үздік макияж үшін «Оскар» жүлдесін және «Темір леди» фильміне жасаған үздік макияж бен шаш үлгісі үшін 87-ші Британ кино Академисының BAFTA сыйлығын иемденген. 

«Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігінде» фильмінің шығармашылық тобы түсірілімге ағымдағы жылдың соңына қарай шығады. Ал фильм қалың көрермендерге 2018 жылдың желтоқсан айында жол тартады деп жоспарлануда. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Сатайфильм» кинокомпаниясы түсіреді. 

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, «Сатайфильм» кинокомпаниясының қатысуымен

Сценарий авторлары: Әділбек Жақсыбеков, Тимур Жақсылықов

Редакторы: Айдар Еспенбетов

Қоюшы-режиссері: Ақан Сатаев

Қоюшы-операторы: Хасанбек Қыдырәлиев

Қоюшы-суретші: Назира Байбекова

Костюм жөніндегі суретші: Әлия Ісмағұлова

Грим жөніндегі суретші: Әлия Шманова

Грим жөніндегі шақырылған суретші: Марк Кульер

Кастинг-директоры: Жайна Әбдиева

Атқарушы продюсер: Әлия Меңдіғожина

Фильмнің продюсері: Ақан Сатаев

Аннотациясы: Фильм 1994 жылдың шілде айында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пленарлық отырыста астананың Алматыдан Ақмолаға ауыстырылатыны туралы жария еткенімен басталады. Фильмнің соңы 1998 жылдың 10 шілдесі күні қала күнін тойлаумен аяқталады. Президенттің діттеген жоспары бойынша жаңа астана тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің нышаны болуы тиісті. Президент алдында орындалуы мүмкін емес мәселе – қысқа мерзім ішінде асқаралы Алатаудан, Сарыарқаның кең даласына астананы ауыстыру тұрады.