Самал Мамытова
өнертанушы, көрме кураторы
А.Ғалымбаева ұлттық мәдениет тарихына қазақ әйелдері арасынан тұңғыш кәсіби суретші ретінде кірді. Ол қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық тақырыпты жырлайтын дарынды кескіндемеші ғана емес, сонымен қатар киносуретші, әрі қазақтың ұлттық киімдерінің үлгісін жасаған бірегей тұлға.
Айша Ғалымбаева 1917 жылы Алматы облысының Есік ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Алматы театр-көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, онда А. Черкасский мен Л.Леонтьевтен дәріс алды. 1949 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет-безендіру бөлімін аяқтағаннан соң, Алматы көркемсуретті және хроникалық фильмдер киностудиясында еңбек етті. Оның кино өнеріндегі ең алғашқы, әрі дипломдық жұмысы «Абай әндері» киносценариіне декорациялар, костюмдер мен кадрлар көрінісінің эскиздері. Сондай-ақ, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Махаббат туралы дастан» (1954), «Шабандоз қыз», «Бұл Шұғылада болған еді» (1955), «Дала қызы» (1966) кинофильмдеріне костюмдер эскиздерін жасаған. Сонымен қатар, Шоқан Уәлихановқа арналған «Оның уақыты келеді» кинофильмінің түсірілу кезінде қазақ тұрмысы және костюм бойынша кеңесші болып қызмет атқарады. 1958 жылы суретшінің талай жыл тер төккен «Қазақтың ұлттық киімдері» суретті альбомы басылып шығады. Ол 1949 жылдан 1964 жылға дейін Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде, ал 1964-1969 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында ұстаздық қызмет атқарды. Шығармашылық қызметінде жеткен жоғары жетістіктері үшін ол «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды. 1972 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, 2002 жылы Жалпыұлттық тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атағын иеленді.
А. Ғалымбаева өмірінің көп бөлігін қондырғылы кескіндемеге арнады. Оның колорист ретіндегі тамаша таланты және рухы мен көркемдік орындау тәсілі ұлттық жарқын да көркем образдарды жасау қабілеті нақ осы арада толығымен ашылды. Оның шығармашылығында қазақ халқының өнері мен мәдениеті, тұрмысы жырланды, сонымен бірге, қазақ әйелдерінің тағдыры ерекше қырынан бейнеленді. Суретші шығармашылығының өзекті арқауы – қазақ әйелдерінің бейнесі. Осы әйел адамның болмысы мен табиғатына тән, ішкі жан-дүниесін көрсететін әр түрлі сюжетке құрылған тақырыптық композициялары айрықша. Оның бір-біріне ұқсамайтын портреттерінде қазақ әйелінің табиғаты, оның өз заманындағы сәнді өмірі, бақытты тағдыры салтанатты бейнеленеді. Оған «Белгілі халық шебері Р. Бәсенованың портреті», «Дәмді шай», «Бір кесе қымыз», «Халық таланттары», «Біз заманамызды мақтаныш етеміз», «Қазақстан әні», «Кестелі кимешек», «Батыр ана» және тағы басқа шығармалары дәлел бола алады.
Суретшінің шеберлігін айқын көрсететін сюжеттік және портреттік композициялармен қатар, ол 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында ұлттық натюрморт типін бірінші болып қалыптастырды. А. Ғалымбаева натюрморт жанрында жұмыс істегенде өзін неғұрлым еркін және нық сенімді сезінеді. Ол өзін қоршаған заттардан көптеген шексіз композициялар құрастырды, бұл іс жүзінде әлемдік тыныштық пен рухтану ерекше сезілетін табиғи үйлесімді, өмірлік ортаның көріністері ретінде аңғарылады: «Дастархан», «Аяқ қап», «Қызыл апорт», «Нан», «Ақ шәйнек».
Айша Ғалымбаева қылқалам шебері ретінде өз ұлтының қайталанбас қасиеті мен шынайы өмірін барынша суреттеуге талпыныс жасады. Ғұмырында ашаршылық, соғыс секілді аласапыран кезеңдерді басынан өткергенімен, оның шығармашылығында халқының жарқын бейнелері, өнері мен мәдениеті тереңінен қозғалады. Сондықтанда, оның туындылары бүгінде ұлттық бейнелеу өнерінің классикасына айналуы заңды деп білеміз.
Көрмеге суретшінің Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ қорынан, отбасылық және жеке коллекциядан алынған 80-нен астам кескіндемелік және графикалық жұмыстары қойылады.