Оксана Танская
Қазақстандық белгілі пейзажшы Рашид Құлбатыровтың «Шабыт» атты жеке көрмесі автордың кескіндемелік және акварельдік техникада орындаған 70-тен астам туындысын ұсынады.
Құлбатыров Рашид Өтенбергенұлы 1967 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келді. 1986 жылы Ақтөбе көркемсурет училищесін безендіруші-суретші мамандығы бойынша, 1995 жылы Алматы Мемлекеттік университетінің көркемсурет-графика факультетін суретші-дизайнер мамандығы бойынша тәмамдады. Халықаралық «Шабыт» жастар шығармашылығы фестивалінің дипломанты. Халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы, жүлдегері және дипломанты. Бірнеше мәрте өзінің жеке көрмесін өткізді. Суретшінің картиналары Қазақстан, Канада, Америка, Германия, Франция, Түркия, Греция және Чехияда жеке коллекцияларда сақтаулы.
Қазақстанның қазіргі заман суретшісі Рашид Құлбатыровты табиғат ландшафтары мен қала ансамбльдерінің «жыршысы» деуге болады. «Шабыт» – автордың ауқымды жеке көрмесінің ғана емес, бастысын айтпағанның өзінде, суретшінің жұмыстарының басым бөлігін біріктіретін тұжырымдаманың да атауы. Қылқаламын аса шеберлікпен жеңіл тартатын ол Қазақстан мен Еуропаның үлкенді-кішілі қалаларының панорамаларын, қазақ даласының шетсіз де шексіз жазирасын, Іле Алатауындағы жоталардың биік шыңдарын, Каспий теңізінің әсем көрінісін, сондай-ақ көшпенділердің дәстүрлі ауылдарының тұрмыстық композицияларын жазады.
Суретшінің шығармашылығында қала пейзажы жанрының алар орны үлкен. Рашид Алматының жаңа даңғылдары мен ескі көшелерін ғана суреттеп қоймайды. Оның қала пейзаждары галереясында Алматыдан басқа Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Стамбул, Рим, Руан сияқты қалалар мен қала маңының және өзі саяхаттап барып, тұрған жерлерінің көрініс-келбетін суреттейтін пейзаждары да бар. Алайда, «Шабыт» көрмесі, әсіресе күн шуақты Алматының ескі көшелеріне деген сағынышын білдіріп, Оңтүстік астананың жаңа көрікті орындарын тамсана баяндайды. Сонымен қатар, Рашид Құлбатыров жұмыстарын көбінесе пленэрге шығып, табиғат аясында жазғанды жаны сүйеді, себебі бұл – оның шығармашылығына дем беретін қуат көзі. Және қала мен оның маңын жазғанда Рашид жорамалға жол бермейді, яғни далалы жер мен таулы жердегі ауылдарды, олардың өмір тіршілігінің ерекшелігін қоса баяндаған кезде, шығармашылық процеске толығымен беріліп, ендігі жерде қылқаламымен емес, жанымен жаза бастайды. Адам жүрегінің генетикалық жады бар деседі. Көшпенділер ұрпағының бойындағы қан дала адамдарының тыныш әрі емін-еркін өмір ырғағын рахаттана баяндайтын кескіндемешінің шығармашылық ойымен бірге жылжи ағады. Мұндағы домбыра әуені өзімен қатар соғып тұрған желдің гуілінен толықтай өзгеше, мұнда тау өзендері сылдырай ағып, қонақжай үйдің ошағынан түтін шығады, мұнда аспанның көгілдір күмбезінің астында жанға жайлы киіз үйлер қатар түзіп, осында тұрмыстың дәстүр-салттары мен әдет-ғұрыптары туралы білген-түйгендерін қалдырып, ұрпақтар бірі екіншісінің орнын басып отырады.
Құлбатыровтың кенептері кейде орыс импрессионистерінің жұмыстарын еске түсіреді, сол еркін сілтеген таза түстің жағындысы, сол бояу қабатын жағу динамикасы, сол түстік гамма. Рашид жаз, көктем немесе күз мезгілдерін суреттегенде ашық, қанық түстерді таңдайды, оның қыс пейзаждары да мажорлық аккордқа бағынған – бұлтсыз, шуақты. Автор монохромды түстік палитраға да бей-жай қарамайды. Оның «Алматы ретросы» топтамасындағы пейзаждар мұрағаттағы оңып сарғайып кеткен суреттерді еске түсіреді. Оларды қала өмірінің нақ бір тоқтап қалған сәттері дерсің.
Рашид Құлбатыровтың шығармашылығын қадірлеушілер кескіндемешінің акварельдің күрделі әрі талғаулы техникасымен аса шеберлікпен жұмыс істейтінін біледі. Мұнда да қала пейзаждары мен дала ландшафтары, көшпенділердің тұрмысы мен жекелеген адамдардың тағдыры жайлы шағын баяндаулар.
Рашид Құлбатыров – әдеттен тыс көп әрі жемісті еңбектенетін шығармашылық жігері мол суретші және өз өмірін басқаша ойламайды да. Ол конъюнктура қуалап кеткен жоқ. Бірақ осынысымен-ақ сұранысы көп суретшілердің бірі болып қала береді. Көрме ақпан айының 23-не дейін жалғасады.