Галина Сырлыбаева
Көрме есімдері беймәлім авторлардың қырық кескіндемелік туындысын ұсынады, олардың көпшілігі көптен бері көрмеге қойылмаған немесе бірінші рет қойылып отыр. Бір залға жинақталған олар орыс портретінің қалыптасу және даму сатысын, императордан қайыр тілеген қартқа дейін, князь қызынан көпестің әйеліне дейінгі түрлі тап өкілдерінің образдарын алға тартады. Сол кездің портреттері үшін авторлық атрибуциядағы қиындықтарынан басқа модельді танудың өзі екіталай. Бұл коллекцияның негізгі құрамы 1935-1936 жылдары құрылған Қазақ ұлттық көркемсурет галереясына түрлі музейлерден – Мемлекеттік Третьяков галереясынан Мемлекеттік Орыс музейінен, Семей өлкелік музейінен өнер бұйымдары келіп түсе бастаған кезде-ақ қалыптасқан.
Адам образы қашан да өнердің назарында екені ақиқат. Адам ғана – уақыттың эстетикалық мақсат-мұратын, қоғамның эмоционалдық және психологиялық хал-ахуалын жеткізуші. XVIII ғасырдағы көрнекті орыс суретшілері А.Андропов, И.Аргунов, Ф.Рокотов, Д.Левицкий, В. Боровиковскийлердің есімдері кеңінен танымал. О.Кипренский, К. Брюллов, В.Тропинин, В.Перов, И.Крамской, И.Репин, В.Серов сынды суретшілер өздерінің портреттерімен ХІХ ғасырдағы өнерді мәшһүр етті. Бірақ солардың қасында түрлі себептермен белгісіз болып, тарихта аты қалмаған суретшілердің тұтас бір тобы жұмыс істеді. Олардың арасында провинциялық суретшілер де, өз беттерінше үйренген басыбайлы шеберлер де болды. Бұл суретшілер әдетінше өздерінің жұмыстарына аты-жөндерін жазбады. Олардың туындылары дворян сарайлары мен усадьбаларында, көпестердің үйлерінде қалды... Тек жеке отбасылық коллекцияларды мемлекет меншігіне алғаннан (ұлттандырғаннан) кейін ғана музейлік жинақтама игілігіне айналды.
XVIII ғасырды «орыс портретінің алтын ғасыры» деп дәл айтады. Бұл жанр, әсіресе алғаш қалыптаса бастаған кезінде икон жазу сияқты өзіндік дәстүрлері мен шетелдік суретшілерден енген жаңа дәстүрлерді синтездей білді. «Парсуна» деген атау алған («персона» сөзінің бұрмаланған түрі, латынша рersona – жеке тұлға) портрет формасы осы бір ортағасырлық өнердің зайырлы өнерге ауысқанын паш етеді. Фигуралардың әлдеқалай қимылсыз қатып қалуы, формалардың анық кескіндері, түстің сәнділігі, детальдардың жазық өрнекті бейнеленуі, сонымен бірге адамды жарықпен және көлеңкемен үлгілеу, модельдің даралығына қызығушылық (патша Федор Алексеевичтің, Петр І-дің, Екатерина І-дің, Елизавета Петровнаның портреттері) – міне, парсунаның айрықша қырлары.
XVIII ғасырдың соңына қарай орыс портреті сапалық деңгейінің жоғарылығы жағынан өзіне замандас әлемдік үлгілермен теңесті. Орыс суретшілері кескіндемедегі еуропалық жетістіктерді тез меңгеріп, портреттегі адамның жеке қырын, заттық әлемнің материалдық сипаттамасын беруде өз шеберліктерін көрсете білді (Екатерина І-дің, Павел І-дің, М. Сперанский мен В. Кокореваның және т.б. портреттері). «Портрет – өзін-өзі танытудың және өмірді эстетикаландырудың айнымас құралы».
XIX өнердің демократиялануымен де есте қалады. Портрет жанрында жаңа қаһармандар – ұсақ дворяндар, көпестер, өнерлі адамдар, қайыршылар, жалғызілікті қарттар... пайда бола бастайды.
Көрмеде камералық портрет орын алған. Оған шағын көлем, сән-салтанаттың жоқтығы, күңгірт бейтарап фон, адам бейнесінің кеудесінен немесе белінен суреттелуі, әдеттегіше бастың сәл бұрылып тұруы тән. Көруге ұсынылған портреттерде қосымша атрибутикалар – интерьер элементері, табиғат ортасы жоқ. Кейіпкерлердің эмоциялары корсет пен қарапайым камзол астында қалған. Оларда әрбір модельдің адамға деген жіті көзқарасы мен олардың өздерінің ар-намыс сезімін көрсетуге ұмтылыс байқалады.
Осы суретшілердің аты-жөнін білу бүгінгі күні сондай маңызды ма? Жымию, көзқарас, сымбат, бастың бұрылуы, шаш қоюы, киімі, тұрмыс атрибуттары арқылы уақыт пен дәуірді, тарихты тануға болады. Иә, бұл ең бастысы болуы мүмкін.