Көрменің «Көкейкесті реализм» деген атауының өзі-ақ біздің санамызға бірден ой тастайды. Көптеген сұрақтар туындайды, шынында, реализмнің анықтамасы бүгінде түрліше қабылданады. Осы терминді біреулер орыстың көшпелі өнеріне телісе, екінші біреулер түрлі ұстанымды ұстанатын суретшілер жұмыс істейтін, қолдану аясы кең көркемдік құбылыс ретінде түсіндіреді. Егер көнекөз шеберлердің реализмге деген адалдығы күнкөріс көзі болса, бүгінгі реализм кескіндемеде бағыт болудан гөрі көрудің, сезудің және ойлаудың стереофондық тәсіліне айналған. Қазіргі таңда реализм бүгінгі күнге сай, ол адамдармен бүгінгі тілде сөйлеседі, ол өзіне академиялық дәстүрді негіз етсе де, қазіргі уақыт үшін өзекті әрі маңызды. «Академизм» термині бір ғасырдай нақты бір бағыттың атауы болғаннан гөрі, жалпы атауға ие болып келді. Академиялық сурет, академиялық кескіндеме ұғымдары бүгінде техникалық шеберлік барынша мүлтіксіз шыңдалатын мектеп ретінде қабылданады. 1990-жылдардан бастап идеологиялық құрамдас бөліктерден азат орыс суретшілері қазіргі заманға сай жаңа көркемдік тілді табуға тырысады. Тұтастай алғанда қоршаған әлемге көз тастап, соларға түсінік беруші бола отырып, олар стилистикаға, эклектикаға, цитатаға, идеяға басымдық беріп, «біртектестікке оралу» жағына қарай ойысады. Суретшілер көрерменді де картинаны саналы түрде субъективті түсінуге итермелей отырып, өздерінің кәсіби шеберліктері мен кәсіби біртектестіктерін аша түседі. Көңіл аудартып, тартып әкету үшін өзінің болмысты қабылдауын таратып жеткізу жүйесін, өз тілін қалыптастырады.
Екатерина және Константин Грачевтар үшін қазіргі кезде біртектестік проблема емес. Бұл олардың өздері колоритті, Санкт-Петербург заманауи өнерінің ең сирек қабілетке ие өкілдері болғандығынан шығар. Әрқайсысы өздерінің көркемдік училищелерінде алғашқы оқуларын аяқтағаннан кейін, олар Санкт-Петербургтегі И.Е.Репин атындағы Мемлекеттік Академиялық кескіндеме, мүсін және сәулет институтында РКА толық мүшесі, Лениндік сыйлықтың, КСРО және РФ Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, КСРО халық суретшісі, профессор Андрей Андреевич Мыльниковтің шығармашылық шеберханасында кәсіби білім жолын жалғастырды. Одан кейін Константин – А.А.Мыльниковтің, ал Екатерина – В.А.Мыльникованың шығармашылық шеберханаларында тәжірибе жинақтады. Көркемсурет Академиясының қабырғасында алған мол білім қоры мен жоғары кәсіби деңгейі өздерінің сезімдеріне, өздерінің ішкі әлемдеріне, өздерінің болмыс-бітіміне еркін жүгінулеріне жол ашады. Академиялық дәстүрлерге сүйеніп, олар бізге әдеттегі, күнделікті тіршілікті мүлдем басқаша көруге көмектеседі. Қоршаған әлемнің көрінісі ретінде реализмнің мәні өзгеріп кеткен жоқ, өзгерген ‒ тек болмыс қана. Өзгерген, түрленген, жаңарған болмысты Екатерина және Константин Грачевтар да өздерінің кескіндемелік және графикалық жұмыстарында бейнелейді.
Константин сан алуан шығармашылық қырынан көрінеді, ол кескіндеменің барлық жанрын, адам эмоциясының көріністерін және композициядан, суреттен, колориттен, образдан тұратын картинаның базалық құрылымын өзіне бағындырып алған... Көрмеге қойылған пейзаждары мен натюрморттарынан әрдайым әлдебір ерекше «құпия ойды» тауып алуға болады, ал стиль құрайтын динамикасы сені де ала кетіп, толықтай өзіне бағындырып, сол кең атмосфераны тудырады. «Соғыс туралы хикаялар» триптихымен «сұхбаттасқан кезімде» менің құлағыма Василий Агапкиннің «Славян қызының қоштасуы» маршының үні келеді. Константин «көреген жыршыдай» жай ғана, сырттай ынтықпай, бірақ ішкі шиеленіске толы көңіл-күймен басынан бастап оның жеңіспен аяқталуына дейін баяндайтын соғыс туралы эпикалық романды тудырады. Автор заттар арқылы «көрініс» жасайды, ал көрермен толықтырып, оның тұжырымдамасын ойластырады. Ол «Қарбыздың ажалы» деп ат қойып, піскен қарбыз бен наюрморт жазып жатқан кезде сананы жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Көлденеңінен созылған композиция тас табытты, ал сюжеті «Шоқындырушы Иоанның басын алатын» інжілдік оқиғаны еске түсіреді. Үлкен ақ табақта «істі тындырған» қарбыздың «басы» мен ұзын пышақ қатар жатыр. Қызылдың қара түспен қатар жатқан ишарасы өлімді, қайғы-қасіретті, қан төгіс пен соғысты «білдіреді». Картинаның колористік үні кенепке айрықша мән мен әсер береді. Константиннің туындысы бірде әдеттен тыс романтикалық, мажорлы үйлесімді, ерекше қайғылы. Бірақ олардың бәрі де бізді «көруге, естуге, сезуге» жетелейді.
«Екатерина Грачева өз жұмыстарында портрет жанрын, қала пейзажы мен тұрмыстық картинаны қатар алып жүреді. Өз клишелерін жетілдіріп, және оларды түрліше үйлестіріп, ол көзге көрінбейтін, бірақ қазіргі заман адамы үшін әбден шынайы заттар туралы айтуға мүмкіндік беретін кескіндемедегі өзіндік тілін жасайды. Бұл оқшаулық пен жалғыздық, өзін-өзі түсіну және өмірді түс және қайталанатын бейнелердің ағыны сияқты сезіну проблемалары. Сонымен бір мезгілде суретші осы берекелі тақырыпты мезі қылып, көрерменді ақылға сыймайтын обаздармен және конструкциялармен қайран қалдырғысы келмейді». Соңғы сөйлемнің сөздері «Эрарта» Мәскеу заманауи өнер музейінің қызметкерлеріне тиесілі. Егер Константиннің кейбір жұмыстарында дабыл естіліп, олар «батырдың күшін» байқататын болса, онда Екатерина әдеттегідей жай ғана, сыбырлап «сөйлейді», бірақ ол да Інжілдің идеяларын анық әрі ақылмен алып шыққан. Оның «Жақсалық хабары» архангел Гавриилдың «жақсылық хабары» туралы дер кезінде, өзекті әрі заманға сай баяндайды. Кейіпкер әйел темірден «соғылған» кішкентай ғана терезесі ашық храмның текшесінде тұр. Бірақ терезеде Құдай-Ананың киелі бейнесінің орнында – тас керең қабырға тұр! Өзінің құдіретті Лилиясын ұсынар, қайғысын бөлісер, жоқтауын айтар жан жоқ!
Екі суретшінің бірлескен жобасы бәрінен де бұрын кәсіби шеберліктің, көрмеге қойылған туындылардың сұлулығы мен мән-мағынаға толы екендігін көрсетеді. Экспозиция адамдарды философтар мен пайымдаушыларға айналдырудың тамаша мүмкіндігі туралы көркем түрде «жар салады».
Көрме жетекшісі Копелиович Мария