Белгілі режиссер Болат Қалымбетов түсірген аталмыш фильмде жиырмасыншы ғасырдың 30-шы – 40-шы жылдардағы ел тарихында орын алған оқиғалар қарапайым адамдардың өмірі арқылы баяндалады. Фильмнің сценариі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» повесінің желісі бойынша жазылған.
- Сәуір айының ортасында Тегеранға жол тартамын, иран көрермендеріне «Талан» фильмін таныстырамын. «Фаджр» сынды белді кинофестильде картинаның әлемдік премьерасы өтетініне өте қуаныштымын, - деді режиссер Болат Қалымбетов.
Биыл фестивальдің «Шығыс панорамасы» байқауына 12 елдің – Қытай, Вьетнам, Әзірбайжан, Ирак, Грузия, Үндістан, Палестина, Жапония, Моңғолия, Кувейт және Сирияның фильмдері қатысады.
«Фаджр» кинофестивалінде «Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен түсірілген тағы да бір кинотуынды – «Әкеге қоңырау шалу» фильмі көрсетіледі. Аталмыш картина фестивальдің негізгі халықаралық конкурсында бақ сынайды. Айта кетсек, режиссер Серік Апрымов «Фаджр» фестиваліне осыдан 27 жыл бұрын қатысқан. 1991 жылы режиссер түсірген «Соңғы аялдама» атты дебюттық картина «Фаджр» фестивалінің негізгі байқауына қатысып, «Үздік фильм» жүлдесін алған болатын.
Естеріңізге сала кетсек, «Әкеге қоңырау шалу» фильмі Қазақстан киносыншылар қауымдастығы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» киножүлдесінде екі бірдей жүлдеге – «Үздік режиссер» және «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» (актер Ерболат Оспанқұловқа табысталды) қол жеткізді. Одан бөлек, аталған туынды Ресейдің «Ника» атты киножүлдесіне үміткер болған. Сонымен қатар аталған фильм 2018 жылы сәуірдің 19 мен 26 аралығында Мәскеуде өтетін 40-шы Мәскеу халықаралық кинофестивалінде «Шеберлер» бағдарламасында көрсетілетін болады.
Фаджр халықаралық фестивалі 1982 жылы Иранның мәдениет министрлігі және ислам бағыты ұйымымен негізі қаланған. Фестиваль Қиыр Шығыстағы ең ауқымды әрі танымал кинофестиваль есептеледі. Бұл фестиваль аясында әлем кинематографистері мәдени байланыс орната алатын бірден бір алаң.
Былтыр 2017 жылы «Фаджр» кинофестивалінің «Үздік азиялық фильмі» номинациясында бас жүлдені «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі алған болатын.
«Фаджр» кинофестивалінің биылғы жеңімпаздарын фестивальдің жабылу салтанатында – 2018 жылы 27 сәуірде жарияланатын болады.
«Талан» фильмі туралы:
Тағдырдың жазуымен бар өмірін елден жасырын өткізген адамның ортамен байланысы ақыры трагедиямен аяқталады. Осындай талайлы тағдырлар арқылы азаттық аңсаған ата-бабаларымыздың арманы – тәуелсіздіктің қадір-қасиеті көрінеді. Талан – тағдырдың синонимі.
Режиссері: Болат Қалымбетов
Сценарий авторлары: Ғазиз Насыров, Болат Қалымбетов
Рөлдерде: Асан Киркабаков, Ерік Жолжақсынов, Шынар Жанысбекова, Ержан Нұрымбет, Ұлан Нүсіпәлі, Оңдасын Бесікбасов, Жасұлан Әйтенов, Қаршыға Әлікенов, Аян Өміржан.
«Әкеге қоңырау шалу» фильмі туралы:
Фильм жас жігіттің бала кезінен бастап есейген шағына дейінгі 25 жыл өмірін қамтиды. Картинада баланың әке-шешесімен арасындағы қиын қатынастары, жеткіншектің сезімдері мен басына түскен қиындықтары суреттеледі.
Қоюшы режиссері, сценарий авторы, операторы: Серік Апрымов
Рөлдерде: Ерболат Оспанкұлов, Айзада Сатыбалдиева, Жігер Мырзабек, Темірлан Кисикбаев және басқалары.
Режиссерлер туралы ақпарат:
Қалымбетов Болат Нұрғалиұлы – кинорежиссер, актер, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халықаралық кинофестивальдердің лауреаты, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. 1955 жылы 20 маусымда Алматы облысы Нарынқол ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік консерваториясының актерлық факультетін(Х.Бөкееванық шеберханасы), ал 1989 жылы Алматы Мемлекеттік өнер институтының режиссерлық факультетін тәмамдаған.
Болат Қалымбетов киноға небәрі 10 жасында келді. Ең алғаш ол 1966 жылы режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты фильміне түскен.
ФильмографияСЫ. Көркем фильмдердің режиссері: «Тамшы» (КФ, 1989), «Айналайын» (КФ, 1990), «Соңғы ызғарлы күндер» («Катарсис» ШӨБ, 1993); «Сардар» (КФ, 2004), «Айналайын» телесериалы («Сатайфильм», «Қазақстан» арнасының тапсырысы бойынша, 40 сериялы, 2012).
Апрымов Серік Секенұлы – кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» тәуелсіз жүлдесінің лауреаты, КСРО кинематографистер одағының мүшесі. 1960 жылы 28 қазанда Семей облысы Ақсуат ауылында дүиеге келген. 1989 жылы Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институтын тәмамдаған.
ФильмографияСЫ. Көркем фильмдердің режиссері: «Екеуі мотоцикл үстінде» (КФ, 1986, к. м.), «Гипнотизер» (КФ, 1988, к. м.), «Соңғы аялдама» (КФ, 1989), «Түс ішіндегі түс» («Сергелдең», «Жас жігіттің күнделігі», КФ, 1993), «Ақсуат» (КФ, 1998), «Үш ағайында» (КФ, 2000). «Аңшы» (КФ, 2004), «Озерныйдағы үй» (2009, Ресей, сериал), «Бауыр» (КФ, 2013).