Т.Жүргеновке арналған республикалық байқау жүлдегерлері анықталды

Биыл Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет пен әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтың туғанына 120 жыл толып отыр. Қазақ тарихында ұлтына, халқына мүлткісіз қызмет жасаған, сол жолда басын бәйгеге тіккен тұлғалардың бірегейі Темірбек Жүргенов екені хақ.
Т.Жүргеновке арналған республикалық  байқау жүлдегерлері анықталды

Гүлім Көпбайқызы

кинотанушы


Ұлтын ардақтаған ұлтжанды тұлғаны ағымдағы жылдың 31 мамыр күні «Темірбек Қараұлы Жүргенов» қоғамдық қоры мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы біріге отырып, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Т.Қ.Жүргенов ескерткішіне арнайы гүл шоғын қойып, алаш арысын зиялы қауым өкілдері, академияның ұстаздар қауымы мен студенттері рухына тағзым етіп, еске алды. Шарада мерейлі мерейтойға орай республика көлемінде ұйымдастырылған жазба ақындар мүшәйрасы мен прозаиктер арасында өткізілген әдеби байқау қорытындысын жариялады. Байқаудың басты мақсаты – Темірбек Жүргеновтың саяси көзқарастарын, оқу-ағарту және мәдениет саласындағы жұмыстарын, әдеби, публицистикалық мұрасын өлең арқылы ұрпаққа насихаттау; Тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясынан туындайтын қазақ тарихында қалдырған ерен еңбегін жырлау; Темірбек Жүргеновтің жазбаларында кездесетін рухани ұлттық мұрамыз бен елдік-ерлік құндылықтарымызды ұлықтау және оның репрессия құрбаны болғанын әдеби шығармалар арқылы қазақ халқының басына нәубет боп төнген жылдарды ұрпақ санасына жаңғырту еді.

Кеш барысында өнертану докторы, профессор, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультетінің деканы Б.Нұрпейіс «Т.Қ.Жүргеновтің қазақ мәдениеті мен өнерін дамытудағы орны» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Сұрапыл заманның шектеулі шеңберінен аттап өтіп, қазақ мемлекетін нығайтуға, білімі мен өркендетудің озық үлгісін көрсеткен Темірбек Жүргеновтің рухына арналған жыр мүшайрасы мен проза бағытындағы байқауға барлығы 14 ақыннан 23 өлең, 8 жазушыдан 9 шығармалар келіп түскен.

Байқау қорытындысы бойынша ақындар мүшәйрасының III орны және 100 мың теңге сертификат «Ұлт рухының шырағы» шығармасымен Бекмаханов Ибрагим, «Болса ғой министрлер Жүргеновтей!» шығармасымен Шағыр Қайырбек, «Темірбек және Азаттық жолы (немесе Темірбек туралы толғау)» шығармасымен Асхат Аймағанбетовке бұйырды. 150 мың теңге сертификат пен II орынды «Әмір, Дұға, Дәуір жүрегі» шығармаларының авторы Ниязбаева Асылай, «Шырақшы. Досы Жайық Бектұров» шығармасымен Жеткерген Әбдірейұлы иеленсе, I орын мен 200 мың теңге сыйақыны «Темірбек пен Тұрмағамбет» (баллада) шығармасының авторы Толыбай Абылаевқа бұйырды. Ал, бас жүлде Қажи Серікжанға 300 мың теңге сыйақымен қоса табысталды.

Республикалық прозаиктер байқауының II орын мен 150 мың теңге сертификат «Өмір мен өкініш»  әңгімесінің авторы Бекболат Бекмұратұлына, I орын мен 200 мың теңге сыйақы «Темірбекті атқан жендет» әңгімесінің авторы Ертай Айғалиұлына берілді. «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы, қазылар алқасының төрағасы Сапен Аңсатов республикалық прозаиктер әдеби байқауының бас жүлдесін «Темірше» әңгімесінің авторы Айгүл Кемелбаеваға (300 мың теңге) табыстады.

Кеш соңы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұлованың режиссерлігімен байқауға қатысушылардың шығармаларынан дайындалған арнайы композицияға ұласты.