Фестиваль М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында салтанатты түрде ашылды. Аталмыш өнер мерекесіне шетелдерден келген театрлар, қазылар мүшелері, фестиваль ұйымдастырушылары және шоу-кейс қатысушылары куә болды. Биылғы өнер сайысында еліміздің бес театры және Өзбекстан, Татарстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлеткеттерінің театрлары бақ сынады.
Фестивальге төрелік еткен қазылар мүшелері:
- Қазақстанның еңбек ері, Қазақстан театрларыны ассоциациясының президенті, профессор Әшімов Асанәлі;
- Әзірбайжан Мемлекеттік Мәдениет және Өнер университетінің профессоры, театртанушы Исрафилов Исрафил Рамазаноглу;
- Өзбекстан көркемсурет академиясының «Саньат» журналының бас редакторы, театртанушы Кадырова Диляфруз Мухсинқызы;
- Ресей мемлекетінің сахна өнері институтының профессоры, театртанушы Дмитревская Марина Юрьевна;
- Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының Өнер тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Таваров Мухамадулло Султонұлы болды.
Жарыс барысында өзіміздің қазақ театр өнері мен көршілес мемлекеттердің театрлық даму үдерісінің жетістіктері мен олқылықтарын айқын байқай алдық. Ең бастысы, ұйымдастырушылардың ұсынысымен «Театртану» бөлімінде оқитын студенттер фестиваль жұмысына белсене араластық. Соның арқасында әр мемлекеттің режиссерлері, сыншылары, актерлерімен тығыз байланыста болып бүгінгі театр өнерінің жаңа бағыттарымен танысып, олардың даму үдерісінен хабардар болдық.
Кіші сахнадағы спектакльдер
Фестивальде көрсетілген бас-аяғы 11 спектакльдің бесеуі кіші сахнаға ыңғайластырып қойылған. Фестивальдің шымылдығын ашқан Т.Миннуллин атындағы Нижнекамск Мемлекеттік татар драма театрының «На заре» (авт: С.Рамиев, реж: Т.Имамутдинов) қойылымы болды. Спектакль моно бағытында қойылған. Татар поэзиясының биік шыңы саналатын бұл өлең – халықтың таң сәріде жаңа күнді көріп оянуын дәріптейді. Спектакль пластикалық тілмен өрнектелген. Өлеңнің туу үрдісі актердің дене қимылдары арқылы берілген. Ақынның жүрегін толқытқан мәселелер актердің бет-жүзіндегі ым-ишаралармен, түрлі қимыл қозғалыстардың тізбегімен бейнеленді. Режиссер шешімінде пьеса кейіпкерінің ішкі психологиясының негативтерінен ояну және өз-өзімен күресу арқылы жеңу суреттелген. Алайда, уақыт бойынша бір сағат он бес минутқа созылған спектакльде қайталаулар тым көп болды. Сондықтан да, кейбір сахналар көрермендерді зеріктіріп жіберді.
Келесі қойылым Қырғыз Мемлекеттік «Учур» Жастар театрының «Топон» спектаклі (авт: С.Раев, Ш.Шейшенов, реж: Д.Қыдырмаева). Спектакльдің негізгі идеясы абсурдқа құрылған. Экспозициядан бастап көрерменді өзге атмосфераға бөлегенімен, ортасынан бастап спектакльдің ырғақ екпіні бәсеңдеп, түсініксіз мизансценалар көбейіп кетті.
Дәл осындай солғын шыққан спектакльдердің бірі Әзірбайжан Мемлекеттік «Йуг» театрының «Мы-клоун» феерия-макабры мен Тәжікстанның К.Худжанди атындағы музыкалық комедия театрының «Летающий лекарь» комедиясы (авт: Ж.Б.Мольер, Ш.Бошбеков, реж: С.Шехов) болды. Бұл аталған спектакльдерден бірден-бір көзге түсетін актерлер мен режиссерлік тың шешімдер байқамадық. Бұдан Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің аталмыш фестивальге немқұрайлы қарағанын байқадық. Біздіңше, үлкен өнер сайысына кассалық спектакльдер әкеліп, оны халыққа ұсыну қате түсінік деген пікірдеміз. Фестивальге жолдама алған әрбір театр репертуарындағы ең мықты спектаклін әкелуі керек еді. Аталған шетелдік спектакльдердің бірде-біреуінен жаңалық сілемдерін көре алмағанымыз өкінішті.
Кіші сахнаға шақталып жасалған, бірден найзадай өткір стилімен көзге көрінген спектакль Ақмола облыстық Орыс драма театрының сахналануындағы «Лютый» вестерны (авт: М.Әуезов, реж: Т.Кулов) болды. Ұлы жазушы М.Әуезовтың «Көксерек» шығармасы бойынша мүлде басқа бағытта қойылған спектакльдің режиссерлік жаңалығы бірден көрінді. Театр труппасының күрделі драматургиялық материалдармен жұмыс жасай алатын қабілеті айқын байқалды. «Қазақы болмысты еркін көрсете алмады» деген алып-ұшпа сөздерді олар өздерінің Орыс театры екендігімен ақтап алуға болады. Немесе ондағы музыкалық талғампаздықтың жоғарылығымен және сахна шетіндегі домбырада ойналған күйлермен де бұл сөзге келіспеуге болады. Қазақтың «Көксерегін» Еуропа тілімен сөйлеткен спектакльдің ғұмыры ұзақ болады деген сенімдеміз. Фестивальдегі «Үздік режиссура» номинациясымен ең әділетті жеңісті алған бірден-бір театр ұжымы осы болды.
Үлкен сахнадағы қазақстандық қойылымдар
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының «Дон Кихот» трагикомедиясы (авт: М.Сервантес, Ә.Өмірбекұлы, реж: Ә.Өмірбекұлы) көрерменге ұсынылды. 3 сағат 20 минут көрсетілген қойылымның атмосферасы бүкіл залды уысында ұстап отырды. Алайда, бұл спектакльде қоғамдық мәселелер мен саясаттағы былықтар ашып айтылғанымен, драматургиялық шарттылықтар сақталмаған. Актерлік ойын жоғары деңгейде, сахналық сценография әдемі оқылады, әсіресе басты рөлдегі «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесімен марапатталған Санчо - Н.Өтеулов сахнада шынайы өмір сүреді. Тек қойылымның екінші бөліміндегі монолог-сахналар басындағы келе жатқан көрерменнің темпін жоғалтып алғандай болды. Бұл спектакльге тағы тазарту жұмыстары мен қысқартулар енгізу қажет деген ойдамыз. «Үздік сценографиялық шешім» номинациясымен марапатталған бұл спектакльдің әлі де алар асуы биік деп сенеміз.
«Үздік актерлік ансамбль» номинациясымен марапатталған Қ.Қожамьяров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театрының «Мәшһүр Гален» трагифарсын (авт: К.Чапек, реж: Г.Адай) көрермендер жылы қабылдады. Спектакльде карантин кезіндегі мәселелер күлкілі жағдайлармен көрсетіліп, кейіпкерлер мінезін әр қырынан ашылды. Жарықтың қойылуы және екінші пландағы көркемдік бағытта оқылатын пластикалық билер спектакльдің көркемдік бояуын қанық етті.
«Үздік спектакль» мен «Үздік әйел адам бейнесі» жүлделерін қанжығаларына байлаған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Шағала» спектаклі фестивальдің көрігін қыздырды. Сахна сценографиясы және музыкасы орыс ұлтының рухын әсерлі жеткізе білген. Спектакльдің әні – Чехов заманындағы объективті түрдегі күлкілі жағдайға түскен көпқырлы махаббаттың өзегін дөп басқан. Қорыта келе, бұл қойылымнан режиссердің кәсіби өнердегі мәдениеті мен классикалық шығарманы сахналаудағы шығармашылық өрісін байқай алдық.
Фестиваль аясында көрсетілген М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың «Қан мен Тер. Ақбала» спектаклі көпшіліктің көңілінен шыққан жоқ. Әйелдің күрделі тағдырын көрсетуге бағытталған бұл спектакльдің режиссерлік кілті дұрыс табылмаған. Жас режиссер А.Оспанбаева спектакльді көркемдік тұтастыққа жеткізе алмады. Сонымен қатар бірінші көріністе бой көрсеткен бастарына шелек киген қарапайым халықтың «міндеті» соңына дейін жетпеді. Барлық сахнаның бір-бірімен байланысы жоқ. Театр «Ұлттық классиканы көркем игерсе де» актерлік ойын мен сахналық шешімдерді игермей фестивальде бой көрсеткені өкінішті болды.
Түйіндей келе, бұл фестивальде қазақ театр өнерінде мол ізденістер жүріп жатқанының куәсі болдық. Фестиваль аясында өткен Шоу-кейсте көрсетілген жекеменшік театрлардың спектакльдері де басқа мемлекеттен келген қатысушыларға ерекше әсер етті. Болашақта халықаралық және республикалық театр фестивальдеріне спектакль таңдауды ерте бастан қолға алу керектігін атап өткіміз келеді.