Мақала
Ыдырыс Ноғайбев – 85 жыл
Ы.Ноғайбаев театрға келген кезінде қазақ сахнасының талантты аға буын өкілдері толық құрамда театрда, жаңадан қалыптаса бастаған кинода өнімді еңбек етіп жатқан болатын. Сол жұлдызды топ арасынан оқу бітіріп келген жас актердің өз орнын табуы, сахнада шығармашылық қарымын бар қырынан көрсете алар ұтымды рөлдерімен беруге болатын
Бөлім: Театр
Датасы: 26.12.2016
Авторы: Аманкелді Мұқан
Мақала
Ыдырыс Ноғайбев – 85 жыл
Ы.Ноғайбаев театрға келген кезінде қазақ сахнасының талантты аға буын өкілдері толық құрамда театрда, жаңадан қалыптаса бастаған кинода өнімді еңбек етіп жатқан болатын. Сол жұлдызды топ арасынан оқу бітіріп келген жас актердің өз орнын табуы, сахнада шығармашылық қарымын бар қырынан көрсете алар ұтымды рөлдерімен беруге болатын
Бөлім: Театр
Датасы: 26.12.2016
Авторы: Аманкелді Мұқан
Ыдырыс Ноғайбев – 85 жыл

Қазақ сахна өнерінің қара шаңырағы М.О.Әуезов атындағы акдемиялық драма театры ұлттық өнеріміздің «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан» дүлділдерінің құт мекені. Мұнда шашасына шаң жұқтырмаған сахна өнерінің небір дүлділдері өз шығармашылығымен ұлт театрының тарихына есімдерін алтын әріптермен жазып кетті. «Алыптар тобы» атанған театр үйінің іргетасын қалаушы Ж.Шанин, С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, Қ.Байсейітов, Ш.Жиенқұлова, т.б. тобы құрамынан басталатын сахна шеберлерінің көші келесі кезеңдерде де суалған емес. «Ел іші өнер кеніші» деген қанатты сөздің растығын келесі кезеңдердегі театр сахнасына шығып артына түйдек-түйдек шаң, ұмытылмастай образдар галереясын тастаған тұлпарлар шабысынан байқауға болады. Олар бірінен-екіншісі озған К.Қармысов, Н.Жантөрин, Ә.Молдабеков, Ф.Шәріпова, А.Әшімов, С.Оразбаев, М.Сүртібаев, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, С.Телғараев, Е.Жайсаңбаев, Р.Әуезбаева, Ғ.Сүлейменов, Ж.Медетбаев, Қ.Тастанбеков, Ә.Боранбаев, Ә.Кенжеев, Т.Жаманқұлов, Б.Жанғалиева, Ш.Ахметова, У.Сұлтанғазин, Г.Әспетова, Т.Мейрамов, тағы да басқа өнер иелері сан қырынан жарқырай көрінген кездер болатын. Сол таланттар шоғырының ішінде өзіндік жолымен, сахналық кейіпкер сомдау шеберлігімен, алуан тағдырлы образдар галереясымен, артындағы халқы айта жүрерліктей із тастап жарқырай көрінген талантты актер Ыдырыс Ноғайбаев есімі ерекше аталады.

Ы.Ноғайбаев 1931 жылы 15 мамырда Алматы облысы Іле ауданы, Талғар қаласында дүниеге келді. Анасы Гүлсіммен жастайынын көп қиыншылықтар көріп ер жеткен Ыдырыс жетімдіктің ащы дәмін де ерте тартқандығы болса керек, өз анасына деген құрметі өле-өлгенше ерекше болған. Ол жайлы актердің жары Ф.Шәріпова: «Ыдырыс анасын өте жақсы көрген болуы керек. Жесірлік пен жетімдіктің қасіретін бірге тартқандықтан ба, әйтеуір анасын қатты құрмет тұтқан. Біз шаңырақ көтерген соң ең алдымен мені апарған жері – анасының қабір басы. Мейрам сайын сонда баруды парыз көретін едік, әсіресе, гастрольге барарда арнайы барып қоштасып кететінбіз» (Фарида Шәріпова. Әйгілі адамдар сериясы. Алматы: «Өнер», 2006. 73 б.) - дейді. Жастайынан зердесін халқымыздың қымбат қазынасы болған ән-күйі мен салт-дәстүрінен суарылып өскен ол, ер жете келе өзінің болашақ кәсібіне барар жолды таңдап осы бағытта талмай еңбектенеді. 1946 жылы он бес жасында Алматы көркемөнер училищесіне түсіп, оқып бітірді.

Қазақ театрының тарихында Кеңестер елінің орталық оқу орнында қажетті мамандарды дайындау ісі бірнеше мәрте іске асырылды. Алғашқы Мәскеу, Ленинград қалаларындағы театр институттары мен консерваториясы жанынан ашылған қазақ студияларының жұмысының нәтижесінде театрларымыз талантты, кәсіби білім алған жастардан тұратын жаңа толқын актерлермен толықты. 1938 жылы Ленинградтағы театр училищесінде оқып бітірген қазақ жастары Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», А.Н.Островскийдің, «Жалынды жүрек» спектакльдерін Шымкент, Алматы театрларының сахнасына, ал Мәскеуде А.В.Луначарский атындағы ГИТИС жанындағы қазақ студиясының оқушылары М.Горькийдің «Васса Железнова», О.Бальзактың «Памело Жиросы», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», Ж.Б.Мольердің «Скапеннің айласы» секілді орыс және шетел драматургтерінің туындыларын орыс режиссер-педагогтерінің қоюында қазақ көрермендеріне ұсынған болатын. Бұл қазақ жастарының сол кезде орыс театр өнерінің танымал қайраткерлерінен оқып үйренген тамаша қойылымдармен өсіп жетілу жолындағы мектебі болатын.

Ал Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі елуінші жылдар басында білім алуға жіберілген қазақ студиясы Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы театр өнері институтында И.М.Раевский мен Н.С.Плотников көркемдік жетекшілігінде оқыды. Ы.Ноғайбаев оқыған бұл топ 1954 жылы оқу бітіруші курстың дипломдық спектакліне орыс-кеңес әдебиетінің алыбы М.А.Горькийдің «Егорь Булычев және басқалар» және «Тоғышарлар» пьесаларын алған. Бұл қойылымдарда жас актер Ыдырыс басты кейіпкерлер Егорь Булычев пен Тетерев секілді ғасырлар шегіндегі қапас заманның шеңберіне сыймайтын ішкі әлемі күрделі қайшылықтармен өрілген спектакльдің орталық кейіпкерлерін сомдайды. Орындаушы актердің сырт келбетінің келістілігі, саңқылдаған ашық дауысы, көрермен жүрегіне жол таба алатын шынайы келбеті мен орындаушылық қолтаңбасы тұтас көңіл-күйді көрсете алуымен көрермендер мен театр маманданының назарына бірден іліккен болатын.

Т.Ахтанов «Ант», 1977 ж. Сауран - Ы.Ноғайбаев

Театрда Ыдырыс ұлттық сахнада елеулі құбылыс болып енген танымал режиссері Ә.М.Мәмбетов секілді танымал суреткерлермен өмірінің аяғына дейін жұмыс істейді. Осы режиссердің театр сахнасындағы Одақ көлеміне танымал болған кезеңдік спектакльдерінде актер өзінің репертуарлық қоржынына түскен маңызды деген жұмыстарымен көріне алды. Ы.Ноғайбаевтың театр сахнасында орындаған ұлттық репертуарынан рольдерінің қатары қомақты. Шығармашылық табысы болып саналатын актердің негізгі образдары қатарына қазақ драматургиясының алыбы М.О.Әуезовтың «Айман - Шолпанынан» - Көтібар, «Еңлік-Кебегінен» - Есен, «Қара Қыпшақ Қобландысынан» - Қобыланды, «Абайынан» - Абай, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуынан» - Қарабай, «Ақан сері - Ақтоқтысынан» - Балуан, Ә.Тәжібаевтың «Майрасынан» - Александр, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы негізінде қойылған сахналық қойылымда Қален, Қ.Мұхамеджановтың «Жат еліндесінен» - Құрбан, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінен» Оразқұл, «Ана – Жер Анасы» шығармасы бойынша спектакльден – Сыбанқұл т.б. образдары. Байқап отырсақ мұндай сүбелі рольдерді сахнаға алып шығу актер үшін тынымсыз ізденіс, күндіз-түні өз кейіпкерінің сан алуан тағдырымен астасып жатқан өмір мен өнердің бедерлі іздері сайрап жатыр.

Қ.Мұхамеджанов «Көктөбедегі кездесу». Исабек - Ы.Ноғайбаев, Досберген - С.Оразбаев

Режиссер мен орындаушы актерлер құрамын танымал еткен, театрды бүкіл одақ көлемінде ізденімпаз алдыңғы театрлар тобына қосқан, әр қойылым жайлы тісқаққан театр ортасының мамандары мен қарапайым көрерменге ой тастап жататын бұл спектакльдер мен рольдердің әрқайсысы жайлы бөлек тоқталып ұзақ айтуға болады.

Ы.Ноғайбаев театрға келген кезінде қазақ сахнасының талантты аға буын өкілдері толық құрамда театрда, жаңадан қалыптаса бастаған кинода өнімді еңбек етіп жатқан болатын. Сол жұлдызды топ арасынан оқу бітіріп келген жас актердің өз орнын табуы, сахнада шығармашылық қарымын бар қырынан көрсете алар ұтымды рөлдерімен беруге болатын.

Оның академиялық драма театры сахнасындағы алғашқы жұмыстарының бірі Назым Хикметтің «Фархад – Шырын» спектакліндегі Фархад образы болды. Режиссер М.И.Гольдблат қойған бұл спектакль ұзақ уақыт бойы репертуарда жүрген қойылымдардың бірі. Осы рольде қатар өнер көрсеткен талантты актер НЖантөриннің жұмысымен Ы.Ноғабаевты салыстыра келе театр зерттеушісі, өнертану докторы Б.Құндақбайұлы «Самғау» атты мақаласында: «Екі актердің орындауында да өзіндік ерекшелік, актерлік даралық айқын сезіледі. Ы.Ноғайбаевтың қаһарманы қызуқанды, қимылы ширақ, көздеген мақсатына жетуде қиындықтан мойымайтын, кесек тұлғалы жан болып бейнеленген. ...Ы.Ноғайбаев ой-тұжырымында Фархад жігері жалын атқан романтикалық қаһарманға тән кесек қимыл, еркін әрекетке бейім» (Ыдырыс Ноғайбаев. Фотоальбом. Алматы: «Өнер», 2009. 7 б.) - дейді. Актер театрдағы алғашқы осы жұмысынан бастап өзіндік келбеті бар, тұлға боларлық образдарды есте қаларлықтай жарқын һәм нанымды беруге күш салады. Сахна саңлағы, біртуар талантты актер Н.Жантөриннің Ы.Ноғайбаевпен иін тірестіре қатар ойнаған осы бір рөлінен басталатын шығармашылық ғұмыр осындай ірі белестерден асып жалғаса береді.

Иә, актердың шығармашылық ғұмырында өнерсүйер көрермені мен сыншылары, театртанушы мамандар ол жасаған образдар жайлы оған дейінгі, замандас, кейінгі толқын актерлер шығармашылығымен салыстырулар жасап отырары хақ. Оған өнерпаздың айналасында алуан-алуан жүйріктерден таланттар шоғырының көп болуы және актердің өзінің де әр түрлі ой-пікір тудыратын салмақты рөлдерді жиі сахнаға алып шығуынан болатын.

М.Әуезов «Абай», 1962 ж. Әйгерім - Хадиша Бөкеева, Абай - Ыдырыс Ноғайбаев

Сахнаға режиссер Ә.Мәмбетовтың қолтаңбасымен М.Әуезовтың трагедиясынан ұлы Абай бейнесінің театр тарихында екінші мәрте арада жиырма жылдан аса уақыт өткенде Ы.Ноғайбаевтың шығаруы, қазақ сахнаның абызы атанған Қаллекидің сомдаған Абайын алдыға тарта отырып салыстырулар жасауға алып келуі заңдылық болатын. Әрине, жас режиссердің қазақ сахнасына алып келген соны эстетикасы, трагедия табиғатына жаңаша көзқараспен келуі, қойылым формасын басқаша қарастыруға алып келді. «...сахнаға қайта шыққан «Абай» спектаклі ұлы ақын туралы бұрынғы спектакльдерден мүлде өзгеше болды. ...Этнографиялық дәлдікті сақтаудан гөрі, шығарманың философиялық мазмұнын, геройларының трагедиялық тағдырын ашуды басты мақсат етіп ұстады» (Б.Құндақбайұлы. Заман және театр өнері. Алматы: Өнер, 2001. 135 б.)- дейді зерттеуші. Әрине, актерге образ жасау жолында даңғыл жолдың болмасы белгілі. Ол қазақтың сөз зергері М.Әуезовтей шебердің қаламынан шыққан туынды болғасын жұмыстың жауапкершілігі де одан әрі күрделілене түспек. Театр сыншылары Қ.Қуандықов, Б.Құндақбаев пен Ә.Сығай осындай күрделі материалды отызға жаңа толған Ы.Ноғайбаевтың көрермен талқысына ұсынуында кемшіліксіз болмауын баса айта отырып актер сахнада ойнаған жиырма жылда жан-жақты ысылып, басы артық болып саналған тұстарды (мамандар мен қарапайым көрермендер білдірген пікірлерін) актер толықтырып қайта қаралады. Актердің роль сомдауда тынымсыз еңбектің арқасында рөл тоқтаусыз жетіліп, ұшталып, өсу үстінде болды.

Немесе қазақ сахнасында соғыс кезінде мәс кеулік режиссерлер Пыжова мен Бибиков сәтті қойған У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Петруччио ролін атқарған қазақтың біртуар өнерпазы, есімі аңызға айналған актері Шәкен Аймановтың театрдан қол үзіп киностудияға толығымен кеткенге дейінгі тамаша жұмыстарының бірі. Осындай орны бар спектакльдің жұлдызды орындаушысына салмақ салатын ролді «Шәкен ағасының көзі тірісінде батасын алып, рольге кіріскен» (Ыдырыс Ноғайбаев. Фотоальбом. Алматы: «Өнер», 2009. 8 б.) - актер де Ы.Ноғайбаев болатын. Актердің театрдағы кезекті бұл жұмысы да Ш.Аймановтай дара талант иесінің ойынына көзі үйренген кәнігі театр көрермендері мен мамандарының қатал сүзгісінен өтті. Соған қарамастан сахналық ролдің спектакльден-спектакльге сапалық өсу жолы мен даму тенденциясы ылғи дамып, өрлеп отыруы актер үшін спектакльдің жаңа тынысын ашып ғұмырының ұзаруына сап болды.

С.Мұқанов. Шоқан Уәлиханов 1985г. Семенов-Тянь-Шанский-А.Боранбаев. Александр ІІ - Ы.Ноғайбаев. реж.- Ә.Рахимов

Актер сахнада орыс және әлемдік репертуардан аударылған пьесалардан елеулі образдар галереясын жасады. Өзге ұлттың өмір салты мен психологиясын, өзіндік қайталанбас ерекшеліктерін терең зерттеп барынша ашып көрсетуге қажетті ізденістер жасау жолдары, образды нанымды сомдаудың алғышарты студенттік кезден қалыптасқан дағдылар болатын. Оқу-жаттығу қойылымдары мен дипломдық жұмыстарынан басталған образдарды жасау жолындағы жинақталған тәжірибе мұндай жұмыс барысында жақсы көмектескендігі мәлім. Ол орындаған Э.Раннеттің «Адасқан ұлынан» Март Туйск, О.Иоселианидің «Арбаң аман болсынынан» Агабо, А.Каплердің «Ленин 1918 жылынан» М.Горький, У.Шекспирдің «Асауға-тұсауы» мен «Отеллосынан» Петруччио мен Отелло, Лопе де Веганың «Шөп қорыған итінен» Теодоро, В.Дельмардың «Өкінішті өмірінен» Барклей, А.Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымынан» Астров т.б. образдар әлемінің әр қайсысы өзіндік салмақ жүгімен орындаушының шеберлік қырларынан танытатын, бастысы, актердің орындаушылық көп қырлы ізденістерін ашып көрсете алатын елеулі шығармашылық жұмыстары болатын.

Актерге репертуарға енуде алғашқы сахналық жұмысынан бастап өзінің аға буын, замандас, кейінгі таланттар шоғырының жұмыстарымен салыстыра салмақтап, көркемдік деңгейін байқауға мүмкіндік алды. Өзіне дейінгі талантты актерлер құрамынан үйрене отырып сахналық шеберлік қырларын ұштай түсуге мол мүмкіндік берді.

Қазақ кино өнері кеңестік ресми құжжаттар бойынша 1938 жылы орыс кинематеграфистер көмегімен түсірілген «Аманкелді» фильмінен басталғанымен, ұлттық мамандардың кино туындау процесіне кеңінен тартылуы сағыстан кейінгі жылдар еншісінде. Соғыс кезінде Алматыға шоғырланған орталық киностудиялардың бірлескен орталығы жаудың беті кері қайтқаннан кейін өздерінің негізгі тұрағы Мәскеу мен Ленинград қалаларына қайта оралды. Алматыға келген кино мамандары мен техникалық жабдықтардың бір бөлігі негізінде пайда болған Қазақфильм студиясы өз бетінше ұлттық кино мамандарымен қазақ киносын түсіру ісін қолға ала бастады. Ы.Ноғайбаевтай келбетті, тұлғалы актердің Алматыға келгеннен кейін кино мамандарындың көзіне бірден ілінуі заңдылық болатын. Міне соғыстан кейінгі жылдарда түсірілген кино картиналар қатарында белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романы негізінде жасалған картинасының салмақты кейіпкері Амантай рөліне жас актер Ыдырыс тартылады. Жас та болса елінің қамқор ағасы боларлық толымды бейне сомдаған Ы.Ноғайбаевтың Амантайы қазақ көрермендерінің есінде шығарманың негізгі кейіпкерлері Ботагөз бен Асқарға, олардың жанындағы қарапайым халықтың басы мен көзі болған нар тұлғалы елідің басшысы, ақылшы ағасы, досы, танылған жақсы жағынан кейіпкер ретінде жатталынып қалды. Актер 1955 жылы колхоз бастығы Темірбековтан («Бұл шұғылада болған еді» 1955) бастап, Колхоз бастығы («Біз осында тұрамыз» 1956), Тракторшы («Мазасыз көктем» 1956), Амантай – («Ботагөз» 1957), машинист Оспан («Өмір соқпақтары» 1965), «Шыңдағы шынар» (1965), Данияр (Қырғызфильм туындысы «Асу» 1965), Тоқтар («Қилы кезең» 1966), Бейімбет («Менің арманым» 1966), Қален («Қан мен тер» 1976), Қаршыға («Қыз Жібек» 1970), Кемелов («Нанның дәмі» 1979), Бөгенбай батыр («Жаушы» 1980), Мұрат Бей (Қырғызфильм туындысы «Толқын жағада өледі» 1986), «Қала қалқаны», «Теңізде жүргендер үшін» т.б. ол әр алуан мінездер мен характерлер жиынтығынан тұратын жиырмадан астам образдарды экраннан сомдады. Оның кейіпкерлері қарапайым шаруа, жұмысшы, колхоз басшысы, қоғамдық қайраткер, тарихи батыр тұлға т.б. болып келгенімен бастысы өзіндік адами келбеті, қайталанбас мінез-құлықымен ерекшеленетін өмірдің өзінен ойып алынған бейнелер болып шыққанын баса айту керек. Әр кейіпкердің сол тарихи-қоғамдық ортасы ұсынған шеңберінен шықпай психологиялық дәлдік пен эпикалық кеңдік, романтикалық жалын мен тұрмыстық дәлдікті көркемдік биік үлгіде бере білген актер Ыдырыс Ноғайбаевтың кинодағы жасаған бейнелері қазақ-қырғыз киносының алтын қорына енген қымбат мұраларымыз.

Ы.Ноғайбаев есімінің ерекше аталатын, бүгінгі ұрпақ театр қайраткерлерінің есінде қалар бір қыры өзінің кәсібіне келер ұрпақты баулып артында із қалдыруы. Театр актерлерін тәрбиелеу, оларға алдыңғы ұстаздардан алған тәлім-тәрбиені, сахнаның тылсым құпиясын мұра етіп тастап кету үлкен жауапкершілік пен талмай еңбектенуді қажет етеді. Ы.Ноғайбаев өзінің сахнадағы, кинодағы шығармашылық жұмыстарымен бірге өзінің оқыған-тоқығанын талантты жастар бойына дарытуға, экран мен сахнада тапқан образдың тарыдай шындық келбетінің жасалу, ашу, туындау жолымен бөлісуге құштар болатын. 1970 жылдан бастап ұстаздықпен айналысқан ол қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы жанындағы актерлер дайындайтын курсқа кейін, Алматы Театр және көркемсурет институты (қазіргі Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында) 1980 жылы доценті, кейін 1984 жылы профессоры атағын алды. Актерлік курсты өмірдегі һәм өнердегі серігі қазақ сахнасының аса талантты актрисасы, КСРО халық артисі Ф.Шәріповамен бірге қабылдап оларды бітіріп шыққанша өздерінің туған балаларынан кем көрмей әке орнына әке, шеше орнына шешесі болып қанаттандырған.

Академиялық драма театрының сахнасында, кино экранда жасаған жұмыстарын күнде көріп жүрген «жұлдызды жұптың» шәкірті болып ертеңгі күні халық алдына шығудың өзі де жастарға салмақ жүгін аямай артар еді. Екі бірдей Халық әртісін ұстаз тұтып, алдын көрген студенттер, олар орындаған рольдерді өздерінің болашақ сахналық қалпына икемдеуге тырысып бағатын еліктеуіш көңілі жайлы ой жүгірткен шәкірті Е.Жуасбек «Жұмбақ тұлға» атты еске алуында: «-Көрген спектакльден осындай әсермен ертеңіне сабаққа келетін біздер үшін қарапайым ұстаздың әр әрекеті, дәрісі, тіпті сөзі тағы бір спектакль сияқты болушы еді. Қайта-қайта жасалынатын әр көрініс үстінде қолымыдан келмейтінді ұстаздарымыздың «үлгісінде» жасай салғымыз келіп тұратын біздерді Ыдырыс аға да, Фарида апай да «сындыруға» тырысатын. Сол кезде өздері істегенді біздің қолымыздан келмейді дейді ме екен деп өкпелейтін сәттер де болатын. Уақыт өте келе кешегі күнге зер салсақ, ұстаздарымыз біздің екінші Ыдырыс, екінші Фарида бола алмайтынымыздың заңдылық екенін біліп, өнердегі, сахнадағы, әрбіріміз жасауымыз мүмкін кейіпкерлеріміздегі өз жұмбағымызды тудыру үшін сындырғысы келген екен ғой деп деп түсінеміз» (Фарида Шәріпова. Әйгілі адамдар сериясы. Алматы: «Өнер», 2006. 59-60 б.б.) - деп толғанады. Бүгінде республикамыздың түкпір-түкпіріндегі елуден астам театрларда еңбек етіп жатқан шәкірттері профессорлар Ы.Ноғайбаев пен Ф.Шәріпованы өздерінің тәлімгер ұстаздары ретінде зор ілтипатпен еске алады.

Халқымыз әйел-ананың қоғам өміріндегі рөлін өте жоғары санаған. Елдің елдігін, халықының даналығын, ұлдарының батырлығын, қыздарының ақылдылығын отбасы тәрбиесі, соның ішінде шаңырақтың түтінінің түзу шыуына тікелей қатысы бар жар, ананы ерекше құрматтейді. Айтса-айтқандай сахна саңлағы Ыдырыстың ел аузына ілініп талантымен халқына танылуына, бойындағы барлық өнерін сарқа сахна мен экраннан халқына беруіне, ұстаздық етіп шәкірттерімен бөлісуіне жиырма сегіз жыл бірге домбыраның қос ішегіндей қатар тартылып ғұмыр кешкен жары, әріптесі, сахнадағы партнері, қазақтың біртуар талантты қызы Фарида Шәріпованың орны ерекше. Олар өнер мен өмірдің ара жігінде ажырамастай болып байланысқан. Тағдыр сыйлаған сыйы бас айналдырар шығармашылық жеңістері мен алған асқар биіктерін, пендешілік өмірдің өзекті өртегендей ащысы мен тұщысын, салмақ салған ауырлықтары мен өкініштерін де қатар көруге жазған еді. Өзекті өртегендей етіп арамыздан кеткеніне көп бола қоймаған Ф.Шәріпованың жан-жары Ыдырыс жайлы толғағанда ой-пікірінде ерекше ыстық сезім иірімдері байқалады. Ол «Ыдырыс мен үшін үлкен қамқор әрі арқа сүйер тірегім, панам болды. Алғаш театрға келгенде жас актерге үлкен қамқорлық керек. Балауса талантың өсуіне қорғаныш керек. Сол қорғансыз, әлсіз кезімде маған сүйеніш болған Ыдырыстың арқасында мен өсу жолында өзіме келген қиындықтарды мойымай көтердім. Ыдырыстың арқасында ерке өстім, еркін өстім. Үлкен спектакльдерді дайындап жүрген кезімде бар салмақты өзіне алатын.... дей келе - Біз екеу едік. Егіз едік. Мәңгі ажыраспайтындай болып көріндік. Данияр – Жәмилә болып қосылып, Сұбанқұл – Толғанай болып есейдік. Арада Қобланды – Қарлыға болып шайқастық. Есен – Еңлік болып айқастық. Абай – боп қамқор болды Ажарға. Қален боп Ақбаланы қорғады» - дейді. (Ф.Шәріпова. Біз екеу едік. //Қазақ әдебиеті. 7 наурыз, 1995 жыл.) Бірі екіншісіне сахналық өнері мен ғұмырында толықтырған, айнымастай серік болған қазақ сахнасының жұлдызды жұбының өмірінің өнерімен тонның ішкі бауындай астасып жатуынан керемет ұқсастықты көреміз.

Ыдырыс пен Фариданы жақындастырған, өзара ұғыстырып, өмірлік жар болардай берік байланыстырған қасиетті сахна, онда бірге ойнаған тамаша рольдері болатын. Ш.Айтматовтың замандастар бейнесін сахнаға алып шығып осы кейіпкерлердің тереңнен толқып буырқанған ыстық сезімі мен ауызынан шығар шынайы асыл сөздерінен өмір сүруге құштар рухы күшті аға ұрпақтың шынайы келбетін көреміз. Жазушының «Жәмилә» повесі бойынша сахналық үлгісі жасалған «Аңсаған менің әнімсің» спектакліндегі Данияр мен Жәмилә арасындағы ыстық сезім шынайы өмірде де сондай бір сәттерді бастан кешуге алып келген секілді. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай «Данияр – Ыдырыс, Фарида Шәріпова – Жәмилә боп үзіле өнер толғағанда, өмірде екеуінің ерлі-зайыпты атанып, өнегелі отбасыға айналып, перзент сүюлеріне себеп болған осы жоғарыда айтылған екі кейіпкер ме екен деген ойға келтетініміз де рас» (Ә.Сығай. Сахна саңлақтары. Алматы: «Жалын», 1998. 186 б.)- деген пікір айтқан екен. Бұп тұспалдауды актердің жары Ф.Шәріпова төмендегіше жалғастырады «Ш.Айтматовпен біздің өміріміз тығыз байланысты. Өйткені 1962 жылы «Жәмиләні» ойнап жүргенімізде - біздің босқындап, қашып-қаңғып жүрген кезімізде Жәмилә бізді табыстырды. Мәңгі айырылмастай достастық» . (Ф.Шәріпова. Біз екеу едік. //Қазақ әдебиеті. 7 наурыз, 1995 жыл.) - дейді. Осы екі талантты өнерпаздың ортасынан өрбіген бүгінде Ноғайбаев-Шәріпова шаңырағының түтінін түтетуші ұлдары – Шыңғыс Ыдырысұлы да белгілі, суретші, Мәскеудің Суриков атындағы Көркемсурет академиясын «Декоративті бейнелеу өнері» факультетін аяқтап осы оқу орнында оқытушы. Алматы, Мәскеу т.б. қалаларда белгілі режиссерлердің бірнеше театр қойылымдарының сырт келбеті - декорациялық үлгісін жасап театр мамандары арасында танылған жан.

Қазақ КСР халық артисі (1966), КСРО Халық артисі (1982), КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының екі мәрте иегері (1974 ж. «Қан мен тер» спектаклінде Қален және 1980 ж. Нан дәмі» кинофиліміндегі Кемелов рөлі үшін) тағы басқа көптеген атақтар мен марапаттардың иегері Ыдырыс Ноғайбаев есімі қазақ халқының сахна өнерінің тұтастай бір кезеңін толық қамтитын шығармашылық ғұмыр. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ сахнасының рампасына шығып шығармашылық жолын бастаған талантты театр және кино актерінің шынайы келбетін біз ұлттық сахна мен кино өнерінің көтерілген көркемдік белестерімен, іргелі жетістіктерімен тікелей байланыстырамыз. Талантты актер шығармашылығы осы кезеңнің елеулі сахналық қойылымдары болып тұтастай ұлттың рухани қоржынына олжа салған елеулі қойылымдарға қатысуы арқылы ашылды. Жәй қатысып қоймай өзінің таланты мен тынымсыз еңбегінің арқасында халқының жадында қаларлықтай өлмес образдарымен артына мол мәдени мұра тастады. Ұлт театрының өткен ғасыдағы орындаушылық өнері, тарихы, теориясы және практикасы Ыдырыс Ноғайбаев сынды сахна саңлақтарының шығармашылығы мысалында байланыстыра қарастырылуы арқылы бұл тақырып қазақ сахна өнеріндегі актерлік шеберліктің мәселелерімен айналысатын мамандарының арнайы зерттеу объектісі болмақ. Театр сыншысы Б.Құндақбайұлы актер шығармашылығы жайлы мақаласында «...ол рөл ойнаған қойылымдардың бәрі де театрдың кезеңдік табысы, тарихқа алтын әріппен жазылған көркем дүниелер. Оның өнердегі жолын тұтас қарастыру – қазақ сахнасы мен киноөнерінің белгілі бір даму кезеңін үзбей зерттеу болып табылады. Демек, оның шығармашылық қызметі, ұлттық театрымыздың кезеңдік даму белестерімен және актерлік өнеріміздің жаңа дәуірдегі даму-қалыптасуымен тығыз байланысты» (Ыдырыс Ноғайбаев. Фотоальбом. Алматы: «Өнер», 2009. 17 б.) -деген еді.

Айтса айтқандай, қазақ сахнасының марғасқасы, орта буын таланттар шоғырының бел ортасынан ойып тұрып алар өзіндік орны бар өнерпаз, туылғанына биыл 85 жыл толған актер Ыдырыс Ноғайбаев өнері ұлт театры тарихымен ұштасқан қазақ өнерінің жарқын белесі. Олай болса ол өнер келер ұрпақ есінде жатталынып мәңгіге қалуы, ол сомдаған ұмытылмас бейнелер тізбегі жас өнерпаздарымыз үшін тәлім-тәрбие мектебіне айналуы да бұлжымастай заңдылық деп білеміз.