Орындаушылық өнерге арналған «Откровение» халықаралық театрлар фестиваліне Б.Омаров атындағы «Жас сахна» театры режиссер Барзу Абдураззаковтың «Сыныптастар. Өмір сабағы» («Одноклассники. Уроки жизни») спектаклімен қатысты. Айгүл Сұлтанбекова жетекшілік еткен Бизнес театрда (БТ) алғаш рет көрерменге ұсынылған бұл қойылым Санкт-Петербург қаласында өткен «Аrt Окраина» фестивалінің гран-при жүлдесімен марапатталған болатын (2015 ж).
Тарихи шындық негізінде жазылған пьесаның авторы – Тадеуш Слободзянек. Ол өткен ғасырдың алғашқы ширегінен басталып, ұзақ жылдарға созылған поляктар мен еврейлердің арасындағы қақтығыстың жасөспірімдердің психологиясына тигізген теріс ықпалын ашып көрсетеді. Польшаның кішкентай қалашығында білім алып жатқан сыныптастардың өмірі, іс-әрекеті мен олардың қоршаған ортаға деген көзқарасы арқылы ұлтаралық тартыстың ақиқатын алдымызға жайып салды. Нәтижесінде қасірет арқалаған жылдардың келбетін көрсеткен біртұтас үйлесімді дүние шыққан. Өмір сабақтарынан тұратын көркем шығармада негізгі қақтығыс поляктар мен еврейлер арасында өрбиді. Сахна ашылған сәттен-ақ сыныптастардың балалық қиял, асқақ армандарын жарыса айтуы, алғашқы махаббат сезімдерінің оянуы олардың мектеп қабырғасындағы балғын шақтарынан байқатса, кейінгі ұлт ретінде өздерін танып, бөліне бастауы өзара алауыздық тудырып, бірін-бірі жек көруге дейін алып келген. Спектакльде кейіпкерлер тарапынан әрбір әрекетке баға беріліп, кезең-кезеңнен тұратын 14 сабаққа ұласады.
Актерлік ойынға басымдық берген Б.Абдураззаков роль орындаушылардың бойына кейіпкерлердің мінез-құлқын, болмыс-бітімін сіңіре білгендіктен көркемдік деңгейі жоғары спектакль шыққан. Қазіргі кезде көптеген театрлардың сахнасында қолданылмайтын (ойнамайтын), актерлік ойынмен байланыспайтын декорациялық құралдардың орын алуы өзекті мәселелердің біріне айналғаны рас. Ал, бұл спектакльде мұндай олқылық көрінбейді. Сахнада бос кеңістік қана. Сол ашық кеңістіктегі орындықтардың әрбір сабақ барысында шебер қолданылуы режиссердің сауатты трактовкасын байқатады. Б.Абдураззаковтың өзінің шешіміндегі сценография да, музыкамен әрлеуі де қойылымды жинақылыққа алып келген.
Алғашқы премьералық қойылымымен салыстырғанда фестиваль кезінде актерлер эмоцияға, ішкі толқуларға баса мән берді. Олар өздерінің кейіпкерлерінің психологиясын, ортасымен қарым-қатынасын жеке-жеке ашуға тырысып, дараландыруға ұмтылды.
Абрам (Мадияр Сарыбай) – сыныптастарының ішіндегі отбасылық бақытқа қол жеткізген жігіт. Бала кезіндегі махаббаты Рахелькаға сезімін білдіре алмағанынан оның мінезіндегі ұяңдықты, үнемі сыныптастарына хат жолдап тұруынан бойындағы бауырмалдықты, мейірімділікті көреміз. Өз өмірін сақтау үшін поляк жігіті Владыкка тұрмысқа шығып, шоқынуға мәжбүр болған еврей қызы Рахельканың жаны нәзік. Өзін өмір бойы жазықты санаған бойжеткеннің жайдары мінезі актриса Жанель Серғазинаның болмысымен үйлесе кеткен.
Ал, Дора – киноактриса болуды армандаған ару қыз. Ол Менахемге тұрмысқа шығып, бала сүйгенімен әйел бақытына жете алмады. Өз сыныптастарынан зорлық көрген кейіпкердің жан күйзелісін Мадина Құлсейітова нанымды жеткізген. Спектакльде актерлер арқылы баяндалып отыратын оқиғалар тізбегі кинолента тәрізді жылжып, көз алдымыздан шынайы өтіп отырады. М.Құлсейітованың ойынын мысал ретінде келтіре аламыз. Ол зорланған әйелдің басынан өткізген ауыртпалығын, психологиялық күйзелісін жерде жатып-ақ ашына шыққан даусымен нанымды орындайды.
Менахем (Бахтияр Байсерік) – «красавчик». Сыртқы дене бітімі ішкі дүниесімен сәйкес келмейтін ол, жанын сақтау үшін әйелі мен баласынан бас тартқан қорқақ жігіт ретінде көрінді. Поляк қызы Зоськаның қора-жайында тығылып отыруы оның бойындағы жауапкершілік сезімінің жоқ екенін дәлелдесе, осы қызды алдап кетуі оның екіжүзділігін аңғартады. Жалған айыппен өз жолдастарының қолынан қаза тапқан Якуб Кацтың (Ақжол Ерланұлы) «Мы же одноклассники» деген сөзінен пейілі кең, жүрегі таза азаматты көреміз. Үнемі сыныптастардың басын қосып, ортақ тіл табуға тырысуы оның тұлғасындағы қамқорлықты көрсетеді.
Еврейлерге қарсы әрекет жасаған поляк ұлтының өкілдері де сан қилы мінезге ие. Зоська (Ақниет Орынтай) ақ көңіл, бала мінезді ару болса, Владык (Мирас Исаев) – адамгершілігі мол, барлық жақсы қасиетті бойына жинаған аңғал жігіт. Сыныптастары үнемі күлкі ететін Рахельканы аман алып қалып, өзіне жар етуінен оның болмысындағы батылдықты байқау қиын емес. Айналасында болып жатқан саяси істерге баға бере білуі, кей сәттердегі өкініш сезімдері рухани қазынаны жоғары қойған азаматтың әрекетін аңғартады. Ал, Хенек (Нұрғиса Қуанышбайұлы), Рысек (Виталий Куприянов), Зигмунттардың (Вахид Изимов) мінездері, ұстанымдары жағынан бір-біріне ұқсас әрі олар ұлтжандылыққа тым бой алдырған. Олардың өне бойларында аяушылық сезімінің жоқтығын адамгершіліктен аттап кетіп, өз сыныптастарын өлтіруінен, бір партада отырған қызды зорлауынан аңғарамыз. Жалпы шиеленісе байланысқан оқиғалар барысында актерлер өзара көркемдік ансамбль қалыптастыра білді.
Қорыта айтсақ, спектакльде бір-біріне жат болып, жан-жаққа тарыдай шашыраған сыныптастардың өзіндік шындықтары бар. Жап-жас бозбала мен бойжеткендердің соншалықты пасық амалдар жасауына заман да, адам да, сол кезеңдегі саяси толқулар да кінәлі деген ой түйеміз. Ұжымдық жұмыстың нәтижесі қойылым соңындағы жиналған қауымның ыстық ықыластары мен жылы лебіздерінен көрініп тұрды. Өмірдің ауыр сынына ұшыраған тағдырластардың өмірі әркімге сабақ. Мұның осындай қиын кезең туа қалса біз қалай әрекет жасаймыз, адами қасиеттерді сақтай аламыз ба деген сұрақтарға жауап іздеген көрермендер үшін ой салатын, көркемдік деңгейі жоғары қойылым болғаны даусыз.