Мақала / #студентСөзі
Жастар театрының «Ревизоры» Гоголь тереңіне бойлай алды ма?
Нұрқанат Жақыпбай сахналаған «Ревизор» спектакліне студенттік көзқарас
Бөлім: Театр
Датасы: 27.04.2017
Авторы: Akmaral Nurlan
Мақала
Жастар театрының «Ревизоры» Гоголь тереңіне бойлай алды ма?
Нұрқанат Жақыпбай сахналаған «Ревизор» спектакліне студенттік көзқарас
Бөлім: Театр
Датасы: 27.04.2017
Авторы: Akmaral Nurlan
Жастар театрының «Ревизоры» Гоголь тереңіне бойлай алды ма?

Алматыға гастрольдік сапармен келген Астаналық «Жастар» театрының «Ревизор» спектаклін қоюшы режиссер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Қойылым алғашқы рет Алматыда дипломдың жұмыс ретінде сахналанған. Кейін Мәскеуде өткен халықаралық «Подиум» фестивалінің бірінші орнын иеленіп, Астанадағы жаңа театрдың ашылуына себеп болды. Бүгінде «Жастар» театрының репертуарында әлемдік және қазақ драматургтерінің де отыз шақты қойылымдары бар.

«Ревизор» - керемет идея мен түпкі ойдың әдемі үйлесімі. Бұл шығарманың ерекше формасы мен стилін де естен шығармау керек. Шығарманы қолына алған әр оқырманның бірінші байқайтын өзгешелігі – жағымды кейіпкерлердің жоқтығы. Дегенмен, жалғасып келе жатқан оқырмандар буынына ол кейіпкерлер ұнайды.

Театрда қойылған әрбір әдеби шығарма – біріншіден, сахналанбай тұрып, актерлік труппа, режиссердің дайындығымен автор шығармасын оқып, түсінуі. Астаналық «Ревизорды» - Гоголь шығармасының толық көшірмесі деп айтуға болмайды. Н. В. Гогольдің маңына да жақындамаған.

Қойылымдағы актерлік ойын көрерменді бірден қызықтырып ала кетеді. Ол театрдың екі жарық жұлдызы – Городничий рөліндегі Әділ Ахметов пен Хлестаков рөліндегі Дәурен Серғазинге ғана емес, жалпы актерлік құрамға байланысты.

Сквозник-Дмухановский рөліндегі Әділ Ахметов – пьесадағы кейіпкерінің жасынан әлдеқайда жас болғанымен, дауыс тембрі мен қойылған демнің арқасында, кейіпкерінің басты рөлдер қатарында бекер жүрмегенін дәлелдеді. Городничий – актер үшін мінезі мен эмоциясының қарама-қайшылығымен сомдауға қызықты да, қиын келеді. Әсіресе 19 ғасырдағы күнәһар атқамінердің сезімін жеткізу – әр актер үшін аса ауыр жұмыстардың бірі. Осы қойылымдағы кемшіліктердің бірі – Городничийдің бірінші бөлімде толыққанды кейіпкер ретінде көрініп, соңына таман мінезін жоғалтып, көзге түспей кетуі болды. Сквозник-Дмухановский – аяушылық пен күлкіні бірдей тудыра алған кейіпкер. Бірақ тек бастапқы жарты сағат аясында.

Спектакльдің динамикасын керекті бағытта ұстап отырған актерлардың бірі – Дәурен Серғазин. Қарапайым, ақкөңіл, жеңілтек, абыржығыш мінезді, үрейлі және тынымсыз қимылдарымен көрермен есінде қалған кейіпкерді қорыққаннан ревизор ретінде санауға болатыны да күлкілі. Қойылымның көп бөлігі бұл интерпретацияда Хлестаковтың үлесіне келді.

Городничий мен Хлестаков Нұрқанат Жақыпбайдың «Ревизорында» мінездерімен бір-біріне кереғар келеді. Бірақ сәл үңіліп, мұқият қарағанда екі кейіпкердің сезімдері ұқсас екенін байқауға болады. Дәурен Серғазин Хлестаковты - ісінің дұрыс емес, әрі қауіпті екенін түсініп, тоқтай алмайтын ерке бала ретінде көрсетті. Ол жартылай бүгілген аяқпен сахнада әрдайым абыл-сабыл қозғалып жүріп, мақтанады, көрерменді сөз арасындағы жаңылыстарымен күлдіреді. Серғазин сомдаған Хлестаков балаша ештеңеден қорықпайды, жағдайға байланысты сәт сайын өзгеріп отырады. Ойнап жүрген клоунадасына қарамастан, шиеленістің жақындап келе жатқанын сезетіні көрінеді.

Гоголь Хлестаков рөлін сомдайтын болашақ әртістерге: «Актер неғұрлым қарапайым, ақкөңіл болуға тырысса, образ соғұрлым ұтымды шығады», - деген.

Өкінішке орай Жастар театрының «Ревизоры» мектептегі әдебиет мұғалімдерінің оң көзіне түсуі екі талай. Ал университет филологтарының тіпті скепсисін туғызуы мүмкін. Кейіпкерлердің спектакльдегі кейбір «ыңғайсыз» әрекеттеріне байланысты, көрермендердің жасына қарай белгілі бір шектеулер қою керек секілді. Жастарға, бәлкім, қызық болуы мүмкін. Бірақ орта және аға буындағы көрермендерді бір уақытта ұялтып, ашулы етеді.

Көптеген классикалық пьесалар секілді Гогольдің «Ревизоры» да көп қабатты шығарма. Түсінбеушіліктен туындаған қызық оқиға – тек бірінші қабат. Оның артында бізді күтіп отырған нағыз «Ревизор» мен нағыз соттың барын аңдап алу керек. Владимир Набоковтың айтуынша: «Пьеса көз шағылыстыратын найзағай жарқылынан басталып, күннің күркіреген дыбысымен аяқталады. Шынын айтқанда, шығарма жарқыл мен гүрілдің шиеленіскен сәтіне толықтай сыяды». Нұрқанат Жақыпбайдың қойылымынан Гогольдің мистикалық құпия астарын күтпей-ақ қоюға болады. Режиссер өз шығармашылық нақышында, сапалы түрде бәрімізге таныс сюжетті барынша қызықты, заманға сай талаппен ойнатып, шығарманың бірінші қабатын ашып берді. Қойылым динамикасы алғашқы он минуттан кейін қарқынды өсіп, финалға дейін атмосфера тек шиеленісе түседі. Режиссер пьесаның онсыз да ауыр мәтінін түрлі актерлік әдістермен қиындатпай, көрерменді «тәрбиелеуден» алшақтайды. Шығарма комедиялық жанр аясында қалып, актерлік ойын барынша жеңіл және көңілді болып, қойылымның соңына дейін сақталды.

Ақыл айту керек болса, көрерменді қызықтыра сөйлеген дұрыс. Актерлік труппаның көмегімен режиссер сәтті қойылымға қол жеткізді. Көпшілік сахналарда хореографиялық қойылымдар мен көп дауысты хор басымдылық тапқан спектакльдің негізгі бағытын ұстап тұрушы - актерлік труппаның жас буыны. Коррекатураға ұшыраған Гогольдің пьесасына қазақ және орыс әндерінің көптеп қосылғанынан, «Жастардың» стиліне жақын «мюзикл» жанрына да ұқсас келеді.

Пара беру сахнасы кейіпкерлердің кішігірім бенефисіне ұқсас. Режиссерлік көзқарас пен уақыт шектемесіне байланысты, қазіргі заман көрерменін барынша қызықтырып ұстау үшін, Коробкин, Растаковский, Держиморда секілді кейіпкерлер қысқарып кетті. Жоғарыда айтылып кеткен әртістермен бірге Бобчинский мен Добчинский секілді кейіпкерлерді гротесктік, мысқылшыл образда көрсете білген актерлерді, кішкентай қалашыққа сай декорациялар мен кейіпкерлердің ақымақтығын тек баса көрсеткен қисынсыз костюмдерді де жақсы жағынан атап өту керек.